«ПЕРІШТЕ» ДОСЫМНЫҢ ҚУЛЫҒЫ | Print |
15.08.2019 10:00

Сабырханмен бала кезден доспыз. Мектепте бірге оқыдық. Соңғы қырық жылдың ішінде аралас-құраласып тұрамыз.­ Дос болғанда ерекше. Аңғал, аққөңіл. Өмірі біреуге түсін суытып көрген емес. Ашулануды білмейді. Ал ашуланса, сәл-пәл күңкілдеп, тоңқылдағаннан  ары  аса  қоймайды. Сосын­ сол заматта ұмытып кетеді. Кімге қалай, мен оны өзім «Періште» деймін. Бала болып туып, бала болып қалған секілді. Сенгіштігі сондай, «мұз жанып, өгіз бұзаулап жатыр» десе де сенеді. Ештеңе­ге күйіп-пісіп, уайымға бас қатырмайды.

Сол бойы туып, сол бойы өтпелі өмірі бір орнында тоқтап қал­ғандай елестейді маған. Жетпісті желкелеп жатса да шашы сол күйі көмірдей қап-қара. Алдыр-салдыр әңгімесі. Жұртпен тіл тапқыш. Жатырқамайды ешкімді, шүйіркелесе кетеді. Сонан болуы керек, қалаға келгенде автобуста жанындағы адаммен абыр-дабыр болып отырып, баратын жерінен талай өтіп те кететін. Сосын қайтадан көлікке кері мініп жүргені. Жиырмасыншы ғасырдың  Қожанасыры осы Сабырхан досым менің. Сол Қожанасырлығы бірақ өзіне жарасып тұрады...

Мен қалада, ол ауылда. Апта сайын желпілдеп жетіп кеп тұрады. Ол кіргеннен ауылдың бес жастағы барлық баласы­ үйге лап қойып кіріп келгендей. Риясыз­ күлкі жүзінде. Ананы айтып тұрып, мына­ған кетеді. Сол періште кейпі... Бір қызығы, қалтасында телефон жүрсе де оны пайдаланбайды. Кейде үйде болмай қаласың. «Әуре болам-ау, білейін­ші звандап» демейді. Жоқсың ба, «жоқ екен ғой» деп кете береді. Өкпе, реніш деген онда болған емес. Маржандай тісін көрсетіп күлгенде, әлем түрленіп кеткендей. Мына безбүйрек заманда, біреулер тірлік үшін от болып жанып, күйіп жатқанда да ол сол баяғы  күлкісі. Төрт құбыласы түгел адамдар досыма қарап, «осы неге жетісіп күле­ді?» дейтін де шығар. Бірақ мен оның сәби болып туып, сәби болып қалған бала жүрегіне қызығам және тәнті болам.­.. Досым ұстаз болған. Осы болмысы ма, жаратылыс мінезі ме, оған да ешкім ренжімейтін шығар, сірә?! Айт­пақш­ы, оның шәкірттері көп. Оқытқан оқушылары оны  ұмытқан  емес. Ерекше  сыйлайды. Алыс аймақтағылары ең бірінші Сабырх­ан ағайын аңсап іздеп келеді. Ешкімге  қиянаты  жоқ, пенде­ліктен  ада жанға  қайран қаласың...

Жуырда бір отырыста отыр едім. Дас­тарқан үстінде бір жігіт өзінің Иіркөлден екендігін айтты. Әңгіме барысында:­

- Менің сол жақта Сабырхан деген досым бар, білетін шығарсың, бірге оқыдым, бала кезден, - дедім.

- Аға, біздің жақта үш Сабырхан бар. Қайсысы екенін қайдам? Өзіңіз қатарлы бір қария Сабырхан бар. Оны «Қу Сабырхан» дейміз, - деді.

Біреу төбемнен мұздай суды құйып жібергендей шошып кеттім. «Қу Сабырханы» несі?!

- Жоқ, ол мүмкін емес. Басқа Сабырхан шығар? - дедім жұлып алғандай.

Сенер емеспін. Менің «Періштем» ондай емес деймін ішімнен. Бірақ ол Сабырханның әйелі мен бала-шағасының аттарын алақанға салғандай тізіп берді. Сенбесем де, «бұл ат оған қайдан жабысып жүр?» дедім. «Ойпырмай, адам аласы ішінде» дегенге ойым ауысып, ішім удай ашып қынжылып отырмын.

- Аға, ол былай болған-тын. Досыңыз ол кезде мектепте. Әне-міне зейнетке шығам деп жүрген кезі. Ауылда жаздың күйіп тұрған тақырыбы бірінші шөп мәселесі ғой. Сондай қарбаласта Сабырхан ақсақал да шөп орып, оны баулап, бір жерге суындап қояды. Бірақ алып кетерге көліктің реті келмей салыс­ы суға кетіп жүрген. Ауық-ауық торуы­лдайды мотоциклімен. Бірде барса­, шөп жоқ. Ақыл-тұқыл біреу тиеп кетіпті. Ала жаздайғы еңбегі сөйтіп ұшты-күйлі, жел көтеріп кеткендей. Кезінде аңшы болған ғой Сәкең. Ізшіл­дігі бар. Көліктің ізін аңдап, дөңгелек­тің таңбасына зер сап бағыт-бағдарын қарап дегендей біраз жүріпті. Сөйтіп із ауыл шетіндегі жеке көлігі бар біреудің қорасына алып келеді. Олай қарайды, бұлай қарайды, шөптің пошымы өзіні­кіне келеді. Бірақ  басып қойған мөрі бар ма шөпке? Дәлелдей ала ма? Сонымен іс бітті. Сол жылы ол малына шөпті сатып­  алып, ілдалдап  қыстан  шықты.

Келесі жылы сол жерден шөпті тағы орды. Жинап қойды. Бұл жолы әдейі алып кетпей кешіктірді. «Дәніккеннен құныққан жаман» деп шөп тағы қолды болды бір күні. Із тағы сол ауыл шетіндегі былтырғы ауылдасының қорасына алып келді, жаңа ғана жиналған шөп қораның төбесінде тұрды.

- Пәленшеке, мына шөп менің «Қызылөзектің» түбегінде дайындап қойған  шөбіме  ұқсайды, - дейді  күміл­жіп.

Қарқылдап күлген ауылдасы:

- Бұл ауылда сен ғана «Қызылөзектен» шөп орып жүрсің бе? - деп мыс­қылдап, тағы да басқа ащы сөздермен түйреп, Сәкеңнің аузын аштырмай тастайды.­

Сәкең басы салбырап бұрылып кете береді де ауылдың аузы дуалы, бұрын ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқарған, тағы басқа да атқаміне­р болған­ екі-үш ақсақалға барады­. Сірә, олармен бұрын сөйле­сіп ескертіп қойған­ ба, ақсақалдар тез жиналып келсе­, ана жігіт шөптерін жинап қорасын­ың қасында жүр екен. Аман-саулық сұрасқаннан соң ақсақалдар:

- Әй, пәленше, мынау өзіңнің биыл орып, жинаған  шөбің  бе?

- Иә.

- Олай болса, үш-төрт бауын мында тасташы көрейік, - дейді.

Ойында ештеңе жоқ, әлгі жігіт ақсақалда­рға мысқыл күлкімен қарап қорасының төбесінен төрт-бес бауды «мә, керек болса» деп лақтырып тас­тайды.  Ақсақалдар  бірден қолдарын бау шөптің  арасына салады. Әр баудың ішінен «Сабырхан» деп жазылған бір жапырақ  қағаз  шыққанда  ауылдас  жігіт боп-боз болып мелшиіп тұрып қалады. Жігіт сол күні кешке шөпті түгелімен Сәкеңнің үйіне апарып береді. Өзі де көп ұзамай, жарты жылға жеткен жоқ, басқа жаққа көшіп кетті.

Сабырхан ақсақалға «қу» деген сөздің жабысып жүргені содан кейін, - деп жігіт әңгімесін аяқтады.

Досыма «қу» деген ұнамсыз атты ауылдастары жақсы мағынада айтқан екен ғой деп түйдім. «Періште» досыма риза болдым. Осындай әңгіме естіп едім деп айтқан да жоқпын.

 

С.ЕСМАХАНҰЛЫ