СУЫНҒАН ЖҮРЕК | Print |
12.09.2019 11:20

Әйелдер арасында жұмыс істеу де қиын. Олардың жүрген жері – әңгіме. Кімнің басы бос, кімнің күйеуі бар, кім ажырас­қан, әріптестердің арасындағы осындай пыш-пыш әңгімеден бәрін білуге болады. Десе де, ұжымда Сайраның болмысы бөлек. Бәрінің көңілін табуға тырысады. Жақсы қарым-қатынаста болғанды қалайды. Өзінің мінезі ашық. Қашан көрсең де жайдары жүреді. Оны уайым-қайғысы жоқ жан деп ойлайтын едім. Сөйтсем, қателесіппін...

Бірде ұжымда мерекелік басқосу болды. Кеш өте қызықты өтті. Қыздар да, жігіттер де әдемі әзілімен көңілімізді көтеріп тастад­ы. Отырыс біткен соң, Сайрамен бірге үйге қайттым. Ол жолда келе жатып, менімен сырласты. Ішінде айтылмай жүрген шерін тарқатты.

- Жастайымнан биді жақсы көрдім. Мектепте де, жоғары оқу орнында да би алаңының ортасын бермедім. Әсіресе, үнді биін қатты ұнаттым. Жан-тәніммен дайындалатынмын. Біз университетте оқып жүргенде ауылдың шаруа­шылығына көмектестік. Күріш алқабына жиі баратынбыз. Бірде асарға барғанда ауылдың жігіті алып қашты. Өзі керім екен. Ұзын бойлы, келбеті келіс­ті-ақ. Бірақ қалада болғым келе­тін. Менің ауылда қалатыным жаныма  қатты батты. Ал күйеуім­ жаман адам емес. Қолынан бәрі келеді. Мені өзінің шынайы сезімі­мен баурап алды.

Бірінен соң бірі төрт ұлды дүниеге әкелдім. Ата-енем де мені жақсы көрді. Аяғы құтты келін деп төбелеріне көтерді. Мен бақытты едім. Ұлдарым өсті. Оқуларын бітірді. Екі келін түсірдім. Ал ата-енем мәңгілік мекендеріне  аттанды. Қырықтан асып, керімсал шаққа да жеттік. Уақыт шіркін өз ағысымен өтсе, өмірге өкпелеймін бе? Тату-тәтті отбасымыздың шыр­қы  аяқ астынан бұзылды. Алақандай ауылда күйеуімнің жесір келіншекпен әуейі болып жүр­генін естідім. Төрт баланың әкесіне сезімімді суытқан әйел атағы әйгілі келіншек болатын. Талай мәрте қайынағалары келіп, таяқ­қа жыққан көрінеді. Бірақ ол  ерсі қылығын тыймады. Күйеуімді құрығына түсіргенде ішімді жалын шарпыды. Адуындылығыма салып, ерімнің жағасына жармасатын болдым. Бізді балаларымыз арашалап алатын. Ал келіндерім күйеуім екеумізге тосыр­қап қарайтын. Абыройы жоқ  арсызға  атын аяқ асты еткеніне  қаным қарайды. Ауыл адамдары  бір-біріне туыс. Күйеуім ол әйелге қайнаға болып келеді. Сорымды қайнатқан көңілдес күйеуімді тартып алды. Күнде ұрыс-керіс. Ақыры ажырастық. Махаббат хикаясының кейіпкері болған күйеуім мен көңілдесі ауылдан көшіп кетті. Жасқа тұншығып мен қала бердім. Одан артық арқасүйер адам таппадым. Елден именіп, көшеге шықпайтын болдым. Күйігімді арақпен бастым. Бірте-бірте арақсыз тұра алмайтын халге жеттім. Ішетін құрбылар да табыла кетті. Күнде думан, күнде той болып жылдарым  жылжып  жатты. Мен арақтың шырмауына оратылып бара жаттым. Осылай жалғаса берер ме еді? Үлкен әпкем келіп  есімді жидым.

«Күйеуі тастаған жалғыз сен бе? Бай керек қылмаса, балаларыңа қажетсің. Ұлдарыңды аямайсың ба? Әйелдерінен ұялып, жерге кіріп жүр. Өзіңе кел!» - деп әбден ақылын айтты. Ол ауылда жүріп арақтан ажырамайтынымды ұқтым. Әпкем үйді сатып, қалаға көшіріп алды. Мені емдетіп, адам қатарына қосты. Жұмысқа орналастырды. Біртіндеп тұрмысымыз түзелді. Ұлдарым ақша таба бастады. Үшінші балам үйленді. Әкемізді шақырайық деп айтатын шығар ойладым. Бірақ балаларымның әкелерінен  көңілі қалса керек, ол туралы жақ ашпады. Келіндерім тәрбиелі, көргенді жандар болып жолықты. «Байдан бағымды  ашпаса да, бақты балаларымнан берді» деп тәубеме келдім. Бір күні күйеуімнің ғашығы қайтыс болғанын естідім. Инсульттен кеткен көрінеді. Жүрегім селт етпеді. Мені жылатқан жанның жазасын тартқанына да қуанбадым. Күйеуіме жаным ашыған да жоқ. Арада жыл өткенде жолдасым келді. Аяғыма жығылып, кешірім сұрады. Артынан ағайын-туыс келді. Бір қауым ел менің кешірімімді күтті. Үлкендердің қолқасынан аса алмай, амалсыз қабылдадым.

Бірақ суынған жүрек жылынбады. Оған жылы сөйлей алмадым. Қартайғанда түк болмағандай жүрген жолдасыма ұрысуға келіндерімнен ұяламын. Қайтып келген еркектің қадірі қалмайды екен. Жүрегіме қатқан мұз ақыры жібімеді. Балаларым   мен келіндерімнен ұялғанымнан оған үндемеймін. Қайтып қуып шығуға туыстарымнан бата алмаймын, - деп Сайра әңгімесін аяқтады.

Әр әйелдің бір сыры бар. Жасырған құпиясы қаншама?! Қайтып келген күйеуін кешіріп, бірақ өкпесі жазылмаған әріп­тесіме тек сабыр тіледім.

ҚАМАЖАЙ