ТЕҢІЗ ТАҒДЫРЫ | Print |
12.09.2019 11:25

Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсіздігіміздің көгілдір туын желбіретіп аттайт­ынымыз болмаса /көңілге медеу тұтарымыз тек осы ғана/, жетіскеніміз ша­малы.

Алдыңғы толқын – көш бастаушыларымыздың бұл ғасырдан кеткен үміттері ақталғ­ан жоқ. Армандары іштерінде кетті. Олардың баста­ған ісін жабық қоғамда жалғастырып тірлік кешкен біздер жаңа ғасырға эколо­гиялық ауыртпалығымызбен итініп-соғынып, азып-тозып, әрең дегенде жеткелі тұрмыз. Табиғат-анамыздың шашын жұлып, бетін тырнап, қойынын ашып, шалқар төсін қопарып, «қос анарынан» ақ бұлақтың орнына ыбылыстың әбден ластанып ылайланған зәр-заһар сарқындысын ағызып оны бір қойдық. Бұл қисынға сенбесеңіздер, облыс көлеміндегі кез келген сан­эпидстансаның лабораториясына барыңыздар да, көріңіз­дер. Сырдария суының құрамынан іздегендеріңізді қи­налмай-ақ табасыздар.

Енді осыған жер-жердегі топырақтың, кеңістіктегі ауаның ластануын қосыңыз. Сонда, Сыр бойын жайлаған апаттың түрлері де түрленіп көбейе береді. Мына, бір бүйіріміздегі Байқоңырдың  ұшыру  алаңдарының өзі-ақ талайымыздың тылсым көрімізді білдірмей қазып жатыр. Ғарыштың зымыра­н кемелері әр ұшқан сайын ауаға тарайтын гептил деген удың зәрі адамзаттың тұқым-тұқымына кететін көрі­неді. Демек, олай болса, есіңнен таңбаған нең қалды? Кейде кісәпір ой кимелейді: осы біздің облыста жүз процент дені сау адам бар ма екен... - деп үрейленесің.

Есімізден танғанымыз емей немене, Үкіметіңіз де, ұлтымыз да аналары мен балаларының денсаулығын қорғай алмай­ отырса? Есімізден танғанымыз емей немене, арамызда кәрі-жасымызды талғамай жалмап жатқан «аты жоқ» аурулар асқынып тұрса. Осындай қасіретті құбылыстардың алдында ғылым да, ғалым да дәрменсіз күй кешуде.

Енді Арал теңізінің сарқындысын «сақтап қаламыз» деп, «Кіші Арал жасай­мыз» деп жанталасып жатырмыз. Дұрысы, жанталасқан болып жатырмыз. Осындай ниетпен шала бүлініп қарбаласқанымызбен мандытқанымыз шамалы болып тұр. Істен сөз көп. Сөздің көп болатыны – бар мәселе қаржыға тірелген кезде, діңкеміз құрып, омалып отырып­ қаламыз. Егер қыруар қаржы тапсақ, баяғы Арал теңізін орнына келтіре­  алар ма едік?

Жоқ, енді кеш. Біз жиырма бірінші ғасырдың табалдырығынан «құрқол» аттаймыз. Бізде енді баяғы Арал теңізі болмайды, тек оның жартылай бір бөлігі ғана болады. Біз бүгінгі таңда баста­н кешіп отырған экологиялық дағдар­ыс бүкіл әлемдік қауымдастықтың көзін осыған анық-қанық жеткізді. Өйткені, осы күні Арал дағдарысына байланысты оқиғаларды барлап, бағ­дарлап отырсаңыз, теңізді құтқару турал­ы сөз саябырсыған. Тек Арал аймағы­ тұрғындарының денсаулығы мен тұрмысын күйттеу орайында ғана қам-қарекет басталды. Апатты аймаққа әзірше Өзбекстанның Қарақалпақ­станы мен Хорезм облысы, Түркіменстанның Ташауыз облысы мен біздің Сыр бойы кіреді. Апатты дағдарыстың ең қауіпті соққысы әсіресе осы өлкелерді  күйзелтуде.

Сөйтіп, ендігі тірлік – теңізді құт­қару емес, әуелі халықты тұрмыстық және экологиялық дағдарыстан қорғап қалу қарекетіне ойысқан. Бұл өзі келешекте қандай нәтиже бермек? Үміттің шырағы сөніп қалмай ма? Амалсыз не қилы ойға берілеміз. Арал аймағының тұрғындары күндердің күнінде ұрпа­ғының келешегі үшін жан-жаққа бытырап­, босып кетпес пе екен дегендей де күдік кимелейді. Себебі, осы күні бастан кешіп жатқан әр күніміз бір мінез шығаратын болды. Баяғыда «қарашаның  қары» деген болатын еді. Биылғы­ қарашада қардың иісін де сезгеніміз  жоқ. Өткен екі қыс қатарынан қарсыз  өтті. Жыл  он  екі ай шаң жұта­тын­ күйге жеттік. Осы өткен аптада күні бойы қатты дауыл тұрды. Сонда Қызыл­орданың орталық алаңына құм жауды. Бұл бізді қоршаған төңірегіміздің жалаңа­штанып жұтағанының тура мысал­ы емес пе? Осыдан жиырма бес жыл  бұрын қаланың орталық кіндігіне топырақ  жауғанды кім көріпті.

Осындай күдікпен бірге алаң-жарлы көңілде үміт те жоқ емес. Міне, бес-алты жыл болды, дербестік туын тіккен елімізге «өркениетті» дейтін елдерден «гуманитардық көмек» дейтіндердің үздік-создық болса да келіп жатқанына. Осы «көмектерден» алғашқыда бетіміздің оты шығып, жерге қараған кезіміз де болды. Мұхиттың арғы жағындағылар мен еуропалықтар бізді әбден сорлап қалған ел екен деп ойлаған­ болса керек, иі түскен кертақта киім­дерін, пәлен жыл тұрып қалған консервілерін және де өздері пайдаланбайтын дәрі-дәрмектерін үйіп-төкті. Кейін бұл тасқын бірте-бірте саябырсып, ақылға келе  бастадық.

Соның айқын мысалы: экологиялық дағдарыстан сақтанудың ғылыми негізде­ ойластырылған нақты іс-қимыл Бағдарламасының негізгі бағыттары жүйеленіп, белгіленбек. Бұл бағыт халықа­ралық деңгейде сарапталған. Айталық­, дағдарысқа ұшыраған Арал аймағы­н сауықтыруда Еуропалық Одаққа енген елдердің /ЕС/ халық­аралық ұйымдары бұл күнде өз қызметін бірнеше бағытта жалғастыруда. Біріншіден, дүниежүзілік қайта құру және даму Банкі су қорларын реттес­тіріп басқарудың аймақтық-стратегиялық жоспарын жүзеге асыруға қаржымен көмектеспек. Бұл жұмысқа 19 жоба енгізілген. Бұл жұмыстың бірінші кезеңі жүзеге асырылуда, яғни дайындық  қарекеті  жүруде. Содан  соң  екінші кезеңі – жобалау және оны орындау жалғасады. Соңғы үшіншісінде аймақтық-стратегиялық Бағдарлама толық орындалатын  болады.

Бүкіл дүниежүзілік Банк теңізді құтқарудың халықаралық қорымен /МФСА/ бірігіп, биыл аймақ тұрғындарының денсаулық, әлеуметтік қор­ғану және ауызсумен қамтамасыз ету проблемаларын шешу мақсатында 2 миллион  АҚШ  долларын бөлді.

Екінші бағыт – ПРООН жоспары. Бұған үш мемлекеттің – Қазақстан-ның, Өзбекстанның және Түрікменстанның үш ұлттық бағдарламасы (онда әр елдің негізгі ерекшеліктері мен жағдайы  ескерілген) енгізілген. Оны орындау­ үшін алдын ала көмек беру 1994 жылы басталды. Енді 4 жылға созылад­ы.

Үшінші бағыт – Еуропалық Одақ ВАРМАП-тың  «Су қорларын  және  ауыл шаруашылығы  өндірісін  басқару»­  жобасын жүзеге асыруға 6,5 миллион АҚШ долларын бөлді. Бұл бағдарламаның бірінші кезеңі 8 бағыттан тұрады, оған 21 жоба еніпті. Енді ВАРМАП Бағдарл­амасының 7 жобасын жүзеге асыру жұмыстары жүзеге асырыла бастады.­

Төртінші бағыт бойынша ЮНИСЕФ­ 1995 жылдың маусым айынан­ бастап АСПЕРА Бағдарламасын қаржыландыру. Бұл Бағдарлама денсаулықты сауықтыру және халыққа білім беру мәселелері бойынша Арал аймағының қазақстандық бөлігін қамтиды. Мұнда бірінші кезекте – аналар мен балаларды жұғымды тағамдармен қамтамасыз  ету  мәселесі  тұр.

Жоғарыда жеке-жеке аталған бағ­дарламалар Орталық Азиядағы республикалар мен Қазақстанның мемлекет­аралық  аймақтық  ұйымдарының өзара ынтымақтасқан  және  тығыз  байла­ныста бірлескен қызметтері арқылы орындалуы тиіс. Оған негіз де қалан­ған. Айталық, бұл бес елдің  басшылары  1993  жылдың қаңтарында Ташкентте, одан кейін сол жылы наурызда Қызыл­орда қаласында, содан соң 1994 жылы қаңтарда Нүкісте бас қосқан келісім­дерінде Арал аймағы мен Арал теңізі проблемаларын шешу жөніндегі концепциясының негізгі ережелерін мақұл­да­п, бекіткен болатын. Онда негізінен­ аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы қамтылған. Сонымен бірге Қазақстан мен Орталық Азия респуб­ликалары ғалымдарының Арал бассей­нін экологиялық тұрғыдан сауықтыру орайын­да бірлесіп жасаған Бағдарламасы Нүкіс конферециясында мақұлданған еді. Бағдарлама үш және бес жылда атқарылатын жұмыстарды қамтиды. Көршіміз және теңіздің тартылуына тікелей кінәлі Ресей аймақ тап болып отырған дағдарысты шешуге аталған республикалардағы тұрақты өкілдері арқылы  көмектеседі, - деген үміт бар.

Міне, жоғарыда айтылған осындай іс-қимылдың басында бірден-бір елдің айдыны айрықша жарқырап тұр. Ол – кәдімгі АҚШ. Бұл елді бізге баяғыда, мектепте «ата жауымыз» деп оқытып еді. Содан бері бұл елге деген көзқарасы­мыз қисық болатын. Енді бүгінде бұл елдің бізге көрсетіп жатқан көмегіне кейде «осының арғы жағында нендей құпия бар» деп те ойлаймыз. Онысын, яғни ішіне бүккендері болса, оны соңы­ра уақыт көрсете жатар. Ал дәл бүгінгі таңда бізге әлемдік қоғамдастықтың қол ұшын созғаны керегірек болып тұр ғой.

АҚШ-тың әлемдік қоғамдастық пен ықпалдастықтың басты ұйымдастырушысы екені айдай әлемге аян. Горбачевтің бұл елге барған бір сапарында, Ақ Үйдің алдында өткен митингіде Р.Рейганның: «АҚШ – бүкіл әлем» деп айтқаны сірә тегін болмады. Бұл елдің «АҚШ Үкіметінің Арал теңізі аймағындағы қызметі» деп аталатын арнайы жұмыс жоспары бар. Бұл Бағдарлама әр жылға жеке-жеке арналған. Айталық, Арал аймағының қазақстандық бөлігіне арналған іс-қимыл жоспарының өзі өткен 1995 жыл бойынш 5 бағыттан тұр­са, биылғысы 7 бағытқа орайласқан.

Оның бәрін жіктеп айтатын болсақ, әңгіме ұзарып кетеді. Сондықтан, АҚШ Үкіметінің көптеген «ұсақ-түйек» көмектерін ежіктеп жатпай-ақ бір ғана мысалмен шектелсек те болар. АҚШ Аралдың әбден ескіріп тозған Сарыбұлақ ауызсу құбырын қайтадан жөндеп жаңалауға ЮСАИД фирмасының мамандарын жіберді. Олар Қосамандағы №1, №11, №28 скважиналарды­ жаңартып, құбыр бойына хлоратор қондырғыларын қондырып берді. Және қажетті қосалқы бөлшектермен қарық қылды. Істерінің бәрі мүлтіксіз, тап-тұйнақтай. Біздегідей бүгін істеген ісінен ертеңіне ши шығып жатпайды. Анау Қосжардағы алпыс үй осы күні ауызсудан қақсып отыр. Оған Қосаманның суы Сарыбұлақ құбыры арқылы жеткізілмекші  еді. Су жинайтын қойма баяғыда салынып дайын тұрған. Құбырды қоймаға жалғап кеп қалғанда... сарқыраған балдай тәтті таза су ай далаға ақты да кетті. Қоймаға су тұрмайды – дұрыс бетондалмаған. Міне, біздің жете­сіз құрылысшылардың ісі! Кімнен көресіз? Тек бармақ тістеу... Ал, бұл кезде­  америкалықтар  Аралдан  кетіп те  қалған  еді.

Сонымен жоғарыда айтылған бағдарламалар бойынша «көзге көрін­бей­тін» жұмыстар баяу болса да, үздік-соз­дық дегендей, жүріп жатыр. Өкінішке қарай, жоспарланған жұмыстың біразы қағаздағы қалпында тұр. Мысалы, АСПЕР­А  Бағдарламасында көрсетілген көмек көлемінің жеткіліксіз екені енді  білінуде. Біздің Қазақстан тарапы­нан да шалалық пен ағаттық жетіп артылы­п жатыр. Оның қайсыбірін айтып­ тауысармыз. Қызылордаға шетелдіктердің ағылып келуінің кемі жоқ. Әр делегация келген сайын солардан көмек дәметіп жүрекжарды сөзін тол­ғағанда, облыс басшысы Бердібек Машбекұлының өзі де қып-қызыл болып толқып отырады. Мына жақта, біздер де (журналистер) қобалжып отырамыз. Қайтейік, жағдайымыз құлпырып тұр­са, жат жұртқа сауын айтар ма едік...

Иә, Арал аймағы әлемнің жанарында тұр. Теңізді адам алақанына сидыр­ған плакатты да көп жерлерден көріп жүрміз. Сол алақан әттең бүкіл әлемде­гі адамзат  алақаны  болар ма еді.

(Басы өткен санда. Жалғасы бар.)