ҚАЙСАР ТҰЛҒА (Тағдырға мойымаған тума талант Нұрмұхаммед Әбілқасымов ініме арнау) | Print |
07.11.2019 10:00

Бұл ақынды аңыз деп те айтарлық,

Жанында жоқ жабырқау мен жайбарлық.

Аңыз емес, бірақ бәрі ақиқат,

Бойында бар қажыр-қайрат, қайсарлық...

 

Тума талант таңылғанмен арбаға,

Отырмын-ау демейді ол арбада.

Сол ақынға серік болған – сенім мен

зейін, зерде, сезім, жігер, АР ғана...

 

Таяқшаны тістеп алып тісімен,

Өлең-жырлар өзенше ақты ішінен...

«Тағдырымның жанары» мен «Тасжарған»,

Келді өмірге таңғаларлық ісімен...

 

Жазды адамға жігер берер жырларды,

Махаббат пен нәзік сезім сырларды...

Көкжиектен көз тартатын керемет,

Қосты жырға көктемдегі қырларды...

 

Ақын ойын жырға қосып айта алды,

Мүгедектік мойытпады ҚАЙСАРДЫ.

Кейде мұңға бата қалса жыр жазып,

Қамығуды қайсарлықпен қайтарды.

 

Үлгі-өнеге боларлықтай басқаға,

Бұл ақынның қырлары көп басқа да...

Ойлы жырмен мүлгіп жатқан мәңгілік,

Тіл бітірер таулар менен тасқа да...

 

Ақындық – бұл басқа қонған таза БАҚ,

Таза бақты ұстап жүру – ғазабат.

Нұрмұхаммед – аңыз ақын ақиық,

Нағыз ақын, нағыз батыр, АЗАМАТ!

 

Егіздердің  өмірге  келгенін  естігенде

Сезем іштей СЕНІМ болды сенгенің,

Өлең-жырмен өз-өзіңді емдедің...

Қажыр-қайрат қайсарлықпен қосылып,

Сондықтан да болды бәрін жеңгенің.

 

Сезімің мен сеніміңді саралап,

Алла саған берген аса дара БАҚ...

Соған дәлел келді өмірге кішкентай,

Қос құлының Қалқаман мен Қарақат.

 

Өміріңнің балдан тәтті шырыны,

Ұрпағыңның ұзақ болғай ғұмыры!..

Болашақта бақытты боп білімді,

Бәрінен де биік болсын тұғыры!

Қазыбек  ӘШІРБЕКҰЛЫ