ӘР СӨЗДІҢ КИЕСІ мен ЖАУАПКЕРШІЛІГІ БАР | Print |
07.11.2019 11:50

- Райкүл Мәнсүрқызы, депутатты­қ қызмет Сізге таңсық­ емес. Бұл жолы қандай мақсат  қойдыңыз?

- Депутат – халық пен билік арасындағы көпір. Шыны керек, қазіргі күні шешіл­мей жатқан мәселелердің дені – биліктің құлағына жетпегендер. Жылына төрт сессия өтеді, сол кезде әр округтен сайланған депутаттар өздерінің ұсыныс, пікірлерін айтып, мәселесін көтеру керек. Аймақта жеке балабақшалар мәселесі дұрыс шешілмей тұрған тұста осы мәселені көтердім. Ашы­луында жүгі жеңіл болмаған балабақшалардың бүгінгі күні сапасына мән беретін кез келді. Сондықтан 2018 жыл­ғы сессияда сапалық қызмет көрсетулері төңірегінде мә­селе көтердік. Биылғы қоз­ғалған  мәселелер  де  реттеліп келеді.

Негізгі мақсатымыз да – халықтың мәселесін сессияғ­а шығарып, шешілуін қадағалау. Ағымдағы жылы өткізген сессияларда авто­мобиль жолдары туралы мәселені­ қарастырдық. Мәселен,­ Арал ауданына өткел мен көпір қажет екенін көтердік. Мен өзім білім саласы­ның қызметкері бол­ғандық­тан, көбіне білім, тәрбие мәселесіне назар аударғанды жөн көремін. Десек те, ел ішінде күрмеуі табылмай отырған кейбір мәселелерге келгенде біз біріккен күшке айналамыз. Алдағы  2020 жылы оқушылардың мектептен тыс тәрбие жұмысының ұйымдас­тырылуы мен мектептен тыс меке­ме­лердің халыққа қызмет көрсетуін мәселе­  етіп көтеру  ойымда бар.

- Бұған  дейін  депутаттыққа  сайлан­ған округіңізде Сіздің араласуыңызбен шешілге­н  мәселелерді  атап  өтесіз  бе?

- Жоғарыда айтып өткенімдей, білім саласының маманы болған соң, мен сайланған округімдегі мәселені ғана айтпаймын, облыстағы білім төңірегін­дегі жайттарды да қадағалап отырамын. Бұған дейін Қызылорда қаласынан 4 рет депутаттыққа түстім. Сол кезде жедел жәрдем станциясының базалық жағ­дайын жақсартып, жаңарту керектігін көтергенім есімде. Уақыт өте келе мәселе­ шешімін тапты, қазір жедел жәрдем орталығы үлкен ғимаратта жұмыс істеп тұр. Ал қызмет көрсету көлігі 10 мың адамға бір көлік болу керек­. Бүгінде Қызылорда қаласы медици­налық жедел көмек көрсету талапта­рына толықтай жауап береді. Екіншісі – халықтың  көп шоғырланған­ жерлеріне  бейнебақылау  орнату мәселесі. Қазір балабақша, мектептерде, көпқабатты үйлердің кіреберісіне де бақылау  орнатылған.

- Сайлауалды бағдарламаңызда халық­тың  осал  топтарына  қолдау біл­діру туралы айтыпсыз. Қай тұрғыдан ықпал  етіп  жүрсіз?

- Реті келгенде айта кетейін, бізден көмек сұрап келетіндер көп. Дені – әлеу­меттік аз қамтылған отбасылар. Бізге ешкім қуанышын бөлісуге келмейді. Көмек сұрайды. Қолдан келгенше тырысамыз. Ал көпбалалы әйелдердің мәселесіне араластым деп айта алмаймын. Дегенмен, әйелдер кеңесі­нің  мүшесімін, «Nur Otan» партия­сында жұмыссыздықпен күресу комиссиясының төрайымымын. Сол тараптан келгенде аудандарға барып, жұмыссыз әйелдерге шағын және орта бизнес бастауға үндеуге арналған жиындар өткіземіз. Мақсатымыз – ауылдық жерлердегі әлжуаз топтарға көмек көрсету. Одан бөлек соңғы 3 жылда облыстағы 269 күміс және алтын алқалы анаға Түлкібас ауданындағы (Түркістан облысы) шипажайға жолдам­а бердік. Одан кейін кешегі қазан айындағы сессияда денсаулы­ғында  кінәраты бар балалар мәселесі сөз болды. 2002 жылы мүгедек бала­ларды  әлеуметтік, медициналық қолдау туралы­ Заң шықты. Бірақ, алғаш­қы 3 жыл ішінде ғана жақсы қозғалыс болды.­ Сөйтіп, Қызылордада есту, көру қабілеті төмен балалар үшін арнайы орталық­ пен педагогикалық-медициналық консультациялық орталық ашылды. Осыдан кейін алға жылжушылық болмай қалды бұл салада. Есесіне, нау­қас балалар саны артып, мәселе күр­деленуде. Демек, билік өкілі ретінде шешілме­ген мәселелерді реттеуге атсалысуы­мыз   керек.

- Сайлау  округіңізде  шешілмей  тұрған, халық үшін өте өзекті деп қандай мәселені  айтар  едіңіз?

- Жалағаш ауданында шешілмей тұрған мәселелер осыдан біраз жыл бұрын бар болатын. Қазір үш ауысымдық мектептер жоқ, халықтың дені ауыл шаруашылығы бағытындағы жұмыс­тармен айналысады. Ауылдық округ­тер­ден жеке балабақшалар салынып, Шәменов ауылындағы апатты жағ­дай­дағы мектептің құрылысы басталды. Ендігі мәселе балалардың типтік түрдегі  демалыс орны ұйымдастырылса деген ой бар.

- Тұрғындармен  кездестіңіз  бе? Талап­-тілектері  қандай?

- Тұрғындармен кездесетін кестеміз бар. Бір айта кетерлігі, жұрт көбіне өздерінің жеке мәселелерін айтып келе­ді. Басымдық жұмыссыздық мәселесіне­ беріледі. Айтпақшы, Жалағаш ауданында типтік жобада салынған жас­өспірімдер спорт мектебі жоқ. Биыл жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлінді. 2020 жылы бұл мәселе де күрмеуін тапқалы тұр. Бұл – бір. Екінші мәселе, аудандағы кәсіптік колледждің асханасы мен спорт кешені жекемен­шікке беріліп кеткен. Соларды колледж меншігіне қайтару жөнінде ұсыныс бар. Осы мәселені шешу керек. Ал әзірге, Жалағаш ауданында «мынадай жоқ» деп айтатындай проблема жоқтың  қасы.

- Сіздің кәсіподақ комитетіндегі белсенді жұмысыңызға жұрт риза. Біздегі еңбек заңдылығының сақталуына көңіліңіз тола ма? Жалпы, ұстаздардың 2020 жылға жарияланып жатқан ерік­тілер қатарына қосылуына қалай қарайсыз?

- Білім саласы бойынша ең күрделі мәселеге айналып отырған ол – еңбек шарттарының толық орындалмауы. Сол үшін де еңбек инспекциясымен бір­лесе отырып, сала мамандарына семинар өткіземіз. Сондықтан өрескел бұзылып жатқан қателіктер жоқ. Бірақ, мектептердегі оқу жүктемесінде кемшіліктер бар.

Үкімет мұғалім мәртебесін көтеру, ұстаздардың еңбегін бағалау туралы шешім қабылдауы керек дегенімізбен, ең бірінші өзіміз оларды сыйлауды үйренгеніміз абзал. Ал ерікті-ұстаздар туралы айтар болсақ, оның толық ережесі­ әлі шыққан жоқ. Қалай, қандай мақсатта пайдаланады, ол әлі де бел­гі­сіз. Бұл сауалды мен де ойланып жүр­мін. Ұстаздарды еріктілер қатарына қабылдап, қандай бағыттағы жұмыс­тарды тапсырады екен деген ой бар бәрімізде де. Менің ойымша, саяси және әлеуметтік мәселелер бағытында еріктілер қатарына енгізуі мүмкін. Мәселен, соңғы уақыттарда халықтың беймаздығы артып кетті. Әсіресе атаулы әлеуметтік көмек алуда көпбалалы аналардың мәселесін оңтайландыру өте күрделі болды. Осындай жағдайды қалыпқа келтіру үшін ұстаздардың қызмет­іне  жүгінуі мүмкін.

- Сайлауалды бағдарламаңызда көрсеткен жоспарды толығымен орындайсыз  ба?

- Халықтың алдында айтқан әр сөздің киесі мен жауапкершілігі бар. Оны бақылап отырған да – сол халықтың өзі. Сондықтан сайлауалды бағ­дарламамызға қолымнан келетін, іске асыруға мүмкіндігіміз бар бағыттарды қамтыдық. Әлгінде біздің облыста үш ауысымдық және апатты жағдайдағы мектептердің жоқтығын айтып өттім. Республика бойынша жақсы көрсеткіш көрсетіп тұрмыз. Бірақ, біздің облысқа мәселесі толыққанды шешілген облыс деп, үкіметтен қаржы аз бөлінсе, қайта­д­ан үш ауысымдық оқуға мәжбүр болуы­мыз мүмкін. Мәселен, Белкөл кентінен келе жатқан тұстағы Бейбарыс сұлтан көшесіне бір мектеп салынады дегеніне 6 жылдан асып барады. Әлі де салынған жоқ. Сол секілді мәселелер әрқашан біздің назарымызда тұрады.

- Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан  Н.ҚАЗИ

 


 

Біздің  анықтама:

Байназарова Райкүл Мәнсүрқызы 1957 жылы 12 қыркүйекте туған. Қызылорда педагогикалық инсти­тутын, Алматы Заң академиясын бітірген. Математика пәнінің мұға­лімі, заңгер.

1979-1983 жылдары Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының студенттер кәсіп­одағы комитетінің төрайымы болған.

1983-1987 жылдары білім және ғылым мекемелері кәсіподағы облыстық­ комитетінің хатшысы болып­  сайланған.

1987-2013 жылдары білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің төрайымы.

2013 жылдан Қызылорда об­лыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы, білім және ғылым қызметкерлері  кәсіподағының  облыстық комитетінің төрайымы болып қызмет  атқарып  келеді.

2005 жылы Президенттік сай­лауда Н.Назарбаевтың кандида­турасын қолдау жөніндегі облыстық қоғамдық штабтың мүшесі болған.

«Ерен еңбегі үшін», Республика Конституциясының 10 жылдығына, ел Тәуелсіздігінің 15 жылдығына орай медальдар, ҚР Президентінің Құрмет грамотасын, ҚР Парламенті Мәжілісінің Алғыс хатын, 2018 жылы республикалық депутаттар бірлес­тігінің шешімімен «Үздік депутат – 2018» номинациясын иеленген. Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау  министрлігінің «Әлеу­мет­тік-еңбек  саласының  үздігі»  және «Қазақстан кәсіподақтарына сіңірген еңбегі үшін» төс­белгілері­мен, жалпы кәсіподақтар конфе­дерациясының  Құрмет грамотасы, ҚР Білім және ғылым министрінің Алғыс  хатымен  марапатталған.

ІІ, ІІІ, V, VІ шақырылымдарда облысты­қ  мәслихат  депутаты  болып­  сайланған. «Нұр Отан» партиясының  мүшесі.


 

 

Сайлауалды  бағдарламасы

- Аймақ жастарының кәсіптік білім алуына және шығармашылықтарын дамытуын­а қолдау көрсетіп, бұл бағытта аймақ, аудан көлемінде іске асыры­латын шараларға ықпал ету.

- Еңбек қатынастарын реттеу, жұмысшылар мен қызметкерлер үшін әлеуметт­ік кепілдіктерді қамтамасыз ету үшін іс-әрекеттерді және өзара түсіністікті  келістіруге  ықпал жасау.

- Облыста жұмысшыларды сақтандыру, кәсіби сырқаттар үшін өтемақы төлеу, емдеу профилактикалық бағытындағы тамақтандыру жұмыстарын дамыту.

- Тұрғындардың әлеуметтік осал топтарын қолдау. Халықтың жекелеген топтарыны­ң өмір сүру деңгейін жақсартуға қатер төндірген жағдайда оларды мемлекеттік қорғаудың  шараларына қол жеткізуіне ықпал ету.

- Ана мен бала денсаулығының қорғалуына, бұл мәселені реттейтін құқықтық бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуына  бақылау жасау.

- Аудан балаларын мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен, соның ішінде 1-3 жас аралығында  сәбилердің бөбекжайлармен  қамтылуын  жүзеге  асыруға атсалысу.

- Сырқат балаларға білім алуға мүмкіншілік беретін коррекциялық интернаттар­дың жүйесін кеңейтуге ықпал жасау.

- Жалағаш, Қармақшы аудандарында жедел жәрдем бригадаларын халық санына сәйкестендіруге ықпал жасау.

- Облыс әкімінің дағдарысқа іс-қимыл жоспарының сапалы жүзеге асырылуын­а, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының шеңберінде аудандағы «Алтын», «Күміс» алқа иелерінің кәсіп ашуына ықпал жасау.

- Аудан тұрғындары өмірінің қауіпсіздігі мақсатында, тәртіпсіздіктерді болдырма­у  үшін адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындарда бейне­бақылау камераларын  орнатуды, көшелердің жарықтандырылуының өз деңгейінд­е  жүзеге  асырылуына  ықпал  жасау.