ФИЛАРМОНИЯ – СЫР ЕЛІНІҢ ШАМШЫРАҒЫ | | Print | |
21.11.2019 10:00 |
БЕКЕЖАНОВТАН БАСТАЛҒАН Қызылорда облысында алғашқы ұжымдасып концерт қою жұмысы Сырдың ұлы перзенті, ақын, әншілігімен танылған Нартай Бекежановтан басталды. Нартай шығармашылығына үлкен шабыт берген 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі еді. Бұл өнер байқауында оның таланты жоғары бағаланып, талғампаз Мәскеу көрермендерінің ыстық ықыласы мен жылы лебізіне ие болды.
1938 жылы Қызылорда қаласында Шымкент облыстық драма театрының филиалы есебінде филармония ашылып, оның жанынан эстрадалық концерт бригадасын жасақтау Нартай Бекежановқа жүктеледі. Нартай облыс көлеміндегі ақын, жыршы, әнші, бишілерді жинап, есепке алып, сыннан өткен таланттыларын өз бригадасына қабылдайды. Кеңес Үкіметі тарағаннан кейін штат саны қысқарып, филармония ұжымдарының концерті тек облыс көлемінде ұйымдастырылды. Сонымен қатар, арнайы кестемен сырттан келетін ұжымдардың гастрольдері де азайды. Автокөліктердің, музыкалық, дыбыс күшейткіш аппаратураларының тозығы жетіп, есептен шығарыла бастады. Гастрольге шығу үшін автокөліктер жалға алынды. Соған қарамастан филармония өз жұмысын тоқтатпай жүргізе берді. Көптеген өнер майталмандарының қанатын қатайтып, тарихта қалуына ықпал еткен өнер ордасы 1972 жылы 16 қарашада Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің №253 бұйрығымен Қызылорда облыстық филармониясы болып өз жұмысын жүргізе бастады.
ӨНЕРГЕ ӨҢ БЕРГЕН Бастапқы кезде әртістерді іріктеп, қабылдау, репертуарын бекіту, қажетті музыкалық аспаптармен, гастрольге қажетті көлікпен қамтамасыз ету сияқты ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. 1975 жылдан бастап Алматы қаласындағы екі жылдық эстрада және цирк студиясының түлектерімен толықтырылады. Филармонияның материалдық-техникалық базасын қалыптастыру, әртістердің әлеуметтік мәселелерін шешу жұмыстары біртіндеп қолға алынып, жолға қойылды. Сол кездегі тәртіп бойынша автокөліктер, керекті жабдықтар, музыкалық, дыбыс күшейткіш аппаратуралары орталықтандырылған жүйемен Мәдениет министрлігі арқылы тікелей жіберілетін. Филармонияның жұмысы жыл өткен сайын бір жүйеге түсіп, қажетті дыбыс күшейткіш аппаратурасы мен автобустарын алып отырды. Қазіргі таңда Сыр елі мәдениеті мен өнерін дамыту, халықты рухани азықтандыру, өнер иелерінің жаңа буынын насихаттау, көнекөз әндер мен аға буын әртістердің шығармашылығын жаңғырту мақсатында филармонияда барлығы 7 шығармашылық өнер ұжымы жұмыс істеп келеді. Олар: Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі (оркестрдің көркемдік жетекшісі – С.Аблаев), «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі (көркемдік жетекшісі – Н.Нұрбай), «Сыр самалы» вокалды аспапты ансамблі (көркемдік жетекшісі – Ә.Мұстафаев), камералық оркестр (көркемдік жетекшісі – А.Жаңбырбаева), «Томирис» би ансамблі (көркемдік жетекшісі – Г.Мырзабаева), «Тұран» триосы (топ мүшелері – А.Өтеуов, Қ.Заитов, А.Қожахметов) және мектеп оқушылары мен бүлдіршіндердің мәдени іс-шараларға қолжетімділігін жүзеге асыру және облыстық филармония көрермендерінің контингентін кеңейту мақсатында 2016 жылы «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясы ашылды. Сонымен қатар, дәстүрлі орындаушылықты насихаттап келе жатқан жыр, терме, халық әндерінің орындаушылары мен эстрадалық вокал жанры бойынша жеке орындаушылар жұмыс істейді.
ҚАЗАҚ ӨНЕРІН ШЕТЕЛГЕ ТАНЫТҚАН 2013 жылдан бастап Қызылорда облыстық филармониясының өнер ұжымдары өңірдегі мерейлі мерекенің, елең еткізер жақсы жаңалықтың басы-қасынан табылып ғана қоймай, алыс-жақын шетелге шығып, қазақ өнерін насихаттай бастады. Осы орайда, бұрынғы аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың ерекше қолдауын атап өту керек. Экс-облыс әкімінің мәдениет пен өнерге деген қамқорлығы мен шығармашылыққа деген зор ықыласының арқасында филармония ұжымы мен жалпы Сыр өңірінің өнерпаздары гастрольдік көкжиегін кеңейтті. Мәселен, өнер ордасы АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон сынды ірі қалалары, Түркия мемлекетінің Стамбул, Анкара, Ескішехир, Болу, Амасия, Кастамону, Ақсарай, Ресейдің Мәскеу, Қазан, Орынбор, Астрахан, Әзербайжанның Баку, Шеки, Өзбекстанның Ташкент, Навои, Ұлыбританияның Лондон, Араб Эмиратының Абу-Даби қаласы, Балқан түбегіндегі Босния-Герцеговина, Сербия, Венгрия мемлекеттеріне барып қайтты. Гастрольдік сапар Тамды, Үшқұдық, Кенемех аудандары тұрғындарына, Кенемех ауданы орталығында жыршы-термешілердің экспедициялық концертімен жалғасты. Сонымен қатар, Қырымбек Елеуұлының тікелей қолдауымен 2014 жылы Сыр елі мәдениеті тарихында тұңғыш камералық оркестр ашылды. Оркестрге білікті мамандар тарту мақсатында қызметтік пәтерлер бөлінді, облыстық бюджеттен қаржы қаралып, оркестрдің материалдық базасы нығайтылды, әлем классиктері шығармаларының партитуралары алынып, алғашқы репертуары да жасақталды. Оркестрге республикамыздың ең мықты деген камералық, симфониялық оркестрлер майталмандары шақырылып, небәрі 1 жылдың ішінде оркестр аяғынан тік тұрып кетті. Оркестрдің көркемдік жетекшісі – халықаралық, республикалық конкурс, байқау, фестивальдердің лауреаты А.Жаңбырбаева, дирижеры – «Құрмет» орденінің иегері, музыка майталманы К.Ботабаев.
МАЗМҰНДЫ ШАРАҒА МӘН БЕРГЕН Қызылорда облыстық филармониясы жалпыұлттық Елбасы идеясын жүзеге асыруда өз үлесін қосуға асық. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының облыстық жобалық кеңсе аясында 2018 жылы «Ля-ля-фа» балалар мюзикл студиясы құрылды. Аталған жоба облыс әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен талантты балалардың мүмкіндіктерін көрсетіп, сахналық тәжірибе жинап, шығармашылығын шыңдау мақсатында ұйымдастырылып, Т.Бекарыстановтың «Таусылмасын ертегім» қойылымын сахналады. Сонымен қатар, биылғы жылы филармония Елбасының мақаласы аясында жыршы-термешілерінің «Аталы сөзден ал кеңес!» атты мысал орындау концертін, қазақтың халық ақыны, композитор, әнші, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері К.Әзірбаевтің 135 жылдығына арналған «Ән кемеңгері» атты концертін және тағы да басқа көптеген ауқымды шаралар ұйымдастырды. «Ән кемеңгері» концертіне абыз атамыздың қызы, әке өнерінің жанашыры, Қазақстан Республикасының «Халық ағарту ісінің үздігі», «Мәдениет қайраткері», ұлағатты ұстаз Төрткен Кененқызы құрметті қонақ болды. Халықаралық би күніне орай, Сыр елінде алғаш рет І республикалық «Ақ кербез» би фестивалі ұйымдастырылып, төрт облыстың би ансамблі қатыстырылды. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қорқыт мұраларын насихаттау мақсатында «Қорқыт мұрасы – мәңгілік дастан» атты «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің концерті, Қазақстанның мәдениет қайраткері Мүсілім Әмзенің дирижерлауымен Тұрмағамбет халық аспаптар оркестрі, «Сыр самалы» вокалды аспапты ансамблі және камералық оркестрдің «Мәңгілік сарын» атты біріккен концерті өтті. Өзбекстан Республикасы, Навои қаласында мемлекетаралық достықты нығайту және бауырлас халыққа қазақ жұртының мәдени мұрасын, ұлттық өнерін насихаттау мақсатында Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі және жеке орындаушылардың «Сырдария – достық арнасы» атты концерті ұйымдастырылды. Күллі әлемге дирижерлік шығармашылығын мойындатқан Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, біртуар талант иесі Төлепберген Әбдірашевті еске алуға арналған «Әбдірашев әлемі» атты камералық оркестрінің концерті өтті.
ЖЕТІСТІК ЖЕМІСІ Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде киелі ортаның қалыптасып, аяғынан тік тұруына талай өнер майталмандары табанды еңбегі мен тынымсыз ізденісін, қажыр-қайратын жұмсады. Бүгінде сол қарашаңырақтың туын жықпай, биікте желбіретіп келе жатқан өнер ұжымының жеткен жетістіктері айтарлықтай. Өнерпаздар халықаралық, республикалық байқауларда елдің абыройын асқақтатып жүр. Биылғы жылдың өзінде жоғары деңгейдегі байқау-фестивальдерден жүлделі орындарды иеленді. Атап айтқанда, классикалық орындаушы А.Иманжаппаров Алматы қаласында өткен К.Байсейітова атындағы ІХ республикалық вокалистер конкурсынан ІІ орын, күйші Абылайхан Сқақов Атырау қаласында ұйымдастырылған «Саз пернелі Сарайшық» атты халықаралық домбырашылар фестивалінде жүлделі I орын, Кетбұға жырау атындағы «Ақсақ құлан» халықаралық күйшілер байқауында ІІІ орын иеленді. Жырау Б.Төлеубаев халық ақыны К.Әзірбаев атындағы «Шырқа, даусым!» атты республикалық әншілер конкурсынан және «Ән-дария» атты республикалық дәстүрлі орындаушылардың байқауында ІІ орын, дирижер Р.Балмасов Б.Рзаханов атындағы «Сиқырлы таяқша» атты республикалық дирижерлар байқауында ІІІ орынды иемденді. Сондай-ақ, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Ақтөбе қаласының 150 жылдығы және Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның 75 жылдығына орай өткен «Жұбановтар әуені» халықаралық ұлт аспаптар оркестрлері және ансамбльдердің фестиваль-байқауынан бас жүлдені еншіледі. Өз кезегінде камералық оркестрдің шағын құрамы «ӘУЕН FEST» қазақ камералық музыка фестивалінде ІІІ орын, оркестр әртісі, скрипкашы О.Раджапов Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен ІІІ халықаралық «Jumeirah Sounds» конкурсында ІІ орын алды. Сыр елі – әуелден өнердің ордасы. Мұнда келгенде жыршымын деп айту да – қателік. Баба өнері балаға дарыған. Сондықтан болар, облыстық өнер мекемелерінің қай-қайсысы болмасын, жетістікке жетуін араға күн салып та тоқтатар емес.
Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ |