АТА БАСЫЛЫМДАР – 90-ның ТӨРІНДЕ | Print |
05.12.2019 14:14

Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетіс­тік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабар­ға сенетіні анық. Ол – ақиқат.

Сонау Сығанақтан бастап, Жент, Шірік-Рабат сияқты қалалар тұран даласы­нда өмір сүрді. Әуелі іргелі қала болып, кейіннен құм құшағына енді де кетті. Сөйтіп, сағымға айналды. Жалпы, Ақмешітіңіздің әр қиырында тұнған тарих­ жатыр. Сол кәрі тарих туралы терең­нен толғап, таразыға тартып, жоқ-жітігін түгендеп келген аймақтың ата басылымдары «Сыр бойы» және «Кызыл­ординские вести» газеттері 90 жылдық белеске шықты. Әңгімені әріден бастауымыздың сыры сондықтан.

1929 жылдың 1 шілдесінде «Сыр бойы» газетінің алғашқы саны оқыр­манға жол тартты. Әу баста Қызылорда округтік партия, кеңес комитеттері мен кәсіпшілер одағы бюросының басы­лымы делініп, аптасына екі рет жарық көрді. Басылымның тұңғыш редакторы қабырғалы қаламгер Жиенғали Тілепбергенов  болды.

Басылымның алғашқы нөмірі жө­нінде  Асқар Тоқмағамбетов «Сыр бойы­ның шежіресі» атты мақаласында (1972 жылы 28 шілдедегі санында) былайша толғанған екен. «Шежіренің әртүрлі сыры бар. Біреуі шешендігімен, біреуі көсемдігімен, кейбіреулер көп жасаған қарттығымен артына шежіре қалдырып отырады. Бірақ бұлар белгілі бір уақыттың, болмаса бір заманның шежіресін айтып артына қалдыра алмайды. Ал біздің айтқалы отырғанымыз аты «Сыр бойының», бірақ Сырдарияда болған ұлы оқиғалардың шежіресі десек, қателеспеген болар едік. Елдің өсіп, саяси жағы мен экономикасының жылдан-жылға өрлеп, өсіп отырғанының шежіресі, осы өркеннің қалай жайылғанын өз бетіне жазып келе жатқан газет жайында болға­лы отыр. Бұл шежіре – осыдан 45 жылдай бұрын ғана дүниеге келген «Сыр бойы» газеті туралы. Бұл – астана 1929 жылы Қызылордадан Алматыға көшкеннен кейін туған шежіре. Өзіміз ат қойып, «Сыр бойы» газеті атап, Қызылорда аудандық партия, кеңес комитеттерінің және кәсіпшілер бюросының органы болып,­ оны ресми түрде жарыққа шығарғанынан басталады. Бұл өте ауыр, өте қиын кезең еді. Бұл кез ауылды жаппай коллективтендіру жұмысының жаңа қанат жайып, етек алған шағы еді. ...«Сыр бойы» газеті Сыр өңірі еңбекшілеріне талмастан насихат-үгіт жұмысын айбынды түрде жүргізіп отырды» делінген мақалада.

1930 жылғы 101-санынан бастап газет­ Қызылорда, Шиелі, Тереңөзек, Аламесек, Қармақшы, Қарсақбай, Қазалы, Арал аудандық партия, кеңес комитеттері мен одақтарының органы саналды. Ал 1932 жылдың қаңтарынан бастап басылым атауы «Ленин туы» деп өзгер­тілді. 1938 жылы облыс құрылғаннан кейін 22 наурыздан бастап облыстық «Ленин жолы» болып өзгертілді. Араға 60 жылдай уақытты артқа тастап ата басы­лым 1991 жылдың 24 қыркүйегінде тарихи атауын қайта алды. Газетке әр жылдары Ұзақ Бағаев, Әскербек Рахым­бекұлы, Жақсылық Рахматулла сынды қаламгерлер редакторлық етсе, кейінгі жылдары Серік Пірназар, Жолдасбек Ақсақалов, Нұрболат Аманжол, Жұматәли Әбдіраманов басшылық жасады.

Бертінде өңірдің белді басылым­дарының басын біріктірген «Сыр медиа» ЖШС құрылды. Бүгінде аталмыш серік­тестікті танымал журналист, белгілі медиа­-менеджер, филология ғылым­дарының кандидаты Аманжол Оңғар­баев басқарып отыр. 500-ден астам­ адам еңбек ететін аталмыш серіктестік ел игіліг­іне жарайтын бастама­ларымен қалың бұқараға жақсылықтың жар­шысы, ұлағатты істердің ұйытқысы ретінд­е  белгілі.

Тоқсан жылдық белесті бағындыр­ған қос басылымның құрметіне орай өткен аптада тағылымды кеш ұйымдастырылды. Алдымен ардагер-фототілші Болат Омарәлив пен Нұрболат Нұржаубайдың фотокөрмесі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов, ҚР Президенті баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі Е.Байтілес, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы С.Матаев және елімізге танымал қаламгерлер қатысты. Алдымен аймақ бас­шысы Қ.Досмайылұлы қос басылым қызметкерлерін құттықтап, облыстың Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс­ хаттарымен марапаттады. «Сыр медиа» ЖШС-не автокөліктің кілтін табыст­ады.

– Газеттердің өткені мен бүгіні қатар жүріп, болашаққа бағдар жасалып, ел еркіндігі мен ынтымағының, әрбір жарқын жаңалықтың жаршысына айналып келеді. Қос басылымның талай талантты­ түлеткен ұстахана екенін ұмытпауымыз керек. Осы газеттердің шығармашылық мектебінен өткен қаншама журналист республикаға танымал қаламгерлер атанды. Бүгінде олардың әрісі Нұр-Сұл­тан, Алматыда, берісі өз өлкемізде абыройлы қызмет етіп жүр, - деді ол.

Бұдан әрі ҚР Президенті баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі Ержан Айтөреұлы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлиұлы мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәу­рен­ Әскербекұлының құттықтау жедел­ха­тын табыстады. Сондай-ақ, ҚР Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев ақжарма тілегін білдірді.

Шара барысында «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің аймақтық ақпарат кеңістігіндегі тарихи орны мен маңызы», «Аймақтық баспасөз дамуының алғашқы сатылары», «Сыр бойы» – шығармашылық шеберханасы» және «На страницах газеты – летопись региона», сонымен қатар «Аймақтық басы­лымдардың тарихы және бүгінгі медиадағ­ы дәстүр сабақтастығы» тақырыптарында баяндамалар оқылды.

Шара соңы «Атыңнан айналайын, Атамекен!» атты облыстық жыр мүшәй­расымен жалғасты. Аталған байқауға барлығы 30-ға жуық өлең түсіп, соның ішінен 8 үміткер іріктеліп, қорытынды шарада бақ сынады. Нәтижесінде  1-орынды ҚМУ студенті Айдар Сай­лауов, 2-орынды айтыскер ақын Ержеңіс Әбді, 3-орынды Текей батыр атындағы колледж оқытушысы Ғабит Кәдірбай иеленді. Жеңімпаздар мен ынта­ландыру сыйлығына ие болғандар дипломдармен, қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Айта кетейік, мүшәйраға «Қызылорда қаламгерлерінің қауымдастығы» ҚБ демеушілік жасады.

Келесі күні 22 жыл бұрын 27 жасында­ жоғалып кеткен қызылордалық ақын, журналист Әділ Ботпановтың құрметіне орай «Мені өледі деген сөздер – ертегі…» атты поэтикалық жыр кеші өтті. Кешке ақынның достары Бауыржан Бабажанұлы, Кенже Байназаров, актер Әділжан Шомбалов және сырбойылық журналис­тер қауымы қатысты.

Жыр мүшәйрасына қатысуға 30-ға жуық ақынның өлеңдері келіп түскен. Құрылған арнайы комиссия тек соның 8-ін ғана іріктеп алған. Жас ақындарға «Ақтөбе» газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы, ақын, режиссер-сценарист Оңталап Нұрмаханов, айтыскер ақын, 2 мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов қазылық етті. Мүшәйра қорытындысымен қызыл­ордалық Ақтілек Бітімбай, Айдана Ерболат,­ Алматы қаласынан келген Ақдидар Әлібекқызы, Көкбөрі Мүбәрак ынталандыру сыйлығына ие болса, ІІІ орынды түркістандық Тілеубек Батыс­ұлы мен қазалылық Әлихан Маха­шев, ІІ орынды павлодарлық Алтынбек Елемесұлы еншіледі. Ал бас бәйгені аралдық Биболат Сәтжан қанжығасына байлады. Жүлдегерлердің барлығына қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

Аймақ халқын ақпаратпен сусын­датып отырған қос басылымның 90 жылдық торқалы тойы осылайша жоғары деңгейде  аталып  өтті.

Қозы Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ