Әйелің базаршы болады... | Print |
20.07.2017 10:37

Осы бір талдырмаш келген қара баланың көзінен от көремін. Өзі даярлық тобына барады. Дәптерге тізіп жазған әріптері маржандай, ұқыпты. Сүйсінесің. Бірде оны мектебіне дейін жеткізіп салудың сәті түсті. Оны әңгімеге тартып:

- Әкеңді  жақсы көресің бе?-дедім. Ойланбастан: -Иә,-деді. – Бірақ, әкем арақ ішеді. Үйде ақша жоқ, нан жоқ, - демесі бар ма!? Алты жастағы балаға мұндай сөзді кім үйретуі мүмкін? Балалы үйдің ұрлығы жатпас деген осы шығар. Терең ойға қалдым. Тойып тамақ жемей, ішерге ас, киерге киім таппай жүрсе де балалық аңғал сезімі мен әкесіне деген махаббаты жоғалмаған мына баланың. Анасы таң сәріден  кеш  батқанша жұмыста, ал әкесі бір шыны үшін өзін, отбасын, жәудіреген балаларын құрбан етіп жүр. Осы көрініс көз алдымнан көлбеңдегенде жанарым еріксіз жасқа толды...

Кемел келешек, бақытты болашақ үшін қайғы жеп, күңіренген бабалар аз болмаған тарихта. Соның ішінде Мөңке бидің заман туралы толғаған сөздері нысанаға дөп тиіп, қадалған жерден қан тамады.

«Алашұбар тілің болады,

Дүдәмалдау дінің болады.

Әйелің базаршы болады,

Еркегің қазаншы болады,

Жылқы жұлдыз болады,

Қой құндыз болады.

Кебір – жерге теңеледі,

Әйел – ерге теңеледі,

Көл – теңізге теңеледі.

Сиыр – өгізге теңеледі.

Ақырзаман адамы –

Сағынып тамақ жемейді,

Ащыны – ащы демейді,

Тапқанын олжа дейді,

“Әлһам” білгенін  молда  дейді.

Бір-біріне қарыз бермейді,

Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді.

Сарылып келіп тосады,

Құны жоқ қағазды судай шашады...» - деген жолдарын оқып отырып денем тітіркеніп кетті.

Әйелің базаршы болады, Еркегің қазаншы болады. Бол­ғаны ғой. «Кредит», «кризис» дегендер бәле болып жабысып тұр. Тепсе темір үзетін отағасы үйде отырып, жұмыстан келетін нәзікжанды әйелі­нің ас-ауқатын әзірлеп, биіктен төменге қадірі құлай бастағандай... Табыс таптым деп бедірейіп келіншегі шығады. Маған «масыл» болып отырсың деп табалайды. Мұндай үйде береке бола ма? Әлемдердің Раббысы: «Әйелдерді лайықты түрде ас-ауқат және киім-кешекпен қамтамасыз етуге баланың әкесі міндетті», - деп «Бақара» сүресінің 233-аятында баян еткен. Десе де, біз көріп жүрген кейбір отбасыларда жағдай басқаша. Әбіржіген әйел күйбің тірлікпен далада жүргендіктен, отбасы шаруасы мен бала тәрбиесі кейінге қалды...

Осыдан соң, үлгілі әке мен иманды балалар туралы сөз етудің өзі қисынсыз. Баланың тәрбиешісі – теледидар, әкесі – ұялы телефон немесе ғаламтор болғалы қашан? Бүгінгі таңда ғаламторға жіпсіз байланған кей жастардың әке-шеше тәрбиесінен алыстағаны  өкі­нішті, әрине. «Талақ» сүресінің 7-аятында Алла тағала былай дейді: «Қалталы адам (әйелі­нің, балаларының нәпақасын) байлығына қарай молынан берсін. Ал ризығы шектеулі (жағдайы шамалы) болған адам Алланың оған нәсіп еткеніне қарай берсін. Алла тағала құлына бергенінен артық жауапкершілік жүктемейді».

Мінеки, Жаратушының осыншама мейірімін сезінбегендер отбасын қамтамасыз ету мен асырау мәселесінде әлсіз­дік танытып келеді. Бұған көше жағалап бөтелке теріп, қоқысқа бас сұғып, болмаса ащы сумен ажырамас дос бол­ған адамдардың көрінісі анық дәлел секілді. Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Ер адамның қолына қарап отырған әйелі мен бала-шағасын аш-жалаңаш етіп нәпақасыз қалдыруы, күнә ретінде оның бір басына жеткі­лікті болып табылады»,-деп айтты»,-делінген. Демек, бала-шағасы бір тілім нанға зар болып­, жылуы жоқ баспананы жағалап жүрсе, бұған әкесі тікелей­  кінәлі болмақ.­

Балалардың жүрегі жабырқамаса, жүзінде мұң болмаса, балалар жыламаса дейміз. Одан асқан бақыт болмасы анық біз үшін.

Гүлнұр  ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ,

журналист