Қайта оралған сезім (болған оқиға) | Print |
20.07.2017 10:45

Жоғарғы оқу орнын бітірген жылы Айнаға сөз салушылар көбейді. Сұлу да пысық, тиянақты­ қызды кім жар еткісі келмесін? Күндердің күнінде анасы қызды оңашалап шақырып алып, айтар сөзі барын білдірді. Сондағысы қызының сөйлесіп жүрген жігіті бар-жоғын білу болатын. Себебі, Айнаның анасы Баршакүлге әріптес бір құрбысы өзінің әпкесінің ұлы бар екенін, әпкесі егер жақсы тәрбиелі жерден қыз жолықса, ештеңеге қарамастан ұлын үйлен­дір­гісі келетінін айтыпты.

Ауқатты жердің өзі құда түскісі келіп тұрғанда, Баршакүл бұған, әрине, қатты қуанды. Айна бұл хабарды естігенде алғашын­да қатты тосырқады, бірақ анасының шешімін қашан да орындап үйренген тәрбиелі қыз жігітпен кездесуге келісімін берді.

Қымбат көлікте отырған сымбатты жігітті алғаш көргенде қыздың жүрегі дір етті. Танысуға келген болашақ жары қыздың басынан аяғына дейін бір көз жүгіртіп қарап шықты да, «Сәлем!» - деді. Жігіттің сөзіне сыпайы ғана «сәлеметсіз  бе?» - деп жауап қатқан қыз көлік­тің  артқы  орындығына жайғасты. Осылайша екеуінің алғашқы кездесуі басталып еді. Бір-біріне тіпті тіл қатпастан үнсіз киноға барды, үнсіз әдемі мейрамханадан кешкі ас ішті. Мұның бәрі сценарий бойынша осылай болуы керек секілді. Айнаға сымбатты жігіт те, оның үнсіз мұның әр қимылын бағып қарап отырған көз­қа­расы да, бәрі-бәрі ұнаған болатын. Тіпті, ғашық бола бастағ­андай ма, қалай өзі... Ал, бұл кеште Арман­ның ойы мүлдем басқа жақта болды. Дәл алдында тым қарапайым, бірақ сұлу қыз отырса да, оның бар есіл-дерті өзі сүйген Майрасында еді. Әттең, ата-анасы ол қызға қосылуға түбегейлі қарсы. Сондықтан да ұлының тездетіп аяғына тұсау салғалы отыр еді. Майра – бір ұлы бар кербез келіншек. Барынша өзіне қарап сұлу болып   жүретін  әрі  жасы да Арманнан біршама­ үлкен. Оның қай жеріне қызыққанын өзі де түсінбейтін. Ата-анасы қанша жалынып та, қорқытып та көрді, бірақ ол бас тартпады. Бұл жағдай­дан  Айна  мүлдем  бейхабар  болатын.

Барлық жайды айтпаққа бекінген Арман Айнан­ы  кездесуге  шақырды. Кездесуге ішімдік ішіп,  мас  болып келген жігіт көлікті тоқтата сала  Айнаның  бетіне ұзақ қарап отырды да, «Сен  неге  түсінбейсің? Мен сені сүймеймін ғой, осының бәрінен неге бас тартпадың? Сен қыз баласың ғой, әлі де кеш емес, менің сүйгенім бар, тоқтатшы осының бәрін, тоқтат!»-деп еркек басым­ен жылап қоя бергенде, Айнаның төбесінен  біреу мұздай су құйып жібергендей болды.

Бұл жаңалықты ата-анасына Айна қанша айтып­, тұрмысқа шығуға қарсылық білдірсе де, екі жас қарсы болса да, қаланың ең атаулы мейрам­ханасында дүркіреген үлкен той өтті. Қалыңдық  пен  күйеужігіт тек өз рөлдерін ойнап­ шыққаны болмаса, Арманға бұл күннің еш маңызы жоқ еді. Тойдан кейін үйіне қайт­пастан  Майрасына  асықты. Ал, Айна көз жауын алардай безендірілген үлкен бөлмеде жалғыз қала  берді...

Күндер, айлар сырғыды. Айна бұл үйде жай ғана тұру үшін келгендей еді. Күні бойы екі қабатты зәулім үйде жалғыз қалатын. Ата-енесі таң атысымен қызметтеріне кетеді. Айна болса ата-енесіне өзінің келіндік міндетін мүлтіксіз атқарып жүрді. Обалы не керек, енесі де Айнаға жақсы қарайтын, оны өз қызындай жақсы көре­тін. Бірақ бар мәселе – Арманда. Осы уақыттары жұбайының көңілін өзіне аударғысы келіп, қанша­ма әрекеттер жасады десеңші. Үш жылда екеуіні­ң арасын бір ғана ұл бала жалғап тұрды. Айна үнемі барлығын тастап мына үйден безіп кеткісі келетін. Тек ата-анасының абыройы мен өздерін немересінен айыра көрме деп жылайты­н ата-енесінің сөзінен аса алмай қалып қоятын. Барлық жағдайы жасалса да, шын мәнінде, бақытс­ыз еді. Арман бұл сәттерде сүйіктісімен айлап шетелге демалыстарға кетіп, бар уақытын сол әйелмен өткізетін. Оған ұлы мен әйелінің бары-жоғы бірдей. Бірақ, дүниеге келген ұлы келіншектің бар алданышы, бар жұбанышына айналды. Тіпті, соңғы күндері Арманнан көңілі суып бара  жатқанын  сезінді.  Ол  үйге келсе­ де,  келме­се­  де,  ол  үшін  бәрібір  болып  барады.

Бүгін күн жексенбі. Арман сүйіктісінің жанын­да еді. Бір кезде Майраның телефонына смс келді. Бұл кезде асханада жүрген әйел мұны естімеген болатын. Қызығушылығы артып, телефонды  ашып қараған Арман келген хатты оқып, есінен адаса жаздады. Онда «Жаным, сені сағынды­м, өзіңді көргім келеді. Бұрынғы мекенжайда кездесейік» делініпті. Ас бөлмесінен келе жатқан­ сүйіктісінің аяқ дыбысын естіген жігіт дереу телефонды орнына қоя салды да, түк білмегендей «мен үйіме қайтайын, кешке келемін ғой» деп, орнынан тұрып кетті. Сыртқа шығысымен, Майраны аңдып, көлігін тасаға қойып, ұзақ отырды. Біраздан соң кербездене басып, сыланып-сипанған келіншек те шықты-ау. Мұның жақында ғана әперген көлігіне майыса мініп, белгісіз бағытқа жүріп кетті. Артынан ерген Арманды байқамады да. Қала сыртына шығып, қымбат бір белгілі қонақүй алдына тоқтады. Одан шыққан қырықтың қырқасындағы жігіт ағасы кербез әйелдің қолынан сүйіп, екеуі ішке кіріп кетті. Мұның бәрін үнсіз бақылап отырған­ Арман не істеп, не қоярын білмей аласұрды. Майраны шыққанша сонда тоспаққа бекінді. Бірнеше сағаттан соң күліп шығып келе жатқан екеудің алдынан кесе-көлденең тұра қалған мұны  көрген  Майра әуелі қатты састы, артынша өзін дереу жинап алғаны байқалды. Жігіт әйелдің бетінен жұдырықпен қойып қалды. «Ал, мұныңа не деп жауап бересің салдақы?» - деп төтесінен сұрақ қойды. Жанындағы ер адам «Мынауың кім тағы?» деп ұмтыла бергенде, екі ортаға тұра қалған сылқым: «Сенің ендігі боларың  болып, қызығың таусылды. Мен сені текке пайдаландым. Баршы әрі!» - деп итеріп жіберді де, екеуі көлікке мініп кете барды. Осынша уақыты  текке кеткенін енді түсінген жігіт ашудан­  не  істерін  білмей қалшылдап, бір орында­ тұрып қалды. Есін жиған сәтте Айнаға үйленген кезден бергі оның жүрегіне қалай қаяу салғаны, бұл үйден кетіп бара жатқанда жасқа толы жанарымен үнсіз ғана шығарып салған сәттері,  ата-анасының қанша жалынып та, жылап­  та  бас тартуын өтінген кездері, бәрі-бәрі көз алдынан кино лентасындағыдай сыр­ғып өтті. Майрамен босқа өткізген уақыттары мен кеткен  шығындарында  есеп  жоқ...

Ал  әйелі мұны ұмытқалы қашан. Соңғы уақыт­тары осы өмірге өзі де үйреніп алғандай. Ұлы да екі жасқа толды. Тәтті қылықтар шығарып келеді­. Айна осы үйдің  еркегі мен әйеліне­  тән  барлық жұмысты өзі атқара беретін болған. Оған демеу­  болатын атасы мен енесі. Сондай жақсы жандардың көңіліне қаяу салғысы кел­ме­ген алтын әйел өз бақытын ысырып, өзгеге кетіп,  қайта оралған күйеуіне пысқырып та қарамады. Майрадан кеткелі­ Арман үйінде жиі болатын болды. Күнделікті отбасының тіршілігін бақылап қарап отыратын жігіт Айнаның әрбір ісі ендігі көз  алдында өтіп  жатты. Бұған адам екен деп  қарамауы  Арман­ға оңай соқпады. Кері­сінше әйелі­нің  бұл  қылығы  өзіне ынтықтыра түсті. Бұрын қа­лай  байқамаған, әйелі өте сұлу екен ғой. Таби­ғилық­тан  гөрі  жасандылығы көп, беті бояудан көз ашпайтын сұрықсыздың жанында қаншама уақытын құр өткізіпті. Қолда  барда алтынның  қадірі жоқ деген осы екен-ау. Арман ендігі өмірін тек от­басына арнап, жарын өзіне ғашық етіп, бақыт­ты отбасы болу үшін барлық амалды жасауға көшті. Дүние алма-кезек­. Бұрын Айна Арман үшін дәл осылай жасас­а, ендігі кезек Арман­ға келді...

Дана   МЫРЗАШЕВА