Қазекеңнің қалжыңдары | Print |
08.02.2018 10:25

Қазекеңнің, Қазыбек Әшірбекұлының жастау кезі болса керек. Бір кісі оны біреуге ұқсатып:

- Әй, сен осы кімнің ұлысың? - деп сұрайды.

- Аға, мен қазақтың ұлымын, үйдегі келініңнің құлымын, - депті Қазекең күліп.

***

Жасы жетпіске таяп қалған Қазекеңнен танысы:

- Бизнеспен айналысайын деп едім. Неден бастау керек, ақыл берсеңізші, - дейді.

- Менен қандай ақыл шығар дейсің.  Ақыл  тісімнен  айрылғаным қашан? Тістерімнің бәрі протез­ ғой, - деген екен.

***

Орташа қызмет істейтін інісі Қазекеңнен бата сұрапты. Ол інісінен:

- Жылың не?, - деп сұрайды.

- Тышқан, - дейді інісі.

- Онда, өркештен де жоғары өрле,

Еш жамандық көрме,

Адал еңбек ет елге,

Орныңды ешкімге берме.

Бермеймін деп омақаса,

Құлама жерге.

Өсіп кеттім деме,

Өзгенің ақысын жеме.

Бақытың өсе берсін, - деп бата беріпті.

***

Ауладағы орындықта ой үстінде отырған Қазекеңді балдызы бүйірі­нен түртіп қалады. Қазекең шошып орнынан атып тұрады.

- Ноян жүрек пе десем, қоян жүрек екенсіз ғой, - дейді балдызы күліп.

- Соңымнан қалмай Сырдан,

Үйленейік деп жылдам,

Қосылған соң қорқытып,

Қоян жүрек қылған.

Кім екеніне енді көзің жеткен шығар, - деген екен Қазекең.

***

Қазекеңе бір құрдасы:

- Халықтың денсаулығын күн­діз-түні ойлап, темекінің құнын қымбаттату арқылы темекі тартуды­ тастай тыйсам деймін. Сенің күніне 2-3 қорапты босататыныңды біле­мін. Әй, саған  обал  болды-ау, - деп күледі. Сонда Қазекең өлеңдетіп:

- Аулақпын ырым-жырымнан,

Келтірсем мысал «Қырымнан».

Ішімдікті тыйып ең,

У ішіп талай қырылған.

Сабақ алмай бұрыннан,

Халықты қыссаң, шылымнан.

Қорытындысын көрелік,

Не шығар екен бұныңнан?! - деген­ екен.

***

Күз. Қараша айының соңғы күндерінің бірі болса керек. Үйінен енді шыққан, жазда сыраха­надан шықпайтын көр­шісі­нен Қазекең:

- Жол болсын! Суатқа шықтың ба, шуаққа шықтың ба, - деп сұрағанда көршісі не айтарын білмей, күле беріпті.