МОНШАҚТАЙ ӘҢГІМЕЛЕР | Print |
29.03.2018 10:47

Ерғали АБДУЛЛА

 

АУЫЗЫҢ   АУЫРМАЙДЫ

Аузы-мұрны  сүйреңдеп, арамызда сөз  тасушылардың  болғанының өзі қандай жақсы! Аузыңды ауыртып жатпай­сың. Бір-ақ рет айтасың. Қалғандарын  олар  айналадағының  бәрі­не өздері дер шағында  жеткізеді.

 

ЛАЙФХАК

Газет... Балық орауға да жарайды. Майды өзіне сіңіріп алады. Шыжыған­ ыстықта терезені жабуға да жарайды. Шілде-тамызда шыбын қозғанда, ұйықтай қалсаң, бетіңді жауып жатуға да жарайды. Ең аяғы қысылғанда дым таппасаң, ұятты жеріңді де жабуға әбден жарап қалады.

ДЫБЫСТАР  ӘЛЕМІНДЕ

Жаныңа жантайып ап, мысықша мияулап миыңды жейтіндер бар. Мамық креслосында малынып отырып­ ап, ыңыранғанда көтеншегі үзі­лердей керіліп-созылатындар бар. Ыңырсып, ызбайланып отырып, ыңыршағыңды айналдыратындар да бар. Қайта-қайта қақырынып-түкірі­ніп, көмекейінің бүлкілін танытатындар да бар... Осындай дыбыстар әлемінде жүріп әр үннен мағына табасың.

 

ЖЫЛУЛЫҚ

Алған айлықтан күн санап алыстап, берер айлыққа біртабан жақындаған сайын көңіліңде жақсы бір жылулық пайда  болады. Сол жартымсыз, жалқы жылудан ләззат алған жақыба­й  өмір-ай!

 

ЖЫЛЖЫҒАН  ЖЫЛДАР...

Дейтін едік: «Қиын бұған келу», артта қалды ғой елу... «Жаспыз, жаспыз»­  деп жалақтап жүргенде, келіп  те  қалыпты алпыс... Келген соң, «Алпыс­ – тал түс» деппіз, енді шығатын тауымыз – жетпіс... Одан да өтсең – алдыңда сеңгірі мол сексен... Солай қарай барсаң, тұмсық тірей­тінің – тоқсан... Содан кейін қайда болар  екенбіз  біз, әйтеуір  ойда бар – бұлыңғыр  жүз...

 

ЕЛУ  ДЕ  ЕЛУ

Бәрі  де  үлкен байлықты армандап жүр. Ойбай-ау, үлкен байлықты ұстауға үлкен күш керек. Өйткені үлкен  байлық я  арқаңнан  қағып таққа отырғызады, я талқаныңды шығары­п табытқа түсіреді. Осы таңдауға – елу де  елуге  дайынсың ба?!

 

«БАЙЛЫҚ»

Жарымаған  айлығы – жалғыз  ғана байлығы.

 

ӨМІРДІҢ  ӨЗІ  ҚАЛАЙ?

Өмір – бар адамға базар, жоқ  адамға­  азар.

 

АЙШЫЛЫҚ  пен  КҮНШІЛІК

Жел ұшырып жүрген жиырма бес жасыңда алдағы алпыс жасыңды көзге елестетесің, айшылық алыс, адам аяғы жетпес жер  сияқты көрінеді. Ал алпыс­ты­ң  асқарына  табан тірегеніңде, қайран­  жиырма  бесіңді еске алсаң, күні кешегідей, тіпті жап-жаңа ғана  иектің астында қалып қойғандай  көрінеді. Ұмсына, мойын созып қарағың  келеді...

 

ҚОЛТЫРАУЫННЫҢ  КӨЗ  ЖАСЫ

Жаңартылған білім берудің жал­ғыз жетістігі сол: мұғалім білім бермейді. Тек бағалайды. Ал білімді керек еткен­ шәкірттер құмдағы жұмыртқадан шыққан қолтырауынның баласындай өзі тырбанып, ілім мұхитына ұмтылады. Жетер-жетпесі белгісіз, дүдәмал...

 

АДАСУҒА  СЕП

Ақылы  тасыған, кемел адамдардың  да  алабөтен ақымақтығы болады.­ Осыны­ білмеген, оған сенген көп кісі өмірлік ұстанымдарын ажырата алмай­,  адасып  жүр...

 

СЫПТУРЫН

Біздің сыптурын пиғыл зиялы­лардың ұлтжанды, ұлтшыл болуға қор­қақтауының  өзі – отаршылдарды отандасым деген кезеңнен қалған, миындағы жылпыл таңба. Осы түп қазығы жоқ таңбаны көбі өздерінің жетістігі  санайды...

 

АЗАПТЫ   САПАРДА

Ақиқатқа апарар жолдардың аумалы-төкпелілігі сондай – жал-жал қалың құмда арбамен жүргендей ап-ауыр күй кешесің. Жүйкең ширығып үзілердей болғанда, діңкәң құрып, құр сүлдерің қалып, титығың таусылғанда ғана оның шалғайына қолың әзер-әзер жетеді. Сондай тірі адам төзер-төзбес, тозақтай­ азапты сапардың соңында да көкжал жүрек  жігіттердің көзінен от ұшқындап­  тұратынын да  көрдік...

 

САУ  МҰРНЫҢ

САҢҚИМАСЫН  ДЕСЕҢ...

Сұлу қызға, жүйрік атқа, алғыр тазыға, ұшқыр бүркітке және аңқылдаған ақындарға мұрныңды шүйіріп қарама! Олар – Жаратқанның мейірлі шапағатынан жаралғандар. Жаратқанның кәріне ұшырап, сау мұрның саңқиып, пүштиген  пұшық  боп  қалуы  мүмкін.

 

ШИКІЛІК

Кеуек  бас  дарынсыздығыңды жасырып, дақпыртыңды асырып, даңға­заңды­ қанша жерден қоздыруыңды қозды­ра  бер. Бәрібір, сылп етіп бір жы­лым­шы шикілігің шығады да тұрады.

 

ПАРОДОКС

Білімі тасыған халықпыз деп мақ­танудай-ақ мақтанамыз. Ал халқымыз кітап оқымайды. Жүз үйдің тоқсан тоғыз­ында кітап жоқ... Сонда қалай білімді боп  жүрміз. Әлі де мақтана береміз­  бе-оу?!

 

ФЕЙСБУКТАН  КӨР

Ақындар  ақындармен түскен суре­тін мақтан тұтатын. Бүгінде ақындар әкімдердің қасында тұрып түскен суре­тін  мақтаныш қылатын болыпты.

 

КІРДІҢ   ТҮРІ

Ардың кірі бет-ауыздың кірі емес. Сабын-сулап жуып, әп-сәтте тазарта алмайсың.

 

ЖЫЛАТПАСЫН

Адам келерінде шар етіп шыңғырып жылап келеді. Кетерінде тұншығып жылап кетеді. Екі жылаудың ортасында­ өмір жатыр. Ең болмаса осы аралықты жыламай өткізсем деп ойланасың...

 

АЛҒЫС  АЛЫП  ЖҮР

Асқан ақылымен емес, терең білімі­мен емес, ел қамын жеген қайраткерлігімен емес, айналасына нұрын шашқан адамгершілігімен емес, құрық бойламайтын қутың қулығымен бір қауым  жұртты басқарып-төскеріп жүр. Қызы­ғы сол – әжептәуір жақсы басқарып, бір­шама алғысқа бөленіп, жақсы атанып, бірсыдырғы беделге ие болып жүр...

 

ҚАҚСАТҚЫШ

«Жастарға жол берейік. Жол – жастардікі» деп кез келген жерде қақсауын қақсайды-ау. Алайда алдына түскен жас­ты көрсе, аяғынан қақпандай шалып,­ омақаса асырып, қан қақсатады­ да жүреді.

 

ЕҢ  ТАР

Дүниедегі ең тар нәрсе – біреудің қылдай артықшылығын көре алмайтын қызғаншақтың көр кепе көңілі.

 

БҮГІНГІ  ҚОРҚЫНЫШ

Ел-жұрттың иесіздігінен, саудаға түскен  жердің  киесіздігінен, былықбай­  білімнің  жүйесіздігінен қорқамын.

 

ШЫРЫЛДАУЫҚ

Өз «шындығы» үшін шырылдағандағы  дауысы  жұрттың құлағының жарғағын  жарып  жіберердей...

 

«ТАҒА»

Елге аға, халыққа жаға бола алмай жантаңдап жүрсе де, әкім-қаралардың аяқкиіміне «таға» болуға әбден жарап-ақ жүр.

 

ҚАНДАЙ   ЖАҚСЫ!

Кейде бәрін, бәрін білгенің қандай жақсы! Кейде бәрін, бәрін білмегенің қандай  жақсы!

 

ӨЗІМІЗДІКІНДЕЙ   КӨРЕМІЗ

Мемлекеттің мүлкін көп адам өзіні­кіндей көреді: жұмсар кезде жұм­сайды, шашар кезде шашады, басар кезде басады­... сосын қашар кезде қашады...

 

«ӨКІНІШ»

«Көзің түскен майкемік қызметті келеріңде шытыр­латып төлеп сатып алатының қандай керемет! Ал енді кете­ріңде  сол орныңды қайта сатып кете алмайтының қандай жаман­-ақ!».

 

ЖОЙЫЛУ

«Жемқорларды жою керек» деп оннан да, мұннан да сарнап айтып, жағы талмай жүр­гендердің  сөзі  ғайыптан  тайып­ періштелердің  құлағына шалынып  орындалар болса, аз жылда «жемқорларды жою  керек»  деп  айтатын  адамдарды таба алмай қалуымыз мүмкін  сияқты...

 

«ҚАЙРАТКЕР»

Қазіргі кей «қайраткерлердің» ерен қайраты сондай – «кет енді, орныңды босат» деген­ халықтың жеккөрінішті қарсылығына қасқая, қасарыса қарсы тұрып, құйрығы креслоға жабысқандай мызғымай отыра беруге өгіз қара күшін сарп етеді.

 

МАҚТАМА

Оны сыпайы, момақан, қой аузынан шөп алмас, биязы, нанға жаққан майдай мінезді деп өлгенше мақтама. Құлқынынан қылқылдай өткен екінші стақаннан кейін оның маңына екінші рет жолай алмай­тындай боп әзер құты­ласың...

 

АМАНАТ

Халықтың сенің өміріңе берген шын бағасын ешқашан ести алмайсың. Ол уақытта сен пайғамбардың ақ туының астын­да жүресің... Осы баға – сенің өз ұрпағыңа тастап кететін жақсы-жаманды, ең маңызды  аманатың.

 

БАҒЫ  БАР

Әйелі шұқшиып өлең оқы­майтын ақынның бағы бар. Көп  шатақтан  аман  жүреді...

 

ҚЫЖЫЛ

Жұрт асқазанның әр қы­жылына  дереу  назар аударады­. Тамаққа  бас қояды. Ал жүрек­тің беймезгіл қыжылына кө­біне-көп мысқалдай да назар аудармайтыны қызық...

 

ЗАРЫПТЫҢ ЖАРҚЫНДЫҒЫ

Үнемі тесік қалта боп, жетпес дүниенің жетімсіздігінің зарпын көп көріп жүргендіктен ғана адамдардың өмірге деген құштарлығының өршіл тал­пынысы бір сәтте бір пәске де бәсеңдемей, алға талпы­нады...

 

«ОҚЫТУШЫ»

Қулық-сұмдықтың шылқы майына өмір бойы ықылық ата тойып кеп, кеңірдегі азып, кенезесі­ кепкенде ғана шындықтың сусынын сұрайтын кісілер енді өмір философиясын соқпандап соғып, қасындағыларды кеудеден нұқып, көзден шұқып «оқытып» отырады.­

 

ЕМДЕУ  мен  ЖЕМДЕУ

Ел ішіндегі емшілер өзіңді емдеу үшін, әуелі сен оларды «жемдеуің» керек.

 

ЖАСЫРЫН  ЖАЛТАҚ

Бір пара адам өмірден өз қайымындағы нақ орнын тап басып таба алмай, әлде бір мансапт­ың желігін малданып, ысқырып өмір сүріп, пысқырып билік айтып, бәрі дұрыс, төрт құбылам түгел дегендей шырай-сымбат  көрсеткенімен,  адасқанның  аты  адасқан,­ арғы жағында бір бекемдік  жетпей, дақыл-дақыл  жабы­ғыңқы күй кешіп, іштей жалтақтап  жүреді.

 

ЗАРДАП

Қоғамдағы  қатқылдық пен тапшылық қорадағы кәрі төбетке дейін әрі-сәрі күй кештіреді: беймезгіл үре алмайд­ы, бейсауат жүре алмайд­ы, кеміргені – мүжіл­ген жіліктің сүйегі емес, тауық­тың ши  борбай  сира­ғы­ның  талшықтары...

 

САЯСАТТЫҢ   СОЙЫЛЫ

Саясаттың сойылы ауыр. Сілтегеніңде дәл тимесе, өзің­ді қоса алып  жығады. Алайда  сол сойылды кей­де­  кез келген дәлдүріш көтеріп соққысы келіп, мықшыңдап, сол мықшынын мақтан көріп, қам­пайып, өзінше «ірілік»  көрсе­тіп  жүр.

 

БҰЛ  ДА  ҚУАНЫШ

- Кешегі жиналыс жақсы өтті!

- Не? Әкімдер  келелі, келіс­ті мәселелер  шешті ме?

- Жоқ, уақытында басталып, уақытында  аяқталды...

 

ҚИНАЛЫС

Күніне төрт-бес мәрте жиналы­п, жағалай отыра-отыра­ қалып суретке түсіп үлгірмесек, күн тәртібіндегі шараларды өткендігін жоғарыға  білдіруге  тіпті мүмкін­ші­лік  болмай қалады. Енді сөйт­пегенде  қайтеміз?!

 

«БАҚЫТТЫЛАР»

Досы  көп  адамдар  бақытты болатыны шын болса, осы әлеум­еттік желілердегілер бақытт­ы-ақ   шығар...

 

МҮЙІЗГЕК

Біреудің жүйкесін жұқартып шаршатқың келсе, өзі де анық біліп тұрған нәрсесін қадап  айтып, бұйрық  бер...

 

ЖИНАЛЫС

Бұрын оның түрі көп болатын:  жиын, митинг, талқылау, дебат... Бүгінде тек жиналыс ғана қалды. Ол, міне, атына заты  сай, қамаған  қойдай қып жинап әкеледі. Аяғына дейін отырсаң  болады...

 

АУЫЗШАНЫҢ   АЗАБЫ-АЙ!

Көбіне көкіректегі көп ойды ақ қағазға жазумен ғана шығарып  жүргендіктен, кейде кішкентай ғана түйткілдің жай-жапсарын қапелімде ауызш­а жеткізіп түсіндіре алмай­, маңдайдан тер шығып, діңкәң құрып қалады.

 

МЕНІҢ   КЕЙІПКЕРЛЕРІМ

Кісімсудей  кісімсиді. Кеудесін  көтереді. «Иесін» таныса­ «иіскейді». Ақыл айтқысы кеп өзеурейді. Асқақтағысы келеді. Астамсиды... Осы сиықтарға қараймын да мұртым жыбырлап мырс етемін. Неге күлесің дейсің бе? Мұндай типтерді мен  әлдеқашан «танып» ал­ғанмын. Бес саусақтай білемін. Ішегінің қырындысындағы қиқымына дейін... Содан да көрсем болды, езуімді күлкі түрткілейді.

 

ҚЫЗМЕТТІҢ  БІР КЕРЕМЕТІ

Дүмді қызмет кешегі бір сүмеңбайдың өзін көріктен­діріп, сұлуландырып  жібереді-ау деймін. Көркіне көз тоймайтын қыз-келіншектер аш белдері бұраңдап, тоқ бөкселері дір-дір ете бұлтыңдап, сол күні-ақ қолтығында жайнаңдап  кетіп  бара жатады.

 

ҚИЯЛ  ҚУҒАНДАР

Кәлладағы қиялдың да бір шегі бар. Ал қиялдаудың жетегінде мәңгі кететіндер – көк етіктіні менсінбей, көк етіктіге­ қолы жетпеген, қойны суық кәрі қыздар мен талантты фантаст-жазушылар ғана...

 

БІЗДІҢ   «БАҚЫТЫМЫЗ»

Біздің бақытымыз – бақытсыздығымыздың шегін біл­меуіміз.

 

ПАРАҚОРДЫҢ  АЛАҚАНЫ

Ел ішінде «Сұмдық алаған» деп аты шыққандармен амандасқан сайын, қолдарына көз тоқтатып қараймын. Алақандарының біздің алақандарымыздан еш айыр­машылығы жоқ. Ал көз тоқтатып, тіктеп қарасаң, өңсіздеу, қан-сөлі жоқ бірдеңе  елестейді.

 

ДӘНІКТІ

Бермейтінді беріп ұял­тайын дегенмін. Сөйтіп келгенмін. Тағы бір ретті-ретсіз жерлерде «өй, құрысыншы» деп, қолымдағы барымды да бергенмін. Қатар  келгенде жол да бергенмін. Иықтаса шыққанда сөз де бергенмін... Сөй­тіп  тасемен  неменің  ұялуын күткенмін. Әлі де күтіп келе­мін... Беті шіміркенетін сабазың ол емес. Тіпті араны ашылып барады. Дәнігіп, дәндеп алғаны  сондай – мен оған мәңгі қарыздар  адам  болғандай түрім  бар.

 

МЫЛЖЫҢНАН   ДА  МЫСҚАЛ  АЛ

Көр-жерді көпсітетін көке мылжыңдарды да тағат тауып тыңдай біл. Тонна-тонна құм­ның ішінен жасудың көзіндей алтын түйіршігін іздегендей, көбікті көп сөздің ішінен бұрын  елден  естімеген бір-жар сөзді құлағың шалып қалуы мүмкін. Сонда мәз-мейрам боп қуанарсың. Ал алтындай асыл сөзді данышпаннан алдың  ба, көк езу қыртыңбайдан алдың ба, кімнің қандай шаруа, шатағы  бар?!

 

СОҢҒЫ   МЕЖЕ

Жақсы мен жаманды айы­рудан қалған адам ақымақ болады­. Ал жақсы мен жаманды айырудан қалған қоғам тоқыра­п  тозады.

 

ЖАЗЫЛМАС  КЕСЕЛ

Қыршаңқы сөздің жазылмас кеселі бар: не иесін есіртеді, не тыңдаушысын «жындандырып» тынады. Әйтеуір сау  қалдырмайды.

 

КЕР  ЗАМАНДАҒЫ КӨРІНІС

Шындықтың дәуірі жүріп тұрған кезде сұмырайлар та­сада­н-тасаға қашып, інне­н-інге тығылатын, қара басын сауғалайтын. Енді сұмырайлардың итше дүреп көбейіп кеткені сонша – өзара тез табысы­п, ауыз жа­ласып­, жұдырықтарын ысып, жұ­мырықтан қысып, шындықты шығанға шығарып жалаң қамшымен шиыра ұрып, шыбын  жанын  шырқы­ратып көзіне  көрсетіп  жүр.

 

АЛАҚАНДАР

Аялағанда тұла бойыңды шымырлатып, жан-жүрегің­ді жібітіп жіберетін алақандар бар. Және де қалтаңды қа­ғып, малтаңды тауып, барыңды мұрныңнан сығып шығарып алатын алақандар да бар.

 

ОНЫҢ  АЗАБЫ

Науқандық бастамаларға дүрмекке еріп «ура» деп үн қосып үйренгені сондай – өз білдігімен күнделікті жұмыс­ты күпсітіп істеуге келгенде тап  жаңа  кестірілген бұқадай­ мәңгіп қалатын ол үшін бұл сәт  тұрғанымен азап.

 

ОҚУДАН  ҰШЫНҒАН

Оқып туған сабаз. Біл­мей­тін пәлесі жоқ. Өзінің өзгелерден осы артықшылығын жақсы сезінеді. Сондықтан да кезінде де, қазір де оқуға аса мән бермеген. Содан келіп қай жерде отырса да, ілім-білімді мансұқтап, екі сөзінің бірінде: «Оқудан мүйіз шықпайды. Қалтаң толық болса болды. Оқусыз да адам болдық» деп даудыраудан  жағы  бір  тынбайды.

 

«ӨЛМЕУДІҢ»  ЖОЛЫ

Әкіммен арыздасқандар ағайын болса, алпыс шақырым алыстан аулақ жүр. Әкіммен ауыз жа­лас­қандар мен жалбақтап жағымпаз­данғандар жатта болса, жанынан  табыл. Осы жол сені өлтір­мейді. Бас­қада нең  бар, қасқа!

 

ҒАЛАМАТ ТҰРАҚТЫЛЫҚ

Оның араққа деген­  махаббатының тұрақтылығы ғаламат. Төбесіне әңгір­таяқ ойнатып, әкесі де қойдыра алмады­. Қарғап-сілеп жүріп шешесі де қойдыра алмады. Бетінен алып жүріп жанындағы қосағы да қойдыра  алмады. Жалынып-жалбарынып, жылап-сықтап өтініп балалары да қойдыра алмады. Ұялтам, қызартам деп құрдас, қатар­ластары  да  қойдыра алмады. Енді қойдырса,  тек  ажал  ғана қойдыра алатын сияқт­ы...

 

«КҮРЕСІН»

Әр заманның өз қоқысы болады. Зама­н өзгергенде, сүріліп тасталатын күре­сін қоқыстың ішінде  кетпейтіндей өмір сүр.

 

МІНЕ, ҚЫЗЫҚ

Өзгенікі түгілі, өз әйелін өзімдікі деп айтуға жүрегі бата алмай жүргендер  бар.

Арал  қаласы