«АЙНАМЫЗҒА» ЖИІ ҚАРАП ЖҮРМІЗ БЕ? | Print |
05.04.2018 11:14

«Адам бүгін театрға ертең адам болып қалу үшін барады» депті канадалық режиссер Робер Лепаж. Сан түрлі өнердің басын бір ордада біріктіріп, майталман мамандардың еңбегін сахнаға шығаратын театр, расында, құдіретті. Актерлердің шынайы эмоциясынан туған кейіпкерлер арқылы қоғамды, өмірді тағы бір қырынан танимыз.

27 наурыз – Халықаралық театр күні. Мерейлі мерекеге орай облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында «Театр – өмір айнасы» атты кеш өтті. Айтулы күн қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шара жаңашылдығымен, ерекшелігімен көрермен көзайымына айналды. Залдың лық толы болуы өнерсүйер қауымның актерлерге деген ыстық ықыласын аңғартқандай. Мерекелік кеш шымылдығы театрда қызмет атқарған ардагерлерді еске алумен ашылды. Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы,  облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Рахымжанқызының және басқа да театр ұжымдарының арнайы құттықтаулары оқылып, жұртшылық театр актерлеріне құрмет білдірді. Кәсіби мерекеге орай өнер үздіктері марапат биігінен көрінді. Қойылымдарға жиі келіп, тұрақты көрермен болғаны үшін Алмат Шалқарбаев «Үздік көрермен» номинациясына лайық деп танылды. Ал театр өнерін БАҚ арқылы қалың бұқараға насихаттап, үздік бейнетүсірілімдер жасағаны үшін «Театр өнерін насихаттаушы» номинациясымен «Қызылорда» телеарнасының операторы Ахан Әлиев, сахна шеберлерінің өнердегі өмірі туралы үздік мақалалар жариялағаны үшін «Театр өнерін насихаттаушы» номинациясымен облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Назерке Саниязова марапатталды.

Жыл бойына табысты еңбек еткені үшін «Үздік қызметкер» номинациясымен театр менеджері К.Жүсіпова, сахна жұмысшысы Ж.Кәрімбердиев және кіші қызметкер Ж.Бұлтынбаева, «Қуыршақ» спектакліндегі табысты ролі» номинациясымен «Қожа мен спорт» қуыршақ спектакліндегі әже ролі үшін артист А.Қиятова, «Ойнайықшы бір, ойлайықшы бір...» комедиясындағы Уылдырық ролі үшін артистер С.Жүзбай және Бекіреш ролі үшін З.Кенжәлі «Үкілі үміт» номинациясымен, «Ғашықтар хикаясы» комедиясындағы Ақмақта ролі үшін «Эпизодтық табысты әйел бейнесі» номинациясымен артист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ү.Бегімова және «Ойнайықшы бір, ойлайықшы бір...» комедиясындағы Файл ролі үшін «Эпизодтық табысты ер бейнесі» номинациясымен артист Д.Сабыров, жыл бойында сахналанған спектакльдерді бимен көркемдегені үшін «Үздік қойылым» номинациясымен балетмейстер М.Абишева, Уильям Шекспирдің «Макбет» трагедиясындағы Мыстан ролі үшін «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясымен артист М.Пұшпақова және Қанат Жүнісовтың «Ғашықтар хикаясы» комедиясындағы Дастан ролі үшін «Ең үздік ер бейнесі» номинациясымен артист Б.Ошақбаев, «Театрымыздың тарихи тұлғасына айналған артист Яһуда Халықұлов атындағы ауыспалы жүлдемен» артист Қ.Архабаев, «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Әлия Арысбай атындағы ауыспалы жүлдемен» артист А.Төлеуова, «Қазақстанның халық артисі Серік Шотықов атындағы ауыспалы жүлдемен» артист, Мәдениет саласының үздігі Б.Темірбеков марапатталды.

Айта кету керек, айтулы дата қарсаңында Алматы қаласында өткен Қазақстан Театрлар Ассоциациясының «Сахнагер-2018» Ұлттық театр жүлдесін тапсыру салтанатында театрдың жас артисі А.Оразалиев «Үміт» номинациясын алған болатын. Осылайша шара барысында талантымен тамсандырып, қабілетімен ерекшеленген дарабоздардың еңбегі еленді, мерейі тасыды. Әсем ән, әдемі әуен де осында. Мың бұралған бишілердің өнері келген қонақтардың көңілін бір серпілтіп тастағандай. Кеш өнерсүйер қауымға рухани тарту болды.

Театр – өмір айнасы. «Өміріңізбен» бетпе-бет келуден именбей, «айнаңызға» қаншалықты жиі қарайсыз, көрермен? Жауабыңыз болмаса, театрға келіңіз!

Жазира БАҒЛАН,

Н.Нұржаубай (сурет)