САРЫ АУРУ САРСАҢҒА САЛМАСЫН | Print |
05.04.2018 11:20

Жуырда Қызылорда қаласында А вирусты гепатитіні­ң эпидемиологиялық ахуалы тұрақсыз деп хабарланды. Себебі аталмыш ауруға шал­дыққан оқушылар қатары уақыт өткен сайын көбейе  түсуде. 2016 жылы науқастар саны бар-жоғы  төртеу  болса, былтыр бұл дерек артқан, яғни  9  ауру  дерегі  тіркеліпті.

А вирустық гепатиті халық арасында бауырдың  ұлғаюы және сары ауру деген атпен жақсы таныс. Қазақстанда  ғана  емес, дүниежүзінде  кең тараған инфекциялардың бірі. Бірақ тарауы әр жерде біркелкі болмайды. Мамандардың айтуынша­, сырқат әсіресе, күз, қыс мезгілінде жоғарылайды. Фекальді-оральді жолмен тарайтын  вирусты инфекция 3-12 жас аралығындағы балаларда  жиі  кездеседі.

Өңірімізде осы аурудың дендеп кетуіне байланысты қазір қала мектептеріне тексеріс шаралары  жүргізілуде. Талапқа сай емес мектептерге хаттама толтырылған. Бұл жөнінде қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бас­шысының міндетін атқарушы Гүлмира Сыздықова науқасқа  шалдыққан  оқушыларға   жұқпалы­    А гепатитіне қарсы екпе егілмегені белгілі бол­ға­нын айтқан. Қазіргі таңда аурушаңдықтың алдын­ алу мақсатында мектептерде эпидемиологиялық көрсеткішке байланысты қарым-қаты­наста болған­ 14 жасқа дейінгі 961 баланың 751-іне екпе егілген. Екпенің тиімділігі туралы мектеп басшы­лығымен бірлесе отырып, одан бас тартқан ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

«Даудың басы» екпеде болса, аурудың алдын алу мақсатында егілетін екпеден ата-аналар неге бас тартуы мүмкін? Бұл туралы өңірлік коммуни­кациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұлжан Аханаева «екпе егу кей­бір ата-аналардың діни көзқарасына қайшы, осы сияқты көптеген себептермен ата-аналар балаларына екпе егуді құп көрмейді» деген болатын.

Байқағанымыздай, екпе екпеудің салдары дерттің жоғарылауына ғана алып келді. Ал басты байлығына жауапкершілікпен қарайтын әрбір адам оған қатысты таңдауға да салғырт қарамасы шындық.

Ж.Бағланқызы