ТАР ЖОЛМЕН ТАЙҒАҚ КЕШКЕН ТАНКИСТ | Print |
12.04.2018 10:44

Өткен ғасырдың 1941-45 жылдары жарты әлемге ойран салған сұрапыл соғыстың зардабы мен залал­ы адамзат баласының сана­сына­ өзіндік өшпес ыза мен із қалдырды. Сол қан майданға қаншама­ қазақстандықтар қатысып, ерен ерлік көрсетті десеңші. Майдан даласынан оралмаған боздақтар қаншама?... Отан соғысына біздің аймақтан да мыңдаған марқасқа азаматтар аттанды. Солардың қатарында Жаппасбаев Айтбай ағамыз да бар болатын.

Айтбай аға 1903 жылы Қармақшы ауданына қарасты Абыла ауылында өмірге келген. Ол жастай еңбекке араласып, ерте есейді. Егін де екті, құрылыста да жұмыс істеді. Жасынан техника түрлерін меңгеруге құштар болды. Ол ақыры көздеген мақсатына жетіп, 1932-38 жылдар аралығында Жосал­ы кентіндегі Қарсақпай автотр­есінде, 1938 жылдан 1942 жылдың маусым айына дейін Қызылорда облыстық партия комите­тінің шаруашылық бөлі­мінде көлік жүргізуші болып істеді. Сол жылы өз еркімен майданға  аттанды. Мәскеу қаласында танк жүргізушілерін даярлайтын курсқа курсант болып қабылданады. Ол курсты ойдағыдай тамамдаған соң №274 механикаландырылған батальон командирі Айтбай­ ағаны бөлімше командирі етіп тағайындаған. Сол сәттен бастап­ танкист, бөлімше командирі А.Жаппасбаев ұрыс даласына аттанады. Бірінші Белорусь майданында болып, Гомель қаласын фашисттерден азат етуде аға сержант А.Жаппасбаевтың бөлім­шесіндегі танкистер асқан ерлік көрсетеді. Айтекең – Польша жерін азат еткен, оның ішінде Варшава қаласын басқыншылардан босатуға тікелей қатысып, Берлинге дейін жеткен жаужүрек жауынгер болған кісі. Ол талай жауынгерлік жауапты тапсырмаларды қалтқысыз орындап, көптеген мадақт­ар мен марапаттарға ие болға­н азамат. Жаудың Висла өзені үстіндегі көпір секілді мықты­ бекінісі мен жаудың байланыс телефон­  желілерін  жойғандығы  өз алдына  бөлек  әңгіме.

Польша жерін азат ету басталар алдында барлаудың көмегімен бір селода немістің екі жүз елуге жуық «СС»-тері орналасқан орынды ойранын­ шығарып, қырығын тірі­дей қолға түсіргені Айтбай аға бастағ­ан бөлімшенің асқан ерлігі еді. Одер өзенінен өткендегі қиян-кескі  ұрыста жасаған ерлігі ерекше­ болатын. Ағамыз қызмет еткен баталь­он 1945 жылы сәуір айында Берлинді алуға қатысқан. Сол сұрапы­л соғыста көрсеткен ерен ерліктері­ үшін Айтбай Жаппас­баев І-ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Варшаваны алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен  және Бас қолбасшының  Алғыс­  хаттарымен  марапатталған.­

А.Жаппасбаев 1945 жылдың қазан айында жеңіспен аман-есен елге оралып, қаладағы механизация мектебінде мұғалім, инструктор болып қызмет атқарды. Жастардың техника тілін толық меңгеруіне бар күш-жігері мен білімін жұмсады. Аталмыш мектептен мыңдаған жастарды көлік жүр­гізу­ші мамандығына машықтандырып шығарды. Айтбай аға 1963 жылы зейнеткерлік демалысқа шықса да, үйде қарап отыра алмады. 1963-74 жылдар аралығында қаладағы Мемлекет­тік банкте ақша тасымалдайтын көліктің тізгінін бас­қарды. Сол кездегі Одақ пен облыстың Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен, ақшалай-заттай сыйлықтарымен  марапатталды.

Иә, Айтбай аға сияқты аяулы ағаларымыздың есімдері ел есінде мәңгі сақталары анық. Ел осындай ерлерін ұмытпақ емес. Мен Айтбай ағамен қаладағы Төлебаев тұйығындағы №19 көпқабатты үйде  көршілес  тұрдым. Бүгінде ұлы Жомарт – еліміздің әлеумет­тік-экономикалық өсіп, өрлеуіне өз үлесін қосып жүрген білімді де білікті  азамат.

Бүгінде Айтбайдай аяулы аға ортамызда жоқ, 1986 жылы дүние салды. «Орнында бар оңалар» дейді атам қазақ. Қазіргі таңда Жомарт інім әкесінің барлық құжаттарын көзінің қарашығындай  сақтауда. Оған  алғыстан  басқа­ айтарымыз  жоқ.

Қазыбек   ӘШІРБЕКҰЛЫ