ҚОЛТАҢБАСЫ АЙҚЫН ДИНАСТИЯ | Print |
26.04.2018 10:43

1926 жылы  сол кездегі  Қазақстанның астанасы Қызылордада  тұңғыш Бүкілқазақстандық республикалық  көрме өткен. Қазақстан суретшілерінің тұңғыш көшпелі  көрмесі де 1928  жылы Қызылорда қаласында ұйымдастырылыпты. Көрмеге қойылған суреттерді республикамыздың  бір  қаласынан  екіншісіне түйемен  тасыған.

Қашанда дарындыларын ұмыт  қалдырмай, ұлықтайтын қазақ бұл жолы да әдетінен танбады. Биыл сән және қолдан­балы өнерде ерекше еңбегіме­н ел есінде қалған Л.Қожықованың  125 жылдық мерейтойы. Ол – Қазақстанның алғашқы театр суретшісі, халық шебері, талантты тұлға. Өткен аптада Қызылорда көркемсурет галереясында «Қожықовтар қолтаңбасы» атты  көрме  ұйымдастырылды. Көрменің ашылу салтанатына Л.Қожықованың не­мересі Сәуле Құлахметқызы Алматы қаласынан арнайы келді. Сондай-ақ, шебердің шығармашылығын  зерттеуші ғалымдар мен әріптестері де осы салтанатты шараның құрметті  қонағы  болды.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қожықовтар династиясы киелі Сыр топырағынан шыққан өнер әлемінің биік шыңын­ бағындырған, сол өнер өлке­сінде қолтаңбасы қалған, қазақ мә­де­ние­тінде өз орны бар династия екенін тілге тиек етті. Еске сала кетейік, Ләтипа­ Қожықованың жары Қоңыр­қожа  Қожықов «қырғыз» аталып келген  ұлттың  «қазақ» деген тарихи әрі нақты атауын қалпына келтіру мәселесін  біржақты етуге өз үлесін қосқан ағар­тушы  ғалым. Ал ұлдары Құлахмет, Қожахмет, Нұрахмет, Сұлтан-Ахмет сынды өнерлі азаматтар ұлт өнерінің алтын   қазығына  айналған  десек,  артық айтқандық  емес.

- Қазақты әлемге қазақ ретінде таныт­қан екі дүние бар. Оның бірі  Мұхтар  Әуезовтің «Абай жолы» эпо­пеясы болса, екіншісі, қазақ кино өнерінің тарихында алтын әріппен жазыл­ған, әлемнің 80-ге жуық елінде көрсетіліп, бағасын  алған  «Қыз  Жібек»  фильмнің режиссері, тектінің  тұяғы  Сұлтан-Ахмет­  Қожықов  екені  бәріміз­ге  аян. Әулеттің  анасы, сән және қолданбалы өнер шебер­і Ләтипа Қожықованың қазақ қолөнеріне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдар­ы мемлекеттік тапсырыспен Ләтипа Мұңайтпасқызының қолынан шыққан қазақтың ұлттық киімдері Ф.Рузвельтке сыйға тартылып, қазір АҚШ-тағы Рузвельт музейінде сақ­тау­лы. Сондай-ақ, ежелгі қазақ қол­өнері дәстүрінде тоқылған сәндік бұйым­дары мен ұлттық киім үлгілерін Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінен көруге болады, - деді облыс әкімі.

Мұнан соң Л.Қожықованың немересі  Сәуле  Құлахметқызы  әулет  өмірін­дегі естеліктерімен бөлісіп, жұрт­шылыққа алғаусыз алғысын білдірді. Одан кейін қонақтар шебердің 70 суре­ті  қойылған  көрмемен  танысты.

Ләтипа Қожықованың өмірі мен шығармашылығына терең талдау А.Тоқмағам­бетов атындағы мәдениет үйінде өткен конференцияда жалғасты. «Ләтипа Қожықова және қазақтың ұлттық  сурет  өнері» атты ғылыми-практикалық  конференция  барысында  сән саңлағының өмір сүрлеуі қамтылды. Алқалы басқосуды облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов тізгіндеді.

- Сырдың өнегелі әулеті, Қожықовтар  династиясының қазақ руханиятындағы, мәдениетіндегі орны айрықша. Өнерлі отбасының ұлт үшін жасаған істері көпке өнеге. Бүгінгі конференция барысында белгілі театр суретшісі туралы тың деректер айтылады деген сенімдемін, - деп сөз бастады Р.Рүстемұлы.

Жиын барысында саналы ғұмырын сүйікті кәсібімен сәулелі еткен жан турасы­нда ерекше естеліктер айтылды. Сәуле Қожықова Лапиндер әулеті мен атасы Қоңырқожа туралы тарихи деректе­р  мен суреттерді сөйлетті. Әкесі Мұңайтпас Әндіжанұлы Кеңтүп ауы­лында  болыс  болып, халық үшін игі істер атқарған. Туған жерінде «Хан» мектебінің ашылуы сол кезеңдегі жұрт үшін жағымды жаңалық болды. Ауыл балаларының сауат ашып, білім жиюына  алғашқы  баспалдақ  болған бұл мектеп  тұрғындардың  алғысына бөленген. Екі әулеттің тағдыры туралы тұшымды әңгіме айтқан С.Қожықова қонақтарға ерекше көңіл күй сыйлады. Тыңнан түрен салып, сән шеберінің көпшілік біле бермейтін тұстарын ұсынды.

Қазақтың төл өнері туралы білгіңіз келсе, ою-өрнекке үңіліңіз. Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің аға ғылыми қызметкері Гүлнар Жұбаниязова Л.Қожықова­ның  қолынан  шыққан  ою-өрнектердің сақталуы мен зерттелуі туралы баяндады. Мұндағы ерекшелік – оюлар киіз үй жабдықтарына арнал­маған, тек сахналық киімдер мен декорацияларға пайдаланылыпты. Ал өнертанушы Жамбыл Нәтбаевтың сөзінше, елде әлі де сақталып, жарыққа шықпай жүрген қолөнер туындылары бар. Осыны­  жандандыруды ұсынды ол. Қолөне­р туындыларын бір орталыққа жинап, олардың жасалу тәсілін үйретсек, тарих  та  жаңғыра түспек.

Түркістан қаласынан келген Қожа Ахмет Яссауи атындағы ХҚТУ докторанты Хакан Ас қожықовтануда қолға алынған байыпты бастамаларға тоқ­талды. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың филология  ғылымдарының  кандидаты,­ доцент Алдажар Әбілов тақырып аясында тың деректер айтты. Оның сөзінше, әліппе алғаш Сыр топыра­ғында тәжірибеден өткен. «А.Байтұр­сынов әліпби емес, оқу құралын жасаған. Ол әдістемелік құрал болатын. Кейін ол әліпби құрастырды. Сол кезде,­ менің шамалауымша, ол Қожықовтың әліпби жасаудағы тәжірибесін пайдаланды» деді А.Әбілов. Осы ретте Сыр өңірінде «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы бойынша тындырымды тірліктер жасалып жатқанын айтуға болады. Мәселен, «Қазақстанның киелі жерле­рінің географиясы» жобасын іс жүзінде жүзеге асырып, киелі орындар нақтыланды. Ұлтқа, өңірге айтарлықтай маңызы бар ескерткіштер реті белгіленген.

Конференцияда айтылған тың ақпарат­тар, деректерді тыңдаған соң қонақтарға «Тарлан» деректі фильмі көрсетілді. Тұңғыш рет тұсауы кесілген фильмде режиссері Болатхан Нүсіп­беков Қожықовтар әулетінің өмірі мен шығармашылығынан қызықты мәлі­меттер ұсынған. Режиссерлік шеберіл­гінің арқасында өткен жылдардағы ел көп біле бермейтін ақпарларды «сөйле­тіпті».

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА,

Н.Нұржаубай (сурет)