ҚҰШАҚТАДЫ ДА, ПЫШАҚТАДЫ... | Print |
26.07.2018 12:13

Мұхтар  ШЕРІМ

Екі кештің арасында есік алдындағы «Джипімнің» айналасында қараңдаған біреуді көрдім. Көрдім де: «Бұл неғып жүр?!» - деп көңіл бөлдім. Жетіп барғаным сол, айнамды  сындырып ала алмай жатқан ұры «О, оо, қалайсыз, көке?» деп мені құшақтай алды да, артынша май құйрығыма пышағын кірш еткізіп, тығып алды. Көзім қарауытып, үйге әрең  жеттім.

- Ойбай не болды? - деп сұрады әйелім жанұшыра жетіп келіп.

Мен теріс бұрылып, құйрығыма қадалып тұрған пышақты көр­сеттім.

- Пышақтап кеткен бе? Әке? Полиция шақырайық! - деді үрейі ұш­қан  балам.

- Керегі жоқ!

- Неге әке?

- Ее, балам, полицейлер сол  ұрылармен ауыз  жаласқан. Олар да пайда көріп отыр!

- Пышақ осылай тұра бере ме? - деп сұрады әйелім.

- Ине-жіп әкелші.

- Е?

- Ақырын суырып алып, жараның аузын тікпейсің бе?

- Бұ-бұрын құйрық тігіп көрмеген едім...

- Енді осылай жүре бермейтін шығармын?

- Жедел жәрдем...

- Болмайды. Олар полицияға хабар­лайды. Сосын жүрейін, жа­уап беріп... Ақырында өзімді кінәлап шығады.

- Мына қоғамнан қорқа­йын дедім! Күні кеше атақты спортшы Денисті пышақтап өлтірді, қит етсең, ата салады. Көлік­терімен қаға салады, Құ­дайым-ай, өмір сү­ру­ден қалдық қой? - деген әйелім пышақты тез суырып  алды. Балам пышақты­ көріп:

- Әдемі пышақ екен... - деп тамсанды.  Әйелім: «Нан турауға жақсы екен..» - деп қойды. Содан не керек, апта өткенде, тағы да үйге сүйретіліп кірдім.

- Атып кетті... - дедім әрең дема­лып.­

- Ойбай, кімдер? Не үшін? Неге? Қай жеріңнен? - деп сұрақтармен сабалады әйелім.

- Құйрығымнан.

- Сенің-ақ құйрығыңнан пы­шақтап­, ата береді екен де! Қоянбай, полицияға  хабарла!

- Керегі жоқ. Полиция көрген. «Біздің территория емес» деп қайта­ра салды.

- Әке, осылай бұғып жүре берсек, бір күні сізді өлтіріп кетеді! Шағын бизнесіңізді күндеп жүр ғой біреулер!

- Жоқ деймін де, не үшін атты? - деп сұрады әйелім.

- Өзім де білмеймін. Бір жігіт келді де: «Көке, тоңқайыңызшы?» деді. Қайдан білейін, тоңқая қалып едім, тарс еткізді де, қашып кетті!

- Жынды шығар мынау?

- Кейін есіме түсті, кеше көшеде оның көлігін ығыстырып, жол бермеген едім...

- Енді не істейміз? Қансырап өлесің ғой?

- Үйде шиенің шырыны бар ма?

- Бар.

- Соны білегімнің қан тамырына құй. Қызыл түсті, қанға ұқсас қой.

- Әке, бола бере ме не?

- Қызыл қанды қайдан табамыз табан астында? Болсаңдаршы!

Әйелім білегімді түріп, шиенің шырынын құйды. Есімді жидым. Ой, одан кейін де сол құйрығыма садақпен атқандар, оған тырқылдап күліп жатқандар болды. Бір тәуірі,  құйрығыма  сала құлаш найза­ қадалмады, басқасының бәрін көрді сорлы құйрығым. Әне, біздің қоғам осындай, мен сияқты жаралы, ал кейбір үйлер қайғы жұтып, қаралы... Мен қоғамнан  қорқатын  болдым...