КІМ ЖЕТКІЗДІ, КІМ ХАБАРЛАДЫ? | Print |
01.11.2018 10:23

Кәмпеске кезіндегі ОГПУ-ға жетіп тұрған мына хабарлар осы кезге дейін жабық болған, енді ашылған деректер көздерінен алынды. Мұндай деректер мың сан. Ашылмай жатқаны қаншама... Біз олардың тек Қызылорда облысына қатысты бірнешеуін ғана беріп отырмыз. Деректерде аты аталғандардың басым көпшілігі – кейін репрессияға ұшырағандар, жазаланғандар... Лайым, елімізде енді мұндай зұлматтар, «жеткізушілер  мен  хабарлаушылар»  болмасын.

....Қызылорда  ауданының  №5 ауылының байы Ержан­ Данов алдағы болатын тәр­кілеу жайлы естіп, малын ресми­ түрде балаларына бөліп берген, осындай жолмен өзін кедейлердің қатарына қоспақ болған. Ауыл­дастарына Данов: «Енді маған келе берсін, мен де жұрт сияқты пролетариймін» деген. Бөлісуді заң жүзінде жасаған, бірақ балаларымен бірге тұрады. Барлық малын, яғни 450 қой, 35 түйе, 25 жылқы және 30 бас ірі қа­раны балаларына тең етіп бөліп  берген.

 

...Тереңөзек ауданының №7 ауылының байы Жұрғамбет Нұржанов алдағы уақытта болатын кәмпескелеуді естіп, осы ауылдың ауыл­советінің төрағасы туысқанымен келісіп мал-мүлкін бөліп берген, әйелін өз алдына  мал мен шаруашылық иесі етіп  бөлек шығарған.

 

...Шиелі ауданының №10 ауылының байы Махамбетов барлық  малының 2/3 бөлігін 5-6 бастан ауылындағы кедейл­ерге уақытша пайда­лануға берген, осы жолмен кәмпескелеуден құтылмақ болған.

 

...Қызылорда округінің бұрынғы Сұлутөбе болысының №1 ауылының байы Сейіт-Мәмбет Нүркеев осы жылдың шілде айының ортасын­да кәмпескелеуден қашып, малын жасырмақ болып­ қолындағы 800 қойының 500-ін Қызылқұмға айдап­  әкетті.

 

...Қызылорда округі Шиелі ауданының №16 ауылының байы Бәйімбет Мамықов бұрынғы Сұлутөбе болысының №1 ауылының байлары Әбдіқадыр және Ибашпен келісіп, малының 2/3 бөлігін мал санын билік­тің көзі көрмесін деп, кәм­пескелеуден жасыру үшін Сырдария өзенінің оң жағалауына  айдап  әкеткен.

 

...Қызылорда округінің Тереңөзек ауданының №1 ауылының байы Абердин Ниязов байлардың арасында малды сатуға үгіттеп жүр: «Бізге, байларға тез арада малды сатып ақшасын сенім­ді жерге жасыру керек, әйт­песе бәрібір биыл малды тартып алып, өзіміздің кедейлерге таратып береді». Оған таныстары «өзің неге солай етпей жүрсің?» дегенде, Ния­зов келесі күні 400 бас қойын Қызылорда базарына айдап әкеліп сатты да, қалған малын – 600 қойын, 30 жылқысын екіге тең бөлген.

 

...Алдағы кәмпескелеуге байланысты үрей жетегіне түскен элементтер қазақ халқын «тонағысы келген» кеңес үкіметіне қарсы жамандықтар айтып қарғап-сілеуде. Мысалы, «Қызылорда ауданының 8-ші ауылының атқамінері Сейіт Нархожин үйіне қонған Қожанов атындағы интернаттың мұғалимасы Жалмұхамедоваға былай деген: «Үкімет көшпелі халықты тонайын деп жатыр деген сөз бар, қарғыс атсын мұндай өкіметті. Бұл үкімет тек қамау мен тонауды біледі, ұнағанын тартып алады, әртүрлі алым мен салықтың астында қалдырды. Сен оқыған адамсың ғой, бәрін жақсы түсіне­сің, қалада болған кезіңде байқашы, тонау қалай жүріп жатыр? Биыл даланың адамдарын тәркілеу басталатыны рас па екен, рас болса маған хабарла, мал мен мүлкімді алдын ала жасырайын».

Биылғы жылдың шілде айының басында Нархожин баласын заңды түрде бөлек шаруашылық етті (бірақ шын мәнінде бірге тұрады).

 

...Қызылорда ауданының №1 ауылының байы Атибеков ескі Бұқараға 150 қойын айдап апарып сатқан.

 

...Шиелі ауданының №18 ауылының байы Жәрімбетов те сол жаққа барып 150 қойын сатқан. №17 ауылдың байы Есенжолов та тамыз айында сол жаққа малын айдап, 500  қойын  сатқан. Қызыл­құм далас­ының байлары өзара сөйлесіп, салқын күн­дер түс­кеннен кейін Өзбекстанға бір қора малды айдап баруға  келісіпті.

 

...Қызылорда округі Те­рең­өзек ауданының №1 ауы­лының байы Ниязов малдарын сатып, түскен ақшасына күміс теңгелер мен мануфактура сатып алған. Бай ауылдастарына да осылай етуге кеңес беріп жатыр.

 

...Қызылорда округі Шиелі ауданының №20 ауы­лының байы Әбдіқожаев кәмпескелеу болады деген әңгімелерден соң қолындағы бар малын бес інісіне таратып берген, бұл әрекетін шындыққа жақындату үшін інілері үлестеріне тиген малдары­на өз таңбаларын басқан.

 

...Қызылорда округі №22 ауылының байы Жеренов «Еңбекші қазақтан» кәмпескелеу жайлы оқып, алыстағы Қызылқұм даласындағы таныс­ байларға  адам  жіберіп, хат жазып­, жақын уақытта кәм­пескелеу басталатынын ескерткен, даланың алыс түк­піріне, үкіметтің адамдары жете алмайтын жерлерге көшіп кетуге кеңес берген. Қызылорда округінің бір­неше  аудандарының  байлары кәмпескеден қорқып Қарақұм мен Қызылқұмдағы көшіп жүргендермен хат жазысып, малын ұстап баға тұруды, өздерімен бірге кө­шіп жүруге рұқсат сұраған. Кейбір байлар округтік ат­қару комитетінде жұмыс істейтіндер  арқылы  кәмпескенің нақты басталатын күнін  білуге  әрекеттенген.

 

...Шиелі селосының (Қызылорда окр.) тұрғыны Василий Яровенко (ауқатты) Данилов деген азаматпен әңгімесінде былай деген: «Кеңес үкіметі шаруаларға тыныштық өмір бермей отыр, ай сайын бірдемені ойлап­ табады, біресе заем, біресе салықты көбейтеді. Оның азабын көретін шаруа. Салықпен жон терімізді сыдыр­у аз болғандай, енді байдың малын кәмпескелеу­ді ойлап тауыпты, мұнысы тыныштықпен бітпейді, кәмпескені ойлап тапқандар оның «қызығын» көреді».

 

...Шиелі ауданының (Қызылорда окр.) бұрынғы болысы, №6 ауылдың байы Көптай Алғымбаев осы жылдың қыркүйек айының басында дастарқанына өзінің руластарын жинап, оларға былай деген: «Биыл көшпелі халықты үлкен бақытсыздық жайлады, Кеңес үкіметі қазақ халқының ең жақсы-жайсаңдарын тонап жатыр, осылай қолымызды буып отыра берсек­, үкімет бұл жұмысын табыс­пен жасайын деп отыр. Сендер қалай етсеңдер өз еркіле­рің, мен винтовкамды дайындаймын, оның бүгін-ертең пайдасы тиіп қалуы мүмкін». Қатысушылар Алғымб­аевтың бұл сөзін қолдама­ды, себебі кеңес үкіметі мықты, оған қарсы тұру  пайдасыз.

 

...Қызылорда округі Шиелі ауданының №5 ауы­лының байы Арыстанбай Жолтаев осы ауданның №16 ауылының азаматы Есеновпен кәмпескелеу жайында былай деген: «Дала қазір дүбірдің алдында, дала бір үлкен іске дайындалып жатыр. Бұл дайындықтың ақы­ры коммунистерді оңдырмас. Мен 6 жылдан бері винтовкамды тығып қойған жерге­ көз салмап едім. Жақын­да оны көмген же­рімнен алдым, себебі қажет болайын деп тұр».

 

....Тереңөзек ауданының (Қызылорда окр.) 7-ші ауы­лының азаматы Мүсірепбеков (Нұржанов деген байдың ағасы) осы жылдың 12 қыр­күйегінде Тереңөзек қыстағының азаматы Федяевпен әңгімесінде оған ҚазЦИК төрағасы Ерназаров жолдасқа Нұржанов байдың малын тәркілеуді тоқтатсын деген өтініш жазып беруін сұраған. Мүсірепбеков сонымен бірге: «Нұржанов арызын тап­сырған кезде Ерназаровқа 3000 рубль береді, меніңше ол Нұржановтың өтінішін орындауы  тиіс. Ол бұл ақша­ға келіседі, себебі 3000 рубль үшін ол екі жыл қызмет етуі керек» деген. 7 қыркүйекте Нұржанов Қызылорданың базарында 50 қойын сатқан, жақын күндері қолындағы түйелерін сатпақ ойы бар.

 

...Қызылорда округінің №2 ауылының бір топ байлары мен орташалары жақын ауылдардағы кәмпескелеу комиссиясының малды тәр­кілеп жатқанын көріп, малдарын арзанға көк тиынға сатып­ жатыр. Мысалы, Сейіт Нұрмағанбетов деген бай 8 жылқысын 150 рубльге сатқан. Осындай топтар тәркі­ленуге түседі деген бар малын қазан айының ортасында Өзбекстанның базарына айдап­  апарып  саудаламақ.

 

...Қызылорда ауданының №4 ауылының байы Байжан Талашев (тәркіленуге жататын) ауылсоветтің төрағасымен келісіп, малын өзін қолдайтын ауылдастарына бөліп берген, содан кейін ауылдық кеңестен 100 қойы бар деген куәлік алған. Малды бәрібір тауып алады ғой деп айтқандарға: «Менің малым құрымайды, олар сенімді қолда, коммунистерге түкіргенім бар, олар маған ештеңе істей алмайды, себебі орташа­ларды  жер аударсын деген заң  жоқ».

 

...Бұрынғы Сұлутөбе болысының (Қызылорда окр.) №15 ауылының атқамінері Нұртаза Шоқаев және оның немере ағасы Мырзеке Қа­лымбетов ауқаттылардың арасында Парижде жүрген Мұстафа Шоқаевтың жазған хаттарында айтқандарын тарат­ып жүр, жақын уақытта қазақ халқы ұлы орыс халқының қанауынан босайды. Ал осы байлар өткен маусым айын­да Мұстафаға алдағы уақытта болатын кәмпеске туралы жазыпты-мыс. Мұстафа Шоқаев оларға былай деп жауап беріпті: «Егер коммунистер  кәмпескелеу жүргіз­се, оған көп қайғырмаңдар, себебі сендерден тартып алынған мал кеңес үкіметі Қазақстаннан қуылған соң қайтарылып беріледі, ол уақыттың  күні  алыс  емес».

 

...Қазалы аудандық милициясының бастығы Оспан Төлеков өз ауданының байларымен тығыз байланыста, байлардан сыйлық алып тұрады, кәмпескелеу кезінде өз туысқандарын кәмпескеден аман алып қалуға тырысады. Мысалы, Айсықұлов деген бай Төлековқа бір жыл­қы­, бағасы 70 сом тұратын күміс белбеу және 50 сом сыйлады. Осындай істердің ар­қасында №8 ауылдың байы, Төлековтың інісі Омар Төлеков кәмпескелеу кезінде ағасының көмегіне сеніп отыр. «Оспан комиссия мүшесі ретінде №5 ауылға кетті, қолынан келгенінше біздің шөмекейліктерге жамандық жасамас, осылай деп өзі де айтып кетті», «уайымдама, біздің Оспан комис­сияның мүшесі, өз адамдарына  жамандық  жасамайды».

 

...15 қыркүйек күні Қы­зылорда округі Шиелі ауданының №11 ауылының атқамінерлері Малитбеков Сарбас пен Сыздық, Малибеков Омархан және Шанабай (тегі белгісіз) кәмпескелеу комиссиясының келуінен бір күн бұрын ауылдың кедейлері мен батырақтарын жинап, ауылындағы байлардың мүл­кін комиссияға бермеңдер деген. Қатысушылардың бірі Сартай Ташиметов деген батыр­ақ оған келіспей: «Егер біз қанаушыларды қорғайтын болсақ онда үлкен қылмыс жасаймыз, мен қатысушылардың барлығын комиссияға көмектесуге шақырамын, мен байлар туралы не білетінімді өзім айтып бере­мін» дегенде атқамінерлер Сартайға ұмтылып, жұрттың көзінше оны бір-екі рет қамшымен тартып жіберген. Қалған кісілерге атқамінерлер: «егер кімде-кім байларға қарсы аузын ашатын болса, ондай адам рудан аластатылып жоқ етіледі» деген. Келе­сі күні Шиелі ауаткомына келіп болған жайды айтқан. Комиссия осы арыздың негі­зінде екі атқамінерді тұтқындады, бірақ ауылда осы оқи­ғаны тексерген кезде арыз беруші мен куәлар бұл жанжал екеуара жеке бастың кикілжіңі деп арыздарынан бас тартқан.

 

...Қызылорда округінің Қарақұмдағы байлары малдың бағасының арзандап, оған сұраныстың азайып бара жатқанын байқап, малын неси­еге  сата  бастаған. Осындай  91 дерек  тіркелді.

 

...Қызылорда  округі  Шиелі  ауданының  байлары­ малы мен мүлкін тәркілеуден аман алып қалу мақсатында кедейлерді үгіттеп, үйлеріне той-жиын­дарға шақырып көңілдерін алып, «тәркіленген мал кедейлерге таратылмайды, Қызыл Армияға етке жіберіледі»  деп  айтып  жүр.

 

...№8 ауылдың (Жаңақорған) жер аударылған байы Бидаш Изеевтің баласы Бектұрсын Бидашев комиссия мүшелерінің арасында «кәмпескеленген заттарды тауып бергендеріңмен бәрібір үкімет кедейл­ерге бермейді, үкімет оларды совхоздарға береді­» деп үгіт жүргізді. Жасырылған малды табу кезінде мұндай сөздердің маңызы зор болды, себебі Бектұрсын Бидашев жер аударылуға жатпайды, ауылдың ішінде абыройы үлкен еді. Осы жағдайға байланысты іс-шаралар қабылданып, Бектұрсын Бидашев кеңес үкіметіне қарсы жүргізген үгіт жұмыстар­ы үшін қамалып жауапқа тартылды. Алғашқы­ кездегі түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде­  мынадай кемшіліктер болды: №8 ауылдың ауылсоветінің  төрағасы Рысбеков (партия мүшесі, әлеуметтік  жағдайы  кедей) конференция өткеннен  кейін бір күннен соң өз қалауымен  Изеев  Бидаш­ байдың үйіне барып, оның жер аударылуға жата­тындығын ескерткен. Изеев бір қара қойды сойып, ескерткені  үшін  уақытша пайдалануға деген­  желеумен­  Рысбековке  бір  атын береді.

Келесі мысал да партия мүшесімен (қызметі жоқ) болған, ол да сәтті жағдайды пайдаланбақ болып ауданнан өз ауылының орташа малшысының үйіне келіп, оған «малының саны 25 бастан артық кісі­лердің малын кеңес үкіметі тартып алады, сол себеп­тен де сен бір қара қойыңды сой (құрбандыққа шал), енді көріп отырсың ғой, мен партия мүшесі ретінде сенің малыңды тәркілеу мен өзіңді жер аударудан құтқарамын, егер сен күзгі қырқым жүніңді маған берсең» дейді. Түсіндіру жұмыстары жүргізілген кезде­  біздің  ауданда  осындай оқиғалар орын алды, мұндай  оқиғалар болған жерлерге дереу барып, бай-феодалдардың мал-мүлкін кәмпескелеудің мақсаттарын түсіндірудің нәтижесінде тез жойылып отырды.­ Жоғарыда аталған жолдастар қызметтерінен  алынып, істері  РКК-ға  берілді.

 

...№2 ауылда түсіндіру науқанын аудандық батырақ­тар комитетінің төрағасы Ж.Ерубаев жүргізді. Түсіндіру жұмыстарын аяқтағаннан кейін оның баяндамасын аудандық комиссияда тыңдады, баяндамасы бойынша науқан керемет өткен, оның ауылында бай да жоқ, атқамінер де жоқ. Артынша №2 ауылдың науқанға көмектесу комиссиясының мүшелері, екі кедейден арыз түсті. Арызда аудандық уәкіл Ерубаев бастаған комиссия мүшелері 3  байдан 500 сом ақша алып, №2 ауылда жер аударуға­  жататын  байлар  жоқ  деп  қаулы шығар­ған. Сонымен  бірге Ахметов деген осы ауылдық комисс­иясының  мүшесі  №1 және 11 ауылдың  комис­сия  мүшелеріне­ «біз  өз  ауылымыздың  байларын  ауылымызда байлар­ жоқ деп аман сақтап қалдық» деп мазақтап күліпті. Бұл болған жағдай, болған жерге барып өз көзімізбен көрдік. Бұл адамдар­дың барлығы тұтқындалды, істері  тергеу­шілерге  тексеруге  жіберілді.

 

...Аудан бойынша 6 бай анықталды: 1. Бидаш Изеев, №8 ауыл, 8 жан, ірі қараға шаққанда 353 бас малы бар. 2. Сердалы Бидашев №8 ауыл, 12 жан, ірі қараға шаққанда 234 бас малы бар. 3. Ербісбек Баваше­в, №1 ауыл, 15 жан, ірі қараға шаққанда 320  бас. 4. Әліп Толқымбаев №11 ауыл, 10 жан, ірі қараға шаққанда 246 бас. 5. Жантөре Аралбаев, №12 ауыл, 5 жан, 61 бас. 6. Жәнібек Тұрсынбаев, №12 ауыл, 20 жан, ірі қараға шаққанда 635,5 бас. Бүкіл аудан бойынша ірі қараға шаққанда 1849,5 мал табылып таратылды. Аталған 1849,5 мал былай таратыл­ды: 90 жеке шаруашылыққа – 143 түйе,  246 жылқы, 50 ірі қара, 4 есек, 641 қой, 286 ешкі (бәрін ірі қараға шаққанда 494,5 бас), 1 киіз үй және 2,5 киіз үлестірілді. № 1, 11 және 8 ауылдарда жаңадан­  ұйымдастырылған 4 колхозға (мүшелерінің саны 164) таратылды: 140 түйе, 155 жылқы, 274 мал, 8 есек, 1590 қой, 1397 ешкі, 3 киіз үй, 5 киіз. Барлығы ірі қараға шаққанда 977 бас. Бұрын ұйымдасқан­ 3 колхозға ортақ пайдалануына: 39 бас түйе, 34 жыл­қы, 2 өгіз, барлығы ірі қараға шаққанда 75 бас берілді. Қабылдау-өткізу акті бірге тігілді. Жаңақор­ған ауданында совхоздар жоқ, сондықтан аудан агроно­мына совхоздарға тарат деп: 3 түйе, 22 жыл­қы, осы жылқының бір үйірі (10) бөлініп берілді,  2 бас қошқар, 1 ешкі, 1 серке, жиынтығы ірі қараға шаққанда 26 бас. Қабылдау-өткізу актісі барлық малдың түс белгілерімен және денсаулығының жағдай­ымен  қоса тігілді. Ауыл шаруашылығы салығы­  үшін деп 701 қой, 10 бас түйе, 4 ешкі, ірі қараға шаққанда барлығы 158 бас бөлінді. Бақташыларға  жалақы  үшін ірі қараға шаққанда 14,5 бас және әртүрлі аурудан 9,5 бас өлді. Алты киіз үй барлық­  бөлшектерімен және 16 кілем сақтауға қалдырыл­ды, қабылдау-өткізу  актісі  бірге  тігілді.

Жаңақорған ауданы бойынша уәкілдер Ерден­баев, Каратаев

АП РК. Ф. 141. Оп. 1. Д. 2058. Л. 130-160. Растал­ған  көшірме.

 

С.ЕСМАХАНҰЛЫ