ӘЙЕЛ – ЕР-АЗАМАТТЫҢ МЕНШІГІ ЕМЕС | Print |
01.11.2018 10:37

Өмір  біреуді үлкен бағымен, ал енді бірін  түрлі қиындықтарымен сынайды. Тағдырдың сан қилы сынағына шыдап, небір ауыртпалықты бастан өткеріп жүрген келіншектер бар арамызда. Оларды көріп, жағдайын сезінбе­у, түсінбеу мүмкін емес. Алғашында жігіттің төресіне, адамзаттың асылына қосылдым ба деп жүргенде, кейіннен таяқ жеп, көкала қойдай боп жүретінін қалай түсіндіресің? Осындайда «біздің қолдан не келеді?» деп қарап қалмай, сол жандар үшін жаңа орталық ашып, оларға бар жағдайды жасап келе жатқан «Самұрық»­ инновациялық идеяларды дамыту орталығы қоғамдық қоры жанындағы «Қамқорлық» дағдарыс орталығының ұжымымен, жұмысымен танысып қайт­қан  болатынбыз.

– Орталықты осы жылдың 9 айында 146 адам паналап шықты­. Қазіргі таңда 9 ана, 15 бала, барлығы 24 адам бар. Өкінішке қарай, отбасында жасалынып жат­қа­н қылмыстар мен зорлық-зомбылық жылдан-жылға көбейіп келе­ді. Оны орталық көмегіне деген сұраныстың артуынан байқау­ға болады. Негізі бұл бұған дейін де болған нәрсе. Бірақ ол кезде бүгінгідей әйелдер­ өз құқықтарын біле  бермейтін. Күйеуі әйеліне қол көтерсе,­ ол бір солай болуы тиіс нәрсе болып көрінді. Алайда әйел – ер-азаматтың меншігі емес. Ауылдық жер­лерде мынадай түсінік қалыптасқан. Үйленеді де, «менің әйелім, не істесем де өзім білемін» дейді. Ол бір ұрады, екі ұрады, ал соңы қайғы­лы жағдаймен аяқталмасына кім кепіл?- дейді орталық басшысы Жандос Тұсмағамбетов.

Орталықтың негізгі мақсаты – екі жасты бітімге шақырып, татуластыру, әйелді отбасына қайта қосу. Статистикаға сүйенсек, осында ағымдағы жылдың 9 айында 52 отбасынан келіншектер келген болса, соның 85 пайызға жуығы күйеулеріне қайта қосылыпты. Әрине, қолын бір көтеріп қалған адам екінші рет ұрмасына кім кепіл деуіңіз мүмкін. Осы жерде айта кету керек, мұндай оқиға болғ­ан жағдайда арнайы ішкі істер бөлімінің мамандарымен қорғау нұсқамасы шығары­лады. Онда күйеуіне әйеліне дөре­кі сөйлеуге, қол көтеруге қақысы жоқ екендігі айтылады. Ал егер қайталанса, әкімшілік іс қозғалатыны ескерті­леді. Сондықтан да болар, бүгінгі күні қайта татуласқан отбасындағы әйелдердің тек 5 пайызға жуығы ғана орталыққа қайта жүгінген.

Осында шілде айында көмек сұрай келген Әсемді күйеуі күрекпен ұратын көрінеді. Бұған дейін есірткіні шеккенін көрмесе де, құмарлығы жайлы қайынапаларынан естігені бар екен.

– 1986 жылы туғанмын. 2014 жылдың аяғында өзімнен 3 жас үлкен жігітке тұрмысқа шықтым. Екі қызым бар. Кішкентайым жақын­да 1-ге толды. Жұбайым алғаш­қы жылдары ауылда егінге қатысты жұмыстарды істеп, ақша табатын. Кейін ол жерде айлық бермей, шығып қалды. Қолынан құрылыс жұмыстары да келеді. Кейде солай азын-аулақ ақша тауып­ әкеледі. Негізгі жұмысы жоқ  бірақ, - дейді ол.

Қазіргі таңда орталық мамандары жолдасымен жұмыстар жүр­гізіп­ жатқанын айтты. Күйеуін қоғамдық кеңес талқылауына салып­ты. Ал Әсемнің енесімен қарым-қатынасы жақсы екен. Жақын­да немересін сағынған әже оларды көруге де келіпті мұнда. Ал үлкен қызы балабақшаға барады­. Тегін. Тіпті, тасымал көлігі де бар. Мұның бәрі орталықтың кәсіп­керлермен байланысының арқасында мүмкін болып­  отыр.

Ал жасы 23-тегі Заринаның өмірі тіптен қиын. Осыдан 6 жыл бұрын өзінен 20 жас үлкен ер кісі алып қашып кеткен. Содан­­ бері фазендада өмір сүріп келген ол ертелі­-кеш сиыр сауып,­ күбі пісумен болған. Қолы босаса, балық аулайтын көрі­неді. Былайынша айтқанда, жеке өмірі жоқтың қасы. Бірде күннің қатты суығында жаздық аяқкиіммен сиыр сауған ол қатты тоңады. Үйдегілердің оның жағдайын ойлайтын түрі жоқ. Содан амалы таусылған Зарин­а фазендадағы көп қой­дың бірін сатып жібереді. Қырсыққанда, сол кезде өзге малдары да жоға­лып, соңында енесі бар пәлені осыған жабады. «Дауды­ң басы Дайрабайдың көк сиыры» демек­ші, сатқаны да, жоғалғаны да осының мойнында кетеді де, арада үлкен түсі­ніспеушілік туады. Сөйтіп Заринаны­ң осында келуіне тура келеді.

– Қармақшының қызымын. Үш балам бар. Тұңғышым 1-сыныпта оқиды. Қазіргі жолдасым сыртымнан ұнатып, алып қашып кеткен. Қарсылық танытпадым. Өйткені өзімнің 1 қызым бар еді. Бірінші  күйеуімнің  де жасы  үлкен  болатын, - деді ол.

Келгеніне әлі бір айдың жүзі бола қоймаған Зарина өз ойын ашық жеткізе алмады. Тұйықталып қалғаны соншалықты, оған бұл өмірде ешнәрсе қызық емес секілді көрінді. Десе де, өзіндей тағдырлас жандармен бірге мұңын айтып, шерін тарқата алатыны қуантады. Ал орталық мамандары жолдасын тапқанын, енді осында шақырып, жұмыс істейтіндерін айтады.

Негізінен, мұндағы мамандар ерлі-зайыптыларға уақыт береді екен. Өйткені ер-азамат әйелсіз күн көрудің қаншалықты қиын екенін, балаларының жанында болмағанының жүрекке ауыр тиетін­ін түсінуі керек дейді олар. Ал таяқтың астында қалып, үнемі денесі көгеріп жүретін келіншектерінің ашуы қайтуы қажет. Сол кезде ғана олар бір-бірін іздей баста­йтын  көрінеді.

Айта кетейік, бұл жер – жабық, қоршаулы зона емес. Ашық мекеме. Әйел көмек сұрап келгенімен, әкесінің баласын көруге қақысы жоқ деген түсінік жоқ. Кез келген уақытта көре алады, кездесе алады. Тек ол үшін ер-азаматтың ішкі істер органдарының өкілі­мен, арнай­ы рәсімнен өткен қорғау нұсқамасы болуы қажет.

«Қамқорлық»  дағдарыс орталығ­ында біз сөз еткен келін­ше­ктерден  бөлек  тағы 7 ана   жатыр.  Олардың   дені – аудандардан. Әсіресе, Сырдария ауданынан жүгінетіндер көп екен. Себебі­ қалаға жақын орналас­қандықтан, тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендерге қол ұшын созатын арнайы мекеменің барынан хабардар дейді Ж.Тұсмағамбетов. Бір жағынан, әйелдер өз құқықтарын қорғай бастаған. Олар өздеріне қол көтерудің қылмыс екенін түсінген. Соңғы статистикаға сүйенсек, елімізде әрбір сегі­зінші әйелге зорлық жасалады екен. 1986 жылы Қайрат Рысқұлбеков: «Алаңға мен Қонаевты да, басқаны­ да қорғауға емес, қазақ қыздарын шашынан сүйреп, ұрып жатыр деген­ соң бардым» деген екен сот­қа берген жауабында. Ал біз бүгінде сол қазақ қыздарын өзіміз, қазақ жігіттері ұрып жатырм­ыз. Ер-азамат деген атымызға кір келуде­. Тіпті, сұра­ныстың артуынан да болар, орталық жаңа ғимаратқа көшкен. Мұнда бұрынғыдай 8 адамға емес, 30 адам­ға дейін қабылдай алады. Ж.Тұсмағам­бетов ағымдағы жылдың шілде айын­да үкіметтік емес ұйымдардың кездесуінде арнайы облыс әкіміне ұсыныс та жасапты. Онда облыста зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдер санының жыл сайын артып келе жат­қанын әрі жақсы нәтижелерге қол жет­кізіп отырғанын айтып,  100 орын­ға дейін кеңейту қа­жет­тілігі туралы өз ойын білдірген.

Мұхтар Әуезов «Адамдықтың негізі – әйел» дейді. Егер отағасы әйелді бағаласа, дүниеде одан өткен мейірімді жан болмас еді. Өйткені оның жаратылысы – нәзік, гүл сияқты. Аяласаң жайнайды, аямасаң солады.  Шынында да үйінің жыртығын жамап, кемтігін толтырып жүретін әйел заты барынша қамқорлықты қажет етеді. Олар өздерінің жанында жылағанда жұбататын, жығылғанда қол ұшын созатын мықты ер-азаматтың болғанын қалайды. Олардан жаралы жанына шипа болатын сөз естігісі келеді. Кемеңгер жазушы жоғарыда біз айтып  өткен мақаласының соңында «...Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел­  болып қалам демесең, тағлымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе!» деген екен. Берік отбасы болып­, саналы ұрпақ тәрбиелей­мін деген адамға түсінікті-ақ!

(Кейіпкерлер есімдері өзгертілген)

 

Жансая   ЖҮНІСОВА