ӨЛШЕУЛІ ӨМІР, ӨЛШЕМЕЛІ КИІМ | Print |
28.03.2019 11:33

БРЕНД  пен  ТРЕНД

Баяғыда біреу той жасап, тойға көп кісі жиналыпты. Қонақтармен қатарласып Қожа да келіпті. Қожанасырдың үстіндегі киімі жаман болғандықтан оны ешкім елемепті. «Төрге шық, тамақ іш» демепті. Қожа үйден шығып кетеді де үйіне барып, тәуір киімдерін киіп, қайта келеді. Бұл жолы үй иесі Қожанасырды құрметтейді, төрден орын береді­, ет келгенде:

- Қожеке, алыңыз, алыңыз! - деп қошеметтейді. Қожа етті жемей, табаққа шапанының жеңін малып:

- Же, шапаным, же! - деп отыра береді.

Үй иесі:

- Сіздің бұ не қылғаныңыз? Шапан ет жейтін  бе  еді? - дейді.

Сонда Қожа:

- Сен кісіні емес, киімді сыйлайды екен­сің. Сондықтан шапаныма жегізіп отыр­ғаным! - деп жауап береді.

Біздің қоғам да беделің мен киіміңе қарап  сыйлайтыны өтірік емес. Үстіңе жапсырған киімің неғұрлым қымбат болса, соғұрлым сыйға лайықсың, неғұрлы­м арзан болса, сізбен көшеде кездесіп қалса да ұялатын адамдар бар. Оқып отырып өз-өзіңізді мойында­мауыңыз мүмкін, бірақ ішіңіздегі «арыста­н» сізге осы қасиетке мойын бұрғызады. Сондықтан елдің көбі хал-қадірінше ішер асына қимаса да, жөнді киінуге тырысады. Брендіне бір қарайды, трендіне тағы мән береді. Не керек, сәнді де қымбат киімін жұртқа айтып мақтанатын қасиеті де жоқ емес. Бірақ жұрт ойлағандай қымбат киім тек еуропа­лық, шетелдік дүкендерде ғана сатылмайды. Оны келілеп те алуға болад­ы  екен.

Елімізде соңғы 20 жылдың шамасында  халыққа  арзан әрі сапалы тауар түрлерін сатып келе жатқан кәсіп түрі бар. Ол – «Second hand» киімдер дүкені. Бұл дүкен аты айтып тұрғандай, екінші қолға  өткен киімдерді сатумен айналысады. Бұрындары мұндай дүкеннен жұрт киім алмақ түгілі есігінен қарап өтуге  ұялатын. Қалтасы таяз, көрпесіне­ қарай көсіліп жүрген бірлі-екілі адам болмаса, саудасы онша қыза қоймайтын. Бертін келе қаланың түкпір-түкпі­рінен ашылған дүкендердің тұтыну­шылары көбейді. Қазір тіпті тұрақты клиенттері  бар.

 

БҰЛ  НЕ  ДЕГЕН  БАТПАН ҚҰЙРЫҚ?

«Second hand» ұғымының түп-төркіні қайдан шықты? Әу баста Ұлыбританиядағы монархиялық әулет мүшеле­рінің киіп тастаған киім-кешектерін дамушы елдерге өткізу мақсатында бір орталыққа жинап, экспорттаған. Содан бастап үшінші деңгейдегі елдерге Еуропа мен Америка тұрғындарының ескі, бірақ таза киімдерін жіберу процесі үдеп, нәтижесі келілеп киім сату бизнесінің тынысын кеңейтуге мүмкіндік берген. Сол дамыған бизнес түрі жылдан-жылға үдемесе, бәсеңдер  емес. Тіпті үлкен сауда­ орталықтарындағы киімде­рдің өзіне күмәнмен қарауға тура келеді. Өйткені қазіргінің бренді мен тренді өңі қашқан, жыртық-тесік киімдер болғандықтан алдымен осы ойдың жетегіне кететі­німіз рас. Қаланың орталы­қ көшелеріндегі жарнамалар да жетерлік. Жалғыз өзім жүрген соң біреу-міреу көріп қоймас па екен деген оймен жан-жағыма алаңдап, жарнамасына көзім түсіп жүрген көк есікке кіріп кеттім. Сатушысы да көктен түскендей менің түріме қарап қал­ғанын аңғардым. Түк білмегендей аралап шығып, киімдердің бағасына, сапасына, иісіне мән бердім. Құр қы­зық­тап жүргенімді  байқаған ол:

- Не іздеп жүрсіз? - деді дауыстап.

- Мен негізі ешнәрсе алмаймын. Тек қарап жүрмін, - деп әңгімемді бастап, негізгі шаруамды  айттым.

- Жұмыс істеп келе жат­қанымызға 23 жыл болды. Өзіміздің тұрақты клиенттеріміз бар. Жұрт ойлайды, бұл жерден кедей-кепшіктер, ақшасы аздар киінеді деп. Олай емес, керісінше, қайта ақшасы аздар базардың арзанқол­, сапасыз тауар­ына  жүгіреді. Біздің заттар бүгінде Бельгиядан әкеліну­де. Базардағы Қытай мен Қыр­ғызстанның киімдерінен 10 есе сапалы. Өзіміздің «майлы клиенттеріміз» бар. Қаланың «менмін» деген  кейбір  байларының келіншектері де осы жерден киім алады. Бір рет киілген­ деген аты болмаса, бағасы да қолжетімді, сапасы да жоғары, - деді сатушы­  кісі.

«Қаланың кейбір байлары осы жерден­ киінеді» деген сөзіне қызығушылық танытып, төр жақтағы құндыз ішіктерге көзім түсіп, таразыға тартуын­ өтіндім. Етек-жеңі ұзын, жылтырап тұрған сырт киімнің құны небәрі 8500 теңгені құрады. Ал нарықтағы бағасы 150 мың теңгеден кем емес бұл киімнің бағасы  кімді  болса  да  ойландырары хақ.  Бірақ...

 

КИІМНЕН  ДЕНСАУЛЫҚ  ҚЫМБАТ

Сөрелерде тізіліп тұрған аяқкиімдердің де сапалы, бірақ киілгені анық көрініп тұр. Балаларға арналған аяқ­киім­дердің құны 1200-3000, әйелдер мен ерлер туфлиі 4000-10000, спорттық үлгідегі аяқкиімдер 3000-10000 теңге аралығында сатылуда. Сатушының сөзінше, мұнда жалқылай сатылатын киімдер де бар. Олардың бағасы 2000 теңгеден басталады. Ал негізі киімнің бір келісі – 5000 теңге. Соңғы уақыт­тары көптеп ашылуына қарағанда киімнің соншалықты өтімділікке ие екенін мойындамасқа амал жоқ. «Second hand» заттарын тұтыну бойынша алғашқы орындарда Пәкістан мен Малайзия, одан кейін Украина елі тұр. Десек те осыдан бірнеше жыл бұрын украин­дердің жаппай екінші қолға тиген­ киімдермен киінуіне байланысты мұнда «Second hand» өнімдерін импор­ттауға тыйым салған еді. Себебі, елдегі жеңіл өнеркәсіптің дамуы мен халық­тың  денсаулығына  тигізіп  жат­қан­ кері әсері анықталған. Демек бұл тауар­ларды тұтынып жүрген тұрғын­дардың өмір салтына үкімет те назар аудару қажеттігін аңғартады. Дәл осы қарқынмен біздің халық та тұтынатын болса, отандық өнімдерге деген өте аз сұраныс мүлдем жойылып кетуі ықтимал. Басты қауіп – халық арасындағы түрлі тері-венерологиялық және айықпас дерттердің ушығуына әкеп соқтырады. Өйткені бір мәрте киілген киімдерді химиялық тазартудан өткізгенде формальдегид қоспасы пайдаланы­лады. Ол дегеніміз – екінші кластағы аса қауіпті түссіз газ. Ол адамның тыныс­  алу  жолдарына, көзге және  теріге­ аса зиян және адамның жүйке жүйесін зақымдайды. Егер оның мөл­шері  ауадағы  зиянды заттардың қауіп­сіз мөлшерінен неше жүз есеге асып кетсе, барлық тірі жанды құртып жіберуі­ ғажап емес деген тоқтамға келген маман­дар. Формальдегид негізінен көлік  газдарынан  тарайды. Оның 40%-тік ерітіндісін формалин деп атайды­  және ол дезинфекциялағыш зат ретінде қолданысқа ие. Ол ол ма, бұл концерогендік зат қатерлік ісіктің де тууын­а  ықпал  ететін  қасиетке  ие.

Қалай болғанда да, арзанға әуес­тігіміз  артып  барады.

 

ӨЛШЕМЕЛІ  ӨНІМГЕ

ТЫЙЫМ САЛУ  КЕРЕК  ПЕ?

Күнделікті айналамызда жүрген адамдар қарызданып-қауғаланып, қымба­т дүкендерден киім алып жүр. Дәл  сол  дүкендерде таласып-тармасып жатқан халықты өз басым көрмеппін. Сонда кім, қалай әкетіп жүр? Мәселе­нің екінші ұшы бренд киімдерді сата­тын­ дүкендерге келіп тіреледі. Алайда сатылып  жатқан  киімдердің сапас­ы нық болғанымен, оның сани­тарлық құрамын зерттеп жатқан ешкім жоқ. Негізі бактерияның вегетативті фор­масы 60 градус температурада 30-60 ми­нут ішінде, 80-100 градуста 1-2 минуттан кейін өледі. Стерилизациядан өткізілген тауарлар деп қабылдағанның өзінде киімдегі мата тіндерінің ара­сында өмір сүретін кейбір бактериялар айналасына қабық түзіп алып, өмір сүруін әрі  қарай  жалғастыра береді екен. Тіпті кейбір микробтар 6 сағат қайнатса да өлмейді-міс. Әр адамның ағзасында  жасушадан  гөрі  бактерия көп екенін  ескерсек, біреудің киген киімін­де де сондай талшықтардың жүретіні анық. Аяқкиімнің де өзіндік санитарлық ережесі бар. Адам терісіндегі түрлі қолайсыз иістер тудыратын бактериялар мен саңырауқұлақтар теріде­н-теріге жұғу арқылы өмірін ұзартып­ отырады. Осыдан кейін өзгенің қаңсығын таңсық қабылдауды қою  керек.

«Second hand» өнімдері бүгінде Қазақстанның барлық қаласында бар. Тіпті жарнама агенттіктеріне атауын жазсаңыз, жарнаманың түр-түрін көресіз. Ірі мегаполистердің өзінде бұл кәсіптің тамыры жайылған. Қазақ­станға қай жақтан импортталатынын іздестіре отырып, «Second hand опторг» фирмасының менеджерімен байла­нысып, мән-жайын сұрап та көрдік.

- Тауарлар шетелден, Англия, Герма­ния, Голландия, Белгия, Польша елде­рі­нен тасымалдануда. Біз тек Қазақ­станға ғана емес, өзге елдерге де тауар жөнелтеміз. Бағасы әрқалай, аламын десеңіз жеңілдіктер бар. Ресей, Қыр­ғызстанға да біз жеткіземіз. Тонналап аламын десеңіз де, бізде тауар қоры жеткілікті, - деді компания менеджері.

Осыдан-ақ, бұл өнімдердің қаншалықты  сұранысқа ие екенін бағам­дадық. Сіз, мен және ол шетелдің қаң­сығына қазақ мұқтаж емес деп ойла­ға­нымызбен, ақшасын үнемдеп сол орындар­дан  киінетіндердің  көп екені­не­ көзім  жетті. Халықтан сұраныс болмаса­, 20 жылдан бері бұл дүкендер жабылып қалар еді. Ал сауда заңды­лығында тапсы­рыс болса ғана өтімділік болады. Өлшеулі өмірді өлшемелі киімм­ен тоздыр­майық. Халық ден­саулығы мен елдегі жеңіл өнеркәсіптің аяғына тұсау салуға жол бермес үшін өлшемелі өнімдерді импорттауға тыйым­  салу  қажет пе? Қалай ойлайсыз?

 

А.ҚАДІРХАН, қала тұрғыны:

- Дәл қазір өлшеп сататын киімге халық мұқтаж емес деп ойлаймын. Осыдан 10-15 жыл бұрын қымбат бағадағы киім киетін адамдар бірен-саран еді. Халықтың біразы базардың тұрақты тұтынушысы болатын. Қазіргі күні Аллаға шүкір халық ірі сауда орындарынан бағалы, сапалы киім киеді. Ал сондай қымбат тауарларға қолжетімсіздігі уақытында өлшеп сататын киімді алатындар кездесетін. Өйткені ол жерде шетелден келген таза, бүтін киімдер сатылды. Бір айта кетерлігі, ол бұйымдарды шетелдіктердің бір-екі мәрте ғана кигені деп сендіреді. Анығы ешкімге аян емес. Сол тұста киілген болса да қымбат киінуге ұмтылған халықтың бір бөлігі «сапалы әрі арзан бағада» деген жарнамасына қызығып, сондай оймен барды. Ал бүгінде өзіміздің жұрт дәл сондай бүтін, таза киімдерін мешіттерге, мұқтаж жандарға беретін жағдайға жетті. Оны сатып та жатқан жоқ. Қайырымдылық ретінде беруде. Сондықтан да мұқтаж емес деген ой түйдім.

 

А.ЫҚТИЯРҚЫЗЫ, қала тұрғыны:

- Мен бір апаны танимын. Байлығы асып-таспаса да, әулетіне жетеді. Сол кісі дәл өзің шығып келе жатқан «весовойдан» киінеді. Жақында жеңіл күртеше алыпты, небәрі   11 мың теңгеге. Ол бірінші киімі емес, ол жерден алған. Бұған дейін де бірнеше мәрте киім алғанын айтқан. Сапасы жақсы дейді. Бірақ өз басым ондай жерден киінуге қарсымын. Қанша дегенмен, оны  қандай  адамның кигені  белгісіз  ғой.

 

Г.БАЛТАБЕК, тұтынушы:

- Өлшеп сататын киім дегенге елдің бәрі мұндағы киімдерді киілген, жағымсыз иіс пен энергияға толы деп ойлайды. Негізінде олай емес, арасында шетелдің жеңілдікпен сатқан, алайда өтпей қалған тауарлары да осы нарыққа келіп түседі. Мен өзім осы жерден киінемін. Отбасыма да осы жерден аламын. Дүкендердегі қымбат киімдерге ұқсамайтын, сапасы әлдеқайда мықты киімдерді бірнеше есе арзанға сатып аламын. Әзірге ешқандай зиянын көргенім жоқ.

Нұрбике ҚАЗИҚЫЗЫ