ҚАРАБАЛАЕВ КӨШЕСІНЕ КӨҢІЛ КЕРЕК | Print |
16.05.2019 11:35

Біз тұратын Қызылжарма ауылдық округінде көлік қатынасы нашар. 2010 жылы бұрынғы «Құс фабрикасы» маңында тұрғындарға №4 көше, 21-участок жер телімі берілді. Сол уақыттан бері бұл көшеде біраз үй салынды, ал көктем, күз айларында оқушы балалар да, ересектер де үй арасында батпақтан жүре алмайды­.

Осы заманда біз қашанғы №20, 21 бағыттағы көлікті сарыла күтіп, қала орталығындағы оқудан, жұмыстан кешігіп жүреміз. №14 бағыттағы автобус күндіз-түні жүреді, бірақ бұл көшемен айналып жүрмейді, шығыс жақ беттегі мектептің жанына барып­, қалаға қарай кейін қайтады. Бұл шеткі Қарабалаев көшесіне «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-не қарасты­ үлкен сыйымдылықтағы автобус керек. Өйткені сенбі, жексенбі күндері №20, 21 бағыттағы жеке автобустар таңертең кеш шығады, кешкі сағат 19:00-ге дейін жүрмейді, ерте тоқтап қалады.

Асфальт жол салуға қыруар қаржы бөлінгенін біз өткен жылы басылым бетінен оқыдық. Ал сол қаржы қала іргесіндегі Қызылжармаға жетпей ме? Жарық мәселесі де шешімін таппай тұр. Бағана, сымдар алуға қаржы жоқ деп облыстық бюджетке сұраныс жасапты. Сонымен, Қарабалаев көшесінің тұрғындары асфальт жолды, үлкен сыйымдылықтағы автобусты, жарықты қашан көреміз?

Көше  тұрғындары  атынан

О.ЖАППАСБАЕВ,

Ж.АСАНОВ,

көз мүгедегі,

Н.ДОСАНОВА,

М.ҚОҢҚАҚОВ