ДИПЛОМ БАР, ЖҰМЫС ЖОҚ | Print |
16.05.2019 11:40

Қазір керексіз мамандар көбейіп кетті. Керісінше, керек мамандықтарға мойын бұратындардың қарасы аз. Статистикаға сенсек, елімізде 1,5 миллион диплом иесі жұмыссыз жүр. Есесіне қоғамға қажетті шаруашылық мамандары тапшы. Мұның негізгі себебі неде? Жақында электронды еңбек биржасының сайтында жарияланған еліміздің жоғары оқу орындарының рейтингісі осы сауалымызға нақты жауап бергендей болды.

Бұл рейтингті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырысы бойынша Еңбек ресу­рстарын дамыту орталығы дайындапты. Орталық еліміздегі мамандарды да­йын­дайтын ең нашар 20 оқу орнының тізімін жариялады. Рейтинг Қазақстанның 101 ЖОО-на жасалған екен. Оқу тиімділігі мен түлектердің еңбек нарығындағы табыс­тылығын негізге алған сараптамаға келіспегендер де бар. Өйткені ол тізімде елі­міздегі мүйізі қарағайдай оқу орындары жүр. Ең әлсіз деген универс­итеттер қатарына негі­зінен Алматы мен елі­міздің оңтүстік өңіріндегі жоғары оқу  орындары  жа­тады. Тіпті, Қазақ ұлттық аграр­лық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық тех­ни­калық зерттеу университеті, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медици­на универ­ситеті  сияқт­ы   беделд­і  мемлекеттік оқу  орындарының  да  ат­тары  жүр.

Қалай десек те, сала мамандары бұл сараптаманың шындыққа жанасатынын айтад­ы. Өйткені  бұл оқу орындарын бітірген мамандар толыққанды жұмыс тапқан жоқ. Немесе өзіне қатысы жоқ басқа салада еңбек етіп жүр. Нашар университетті анықтаудың ұтымды тәсілінің пайда болғанына қуанған қоғам қайраткерлері «Өтірік диплом сатып, елді алдағанша, қоғамға қажетті маман иелерін дайындап, шындыққа қарауды осы оқу орындарынан бастау керек» дейді.

«Серпін» ұлттық білім және инновация палатасының төрағасы Мұрат Әбенов те оқу орындарына сырттан тәуелсіз бақылаудың бол­мауынан, осы жағдайға жеткенін айтты. «Оқу бітірген жас маман жұмыс іздейді. Таппайды. Өйткені оның тәжірибесі жоқ. Кез келген мекеме оны жұмысқа алмайды. Өйткені оқу орны мен өндірістің арасында байланыс жоқ. Амалсыз жалған анықтама жасатып, оқу орнына өткізеді. Осындай өтірік анықтамалар арқылы ол оқу орны келесі жылы мемлекеттен грант алады. Міне, әді­летсіздік. Ал шын мәнін­де, ол мамандар қоғамдағы жұ­мыссыз мамандардың қатарын толықтыруда. Қа­жетсіз  мамандықтарға жылда грант  бөлінгесін жастар елімізг­е кере­к мамандық деп  тағы алданады. Салдарынан  оқу бітіргесін, жұмыс таппайды. Сосын билікке, мемлекетке өкпелейді», - дейді ол.

Бұрын талапкер мұғалім, мал технигі, мал дәрігері болу­ды қалайтын. Ал, қазір заңгер, кеденші, экономист болуды жөн көреді.  Содан болар, жоғары оқу орындарын  бітіргендердің 4,3  бөлігі заңгер, экономист, кеденші мамандықтарын құрайды. Олардың пікірінше бұл саланың болашағы зор. Жалақысы басқа  кәсіппен салыс­тырғанда жоғары. Алайда заңгер, кеденшілердің  жұ­мысқа орналасуы  көкейкесті  мәселеге айналды.  Салдарынан жұмыссыз  жастардың  қатары көбейді. Бірі күн­көріс қамымен базар жағаласа, бірі құрылысшы, күзетші болып күнін  көруге мәжбүр.

Қазір қай мамандыққа  сұраныс жоғары деген сауалға жастардан бұрын ата-аналар да ойлана бастады. Бұрын­ғыдай «оқып, қолына дип­ломын алса болды, ары қарай көрерміз» деген  түсініктің қате екеніне көз жеткізгендей. Ал ғалымдарымыздың айтуынша, қазаққа ғылым саласына жете көңіл бөлудің  қажеттілігі туындап отыр. Сондықтан технологияның  кез келген саласы қазаққа жат емес. Тіпті ұлт тарихын екроцен­тристік  көзқарастан алып шығып, жаңаша зерделейтін мықты  тарихшылардың қажеттілігі сезілуде. Жаңа формацияда өмір сүріп жатқандықтан тіл заңдарына  да қайта қарайтын  сауатты, білікті лингвистер  жетіспейді. Бұрын қолына су құя қалғанда  ақсақалдарымыз «мұғалім бол» деп бата беру­ші еді. Қазір педагог болуға  тырысатындар аз. Ал, біздің өндірістеріміз бен өнер­кәсіптерімізді ешкімге  жалтақтамай  басқаратын қазақ жігіттерін  оқытып шығару кезек  күттірмейді.

Қазір қызмет көрсету сала­сына 60 пайыз, шағын және орта бизнеске 80 пайыз­ мамандар жетіспейді. Біздің жүйенің басты қателігі, осындай керек мамандықтарға ғана грант бөліп, басқасын тоқтата тұрмауымызда болып отыр.

Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев қазақстандық ЖОО-на  әр азаматтың алған білімі мен біліктілігі  әлем­нің кез келген  елінде сұранысқа  ие маман болатындай  білім деңгейіне  жетуді мін­дет етіп қойған болатын. Және Елбасы нанотехнологиялық  орталықтар мен  зерттеу институттарын  қалай  болғанда да дамыту керек­ деген­-ді. Бүгінде облысымызда  техникалық  мамандығы бар кадрлар  тапшы екені мәлім. Айталық, об­лыс­тағы  комбинаттар мен зауыт­тар техникалық мамандықтарға зәру. Әсіресе, маркетолог, инженер, агро­ном, дизайнер, химик, ақпараттық  технологтарды емге таба алмайсыз. Тіпті қарапайым аң үйретушіге де сұраныс бар. Керек десеңіз, ауылдарда мал дәрігері жетіспейді. Ет өнді­ретін зауыт, оған өнімін әкелетін  малшы да қажетті  мамандықтардың қатарынан орын алды. Мұражай, кітапханаларға да сұраныс көп. Мұнай өндіру мен өңдеу жұмысына да  өзіміздің қазақ азаматтарынан шыққан  мамандар аса қажет. Химиялық тамақ өнеркәсібінің  болашағы да зор. Себебі, бұл мамандықтарды меңгерген  әрбір азаматтың келешекте  өзінің жеке өнеркәсібін ашуға  мүмкіндігі мол. Яғни, бүгінгі күні  тек компьютерді  меңгеріп қоймай,  тұтынушы ретінде ғана емес, өнім шығара алатын, кәсібін өрге сүйрейтін  маман  керек.

Түйін. Іс жүзінде, еңбек  нарығында жоғары білімі бар мамандар­  талап  етілетін  тек 15 пайыз  жұмыс  орны ғана  бар  екен.  Жұмыс  орындарының  85 пайызын  орта арнайы білім иелері  алып  отыр.  Ал біздің жастар жоғары оқу орындарына өз еркімен­  оқуға  түсіп, төрт  жылдан  соң  өзін  жұмыссыздықпен  қамтып  отыр. Бұл – білім  саласындағы  береке­сіздіктің, жүйесіздіктің  айқын көрінісі...

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ