«ДОЗА» ДӘРМЕНСІЗДІГІ | Print |
27.06.2019 11:40

Қай дәріханаға барсаңыз да,  үйіндегі біреудің ауырып  жатқанын, оған қандай дәрі беруге болатынын сұрап тұрған пациентті  көресіз. Фармацевт те адамгершілікке салынып, «мынадай дәрі бар, оны былай  бересіз» деп науқастың жасы мен ауруына байланысты ақпараттарды назарға ала отырып түсіндіреді. Шыны керек, бәріміз де шекеміз қысып, денеміз ысыса, дәріге ұмтыламыз. Таза ауада серуендеп, бір сәт тынығып алу деген жоқ. Мұндай сәтте өмірімізді сол дәрі-дәрмекке сеніп тапсырамыз. Ал біз ішіп жүрген дәрілердің ішу дозасы мөлшерден асса, онда басымызды бөрік ішіне, қолымызды жең ішіне тығып қоюға мәжбүрміз.

 

«СПИРТ»  СҰРАЙТЫНДАР  КӨП

- Қазақпыз  ғой, мұсылманбыз,  үйге қайтуға  жолақым  болмай  тұр. Жүз  теңге­  берші...

- ...

Дәл осы диалогты өрбітуге себепкер адамдардың қатары күн санап артып келеді. Тіпті бір көшенің бойынан бірнешеуін кезіктіріп жүрміз. Киімі бүтін, дені сау азаматтардың осындай тіленшілікке салынуына не себеп екені өздеріне аян. Белгілісі, ащы судың иісі анадайдан мүңкіп тұрады. Бұрын тек аялдама маңында алақан жайып жүруші еді, қазір кез келген қоғамдық ортаны торуылдап, әр кісіден «проезд» сұрайтын болған. Уақыт пен адам талғамастан, жаяу жүргіншілердің жүйкесіне тиіп,  қайырға қара бақыр сұрап жүр­генін баласы білсе, «менің әкем» деп айтуғ­а ұялар еді, жары білсе, «отағасы сөзінен садаға кет!», ал әке-шешесі  «Е, Құдайым, бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» деп қарғанатыны  анық.

«Универсам» деп аталатын мөлтек ауданында күн көзі жылынғалы тізе бүгіп, қол жайып отыратындар көбейді. Не керек, таң атқаннан алькоголді сусынн­ың иісін аңқытып алатындар қала ішіндегі дәріханаларға жақын жерде­ жүреді. Құлақ естігенді көз де көреді. Дертіне шипа іздеушілердің дәрі-дәрмегін сатады деген орынның кей заттарын әркім өз керегіне жара­тады  екен. Өткенде соның куәсі болдым. Жасы егде тартқан кісі алдымен жейде­сінің түймелерін ағытты. Фар­мацевтке алатын затының атын сыбырлап­ ғана «...бар ма?» деді. Ол да «нешеу?» деп қарсы сұрақ қойды. Шыны ыдыста тұраты­н медициналық спирттің жеті данасын алды да, ішкі қалтасына «сүңгі­тіп» жіберді. Таңыр­қаған  күйі:

- Мынаның бәрін не істейді екен? - деп  әңгіме  өрбіткім  келді.

- Айта беріңіз, не керек? Ол өзі біледі, «тұрақты» клиент­тер ғой, - деп қысқа қайырды.

«Тұрақты»  сауда жасайтын  бұл кісі ғана емес, аңғарғаным, бұдан кейін де мұндай көріністің куәсі болып жүр­дім. Бұрын аса мән бермей­тінмін. Дәрі-дәрмектердің сатылу дерегіне байланысты Қызылорда облысының тауарл­ар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау де­партаментіне хабарластық. Аталға­н департамент мәлі­метіне сүйенсек, бүгінде Қызылорда облысында дәрі­лік заттарды бөлшек саудада өткізуге 302 объект тіркеліп, жұмыс істеуде. Оның ішінде 263-і – дәріхана, 35-і – дәрі­ханалық пункт, 4-еуі – дәрі­ханалық  киоск.

 

БАС   АУЫРЫП, БАЛТЫР   СЫЗДАСА...

...24  сағат  жұмыс  істейтін дәріханалар бар. Бірақ, «ауырсам  болды, ала бере­мін» деген ой болмасын. Өйткені дәріханалар қазіргі таңда дәрі-дәрмекті «Халық денсаулығы және денсаул­ық сақтау жүйесі туралы» Кодексін­ің 69-бабының 5-тармағына сәйкес тек дәрігердің рецептімен ғана босатуда. Дәрігердің рецепті бойынша босатуға арналған дәрілік заттарды рецепті­сіз өткізу фактісі үшін ҚР «Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы» Кодек­сінің 426-бабы, 1-бөлігімен жеке тұлғаларға – 70, лауазымды адамдарға – 100, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 130, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне    1000 АЕК мөлшерінде айып­пұл көз­делген. Сондай-ақ, дәріхана жоғарыдағы бұзушылықты әкімші­лік жаза қол­даныл­ғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған жағдайда, фармацевтикалық қызметке арналған лицензияның қолданысы алты айға дейінгі мерзімге тоқ­та­тылады.

Соңғы  уақытта осы рецептпен босату­ мәселесіне орай түрлі пікірлер айтылып жүр. Жақтайтындары да, даттай­тындары да бар. Жақтаушылардың дені халықтың өз еркімен анти­биотик қабылдап, түрлі ауруларын қоздырып жатқандығын алға тартса, дат­таушылар  бас  ауырып, балтыр  сыздағанда уақытша ауырсынуды басатын дәрілерді алу қиындап кеткенін алға тартып  отыр.

 

ЕСІРТКІ   ТЕКТЕС   ДӘРІЛЕР   ЕРКІН   САТЫЛА   МА?

Рецептісіз дәрі босатылмайтынының да бірнеше себебі болуы мүмкін. Өйткені кейбір антибиотиктердің шамад­ан тыс мөлшері психотроптық заттардың орнын ауыстырады деген мәселенің де айтылып жүргені кеше, бүгін емес. Өткен жылдың аяқ шенінде қазіргі Сенат спикері Дариға Назар­баева еліміздің бас дәрігері Е.Бір­та­нов­қа «дәріханаларда есірткі тектес дәрілер еркін сатылып жатыр» деп осы мәселені бір қаузаған. Біртановтың да «елдегі дәріханалардың 40 пайызы рецептсіз сауда жүргізеді» дегені тағы бар. Міне, сол орындар абайламай дозасы күшті дәріні тұтынушыға беруі әбден ықтимал жағдай.

- Трамадол  препаратын  көбіне   14-18 жастағы жастар сатып алады. Нарко­лог-дәрігерлердің пікі­рінше, трамодол морфин деген­ есірткіге ұқсас. Бұл препаратты үлкен көлемде қабылдау адамды масайтады. Кейіннен трамад­ол тәуелділікке әке­ліп, ағзаны қинап, миды өзгеріст­ерге ұшыратып, бауырды­ бұзады. Бұл дәрілік зат рецепт бойынш­а  сатылатындар қатарына қосылғанымен, тәжірибе  жүзін­де дәріханалар оларды еркін сата  береді, - деген еді сол жолы Сенат депутаты  Д.Назарбаева.

Мәселе маңдайға тіреліп-ақ тұр. Тек оны сезіп, көре білу қажет. Бүгінде республикада жүйке жүйесіне әсер ететін және психотропты дәрілік заттардың 920 аталымы тіркелген, оның 757-сі дәрігердің тағайындауымен ғана дәрі­хана сөресінен босатылады. Құрамында психотропты заттары бар дәрілік заттар­ дәрігердің қатаң бақылауында болады. Облыс орталығындағы 24/7 сағат­  үздіксіз жұмыс істейтін тәуліктік дәріханаға  бардым.

- Сәлеметсіз  бе?

- Сәлеметсіз? Айта беріңіз...

- Кетанов немесе кетонал беріңіз­ші...

- Бізде тек рецептімен сатылады.

- Мүлде бере алмайсыз ба? Тым болмаса біреу беріңізші...

- Жоқ. Болмайды. Дәрігер рецепт береді, ол қағаз  бізде қалу керек.

Әрі сөйлестім, бері сөйлестім, не керек, ақыры ала алмадым. Дәріханашыға бір жағынан риза болдым. Бас министрлік­тің бұйрығын басынан бастап­ түсіндіріп берді. Сабырлы қалыппен...

 

ЭТИЛ   СПИРТІНЕ  ДЕ ШЕКТЕУ  КЕРЕК   ПЕ?

Жоғарыда баян еткен этил спиртін де көп мөлшерде сатып алып, су аралас­тырып арақтың орнына ішіп жүрген маскүнемдер де аз емес. Осы мәселенің анық-қанығын білмекке Қызылорда облысыны­ң тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысына «Этил спирті дәрігер рұқсатынсыз дәріханалардан босатыла бере ме? Қанша данаға дейін алуға болады?» деген­ сауалды көлденең тастадық.

- Медициналық мақсатта пайдаланылатын этил спирті дәріханалардан дәрігердің рецептсіз босатылады. Алайда­ фармацевт этил спиртін бір жолғы­ босату нормасы мөлшерінде (таза этил спиртінің біржолғы босатылуы­ 100 грамнан аспайды) босатуы­ тиіс. Бұл норма ҚР ДСМ Фармаци­я, фармацевтика және медицина өнер­кәсібі комитеті төрағасының 2004 жыл­ға 11 ақпандағы «Дәрілік заттарды­ң, меди­циналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйым­дардың бөлшек саудасының ережелерін бекіту туралы» №20 бұйрығымен бекітілген­, алайда қазіргі таңда атал­ған бұйрық күшін жойған. Бір айта кетерліг­і, дәрі­ханалық ұйымдар дәрі­лік затты рецептімен­ және рецептсіз ғана босатады­. Уақыт шеңберіне қатыс­ты босату бойынша еш шектеу­ жоқ, - деп жауап берді аталмыш департамент басшыс­ы  Ғ.Байменова.

Тұла бойын ауру меңдеп тұрмаса да, қуаты күшті дәріге құмарлығы бар пацие­нт қиылып тұрып сатып алса, оқиғаның аяғы немен аяқталары бел­гісіз. Өйткені қазір синтетикалық есірткі мен психотроптық дәрі­лерге құмарт­қан жастар кө­беюде. Елімізде осындай есірткі түріне құмартып, есепке алынған жасөсп­ірімдер саны 130-ға жуық­та­ған. Мұ­рын­ға, көзге себетін кейбір тамшылар мен дәрілік препараттарды  мөл­шерден  тыс қолдану арқыл­ы  «аспан  әлеміне» саяхаттайтын жастарды­ң болашағы бізді алаңдатпай қоймай­ды. Әрбір дәріні тек дәрігердің тағайындауымен ғана қабылдағанның осындайда пайдасы тиеді. Әйтпесе уытты­  затты уысқа түсіру тым жеңілдеп кеткендей  еді.

Әңгіме желісіне айналып соққанда әлгі жерден мен де сабыр сақтап өз жөніммен кете бардым. Бірақ дәріге деген қажеттілік шынымен бар еді. Министр­ліктің дерегі бойынша, еліміз­де 7 747 дәрі-дәрмек тіркелген екен. Оның ішінде 5998-і рецепт бойынша, ал 1 749 аталымы дәрігердің рұқсатын қажет етпейді. Шілдеде күшіне енетін заң кез келген дәріні сатып алу үшін дәрігерден рұқсат алу керек деп тұрған жоқ. Бірақ, 90 процент жағдайда заңдыл­ыққа  сүйенеді.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ



 

 

Гүлшат  ОРАЗБЕКҚЫЗЫ, қала тұрғыны:

- Бұрын басымыз, тісіміз ауырғанда дәріханадан кетанов, балалар ауырғанда бұрын беріп жүрген дәрілерді ала беретін едік. Мамыр айынан бастап бұл дәрілердің барлығы дәрігер рұқсатымен ғана тағайындалып жатыр. Бұл әдістің пайдалы тұсы да бар, зиянды жақтары да бар. Мәселен, кішкентай бала ауырғанда емхананың  демалыс күндеріне сәйкес келсе, бала үшін ауруға шыдау мүмкін емес. Үлкен адамдар да уақытша тыныштандыратын дәрі қолдана алмаған соң жедел жәрдем қызметіне жиі жүгінеді деп ойлаймын.

 

Айгүл  ДАБЫЛОВА,  дәрігер:

- Меніңше, дәрілік препараттарды тек дәрігер рұқсатымен пайдаланған жөн. Неге десеңіз, халықтың басым бөлігі емханаға уақыт бөліп келгісі келмегендіктен, кез келген дәріханадан өз ойларына келген антибиотикті алып, өзін немесе балаларын емдеп алуға құмар. Мұндай жағдайда ол дәрі адам ағзасына қандай реакция берері белгісіз. Кейбір науқастарға ол дәрінің құрамындағы препараттар кері әсер беруі мүмкін. Мұндай жайттар кездесіп тұрады. Кейбіріне қарапайым таблеткалардың өзі жақпайды. Өздігінен емделуге ұмтылған науқастың ауруы белгілі және белгісіз себептермен өршіп, жағдайы қиындай түссе, науқасқа да, дәрігерге де оңай емес. Әсіресе, балаларға ем-домды үй жағдайында жасай беруге болмайды. Аурудың алдын алу үшін тек дәрігермен кеңесу қажет екенін айтқым келеді.