«КӘНЕКИ, ФОТОҒА ТҮСІРШІ, ҚОҚЫС ТЕРГЕН СӘТІМДІ МЕНІҢ...» | Print |
01.08.2019 14:25

«Қиярдың өзін пиарсыз жемейтін» заманғ­а жеттік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын­ан кейін әкімқаралардың әлеуметтік желімен жұмысы күрт күшейіп кетті. Атқарған­ жұмысын алқалаған ағайынға көрсетіп, есеп беріп отыр­ғанға алғыстан басқа­  айтарымыз жоқ. Дегенмен, басшы­лар­дың жазбаларын тым ресми жазып­, желіге жүктей­тіні қызық. Бәлкім, парақшасы­н баспасөз хатшыс­ы жүргізіп отырған шығар.­ Ақ-қарасын  анық  білмедік.

Жақында #BIRGE #TAZA QAZAQSTAN экологиялық акциясы бастау алды. Биліктегілер ен далада жапа-тармағай кәдімгідей қоқыс теріп кетті. Бұл акция шен-шекпендінің ел арасында оң имиджін қалып­тастырып алуға ұтымды болды. Дүркін-дүркін ақпараттар  жариялап, сәт сайын Сырдария өзені­нің, көлдердің жағасында қоқыс жинап жүр­ген басшылардың  суреті желі­де  қаптады. Қолдарына қап ұстап, 40 градус ыстықта  акцияға ілесеміз деп, шенеуніктер­дің шекесінен шыл­қып тері шыққан шығар. Әлде, акци­яның басы-қасында 10-15 минут жүріп, суретке түсіп қайтт­ы ма екен? Бұл жөнінде әкімдік қыз­меткерлерінен суырт­пақтап  сұрағанбыз. Анығын­ айтпады. Бәрі­нен де кейбір лауазымды азаматтардың қоқыс жинауғ­а ақ көйлек, қара шалбар, қара туфлимен барғаны қызық болды.

Табиғатты таза ұстау азаматтық борышымыз ғой. Аталмыш акцияның өтуіне қарсылығымыз жоқ. Дей тұрғанмен, да­ла­дан бұрын, қаланың қақ ортасының қоқысын тазал­ап алған жөн болар. Қазір қай шағын аудан орталығына барсаңыз да, қоқыстан көз ашпайсыз. Шын іске кірісемін дейтіндер болса, алдымен тұрғындар қоныстанған аумақты қоқыстан тазартса екен. Ұранға үн қо­сып, апыр-топыр желіге сурет жүктегеннен гөрі бұл шаруа­ нәтижелі болар ма еді, кім білсін? Әкімдік те әбден әккі боп алған. Қит етсе, қоқысты тастайтын халықтың өзі деп шыға келеді. Айталық, Қызыл­орда қаласындағы «Шұғыла» ық­шам ауданында 8 көп­пәтерлі тұрғын үйге (шамамен, 500-ге тарта от­ба­сы) небәрі 4-5 контейнер (суретте) тиесілі. Күн астын­да қоқыс тергеннен гөрі шіліңгір шілдеде иісі әлемді алып жатқан ық­шам аудан­дардағы контейнерлерді көбейткен тиімді-ау! Әйтпесе, ақжағалылардың акцияда бір-екі сағат тер төккенінен нәтиже болмасы  анық.

Ел ішінде жағымды образ қалыптастыруда әлеуметтік желінің  әжептәуір салмағы бар. Десе де, шенеуніктер «жағымды образ» деп жүріп, жұмыстың жүйесін қолдан шығарып алмаса игі...

Сөз соңында әнші Нұрболат Абдуллиннің орындауындағы «Вальс» әнінің «Кәнеки, фотоға түсірші, бақытты сәтімді менің» деген иірімін осылайша құбылтқанды құп көрдік.

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ