КӘРІЗ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖҰМЫСТАР БІР ІЗГЕ ТҮСПЕЙ ЖАТҚАНДАЙ | Print |
12.09.2019 12:00

БАСЫН  АЛА  ҚАШУДЫҢ  БАСЫ

Апта басында «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша «Есенов көшесі (№17, 17а, 18, 19, 19а, 20, 20а), теміржол, Абай даңғылы (№28, 28а, 30, 32, 34, 36), №198 орта мектеп, «Бабас» ЖШС ғимараты, балабақша, Мұратбаев көшесі (№17,15,15а, 13), №14-ші кәріз- сорғы жүйелеріне реконструкциялау» жұмыстарының сапасымен танысу мақ­сатында баспасөз туры ұйымдастырылды. Құрылыс нысанындағы қыз-қыз қайнаған жұмыс барысында бір қызыққа тап болдық. Бізді онда қалалық құрылыс бөлімі мемлекеттік  мекемесі  басшысының  мін­детін атқарушы Ғалымжан Жанәділов, «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуна­лдық  кәсіпорны  өндірістік-тех­никалық бөлімінің басшысы Маржан Сырманова және т.б. бірлі-жарым кісі қарсы  алды. Бір уақытта  әріптесіміздің бірі  ақпарат алатын адам іздегені сол еді, аталған­ кісілер басын ала қашып, жауап­ беруден жалтарды. Осылайша, ойда-жоқта­  атқарылып жатқан жұмыстар туралы­  кімнен  не сұрарымызды  білмей дел-сал   күйде  қалдық.

 

БІР-БІРІН  КӨМЕККЕ ШАҚЫРДЫ

Сірә, мұндағылар нысанға БАҚ өкіл­дерінің келетінінен бейхабар сынды. Немесе тұщымды жауап беруге дым да дайын емес. Сондықтан болар, қалалық құрылыс  бөлімі  басшысының  міндетін атқарушы  Ғалымжан  Серікұлы кө­мекке­ Ғалымбек Арғынғазиевті шақыр­д­ы. «Нұрай Ақжол» ЖШС-нің өнді­рістік  инженері  өз  жұмысына  қатысты біршама мәліметтер турасында айта кетті.

- Шілде айынан бастап өздігінен ағатын кәріз құбырын жүргізу жұмыс­тары басталды. Қазір жұмыстардың  90 пайызы аяқталды, енді 315 метр құбыр жүргізу ғана қалып тұр. Жұмыс бары­сында ойламаған апатты жағ­дайлар, кедергілер туындап жата­тыны рас. Тұрғындар  тарапынан  арыз-шағым­ бар. Жақында ғана кәріз сорғылау жүйесінд­е апаттық жағдай болды. Өжіре суға толып­ қалған. Қазір оны ретке келтір­дік. Жалпы, жұмыс әлі біткен жоқ, қыркүйек­ айының соңында толығымен аяқталады. Ауланы  абаттандыру – біздің  мекеменің   құзырында, - деді ол.

 

«ЖҮР   БАРЛЫҒЫ   АРАҚ   ІШІП...»

Сол-ақ екен, кәріз жүйесіне жүр­гізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарының сапасына көңіл толмайтын тұрғындар төбе көрсете бастады.

- Осы жерді (үйілген бетон - ред.) таза­лап бер деп айтқанымызға үш күн бол­ды­. Ешқандай жұмыс істеліп жат­қан жоқ. Жүр барлығы арақ ішіп. Мына (үйіл­ген құрылыс қалдықтары - ред.) жерден өтем деп құлап, көзімді көгертіп алдым. Зардап шегіп отырған жанның бірімін. Арыз-шағымды тыңдайтын адам жоқ, - деп ашынды зейнеткер Алтынкүл Ертуарова.­

Иә, тұрғындар жаңғырту жұмыс­тарының өте жай жүргізіліп жатқанын және сапасы сын көтермейтінін айтады­. Жауапты мекеме «межелеген мерзімде толық бітіреміз» деп сендіріп отыр. Қысқасы, кәріз жүйесіндегі жұмыстар бір ізге түспей жатқандай. Ал, бізді қалалық­ құрылыс бөлімі басшысының мін­детін­ атқарушы Ғалымжан Серік­ұлының өз саласына қатысты ешқандай айтар­ы болмағаны расында таңғал­дырды.

Рыскелді   ЖАХМАН