ИНВЕСТИЦИЯ ИГІЛІГІ БАҒАНЫ ШАРЫҚТАТУ МА? | Print |
07.11.2019 12:40

Қызылордада нан бағасының қымбаттағанына көп уақыт өте қойған жоқ. Желтоқсан айының басынан бастап жолаушылар тасымалына өзгерістер енгізіліп, 2020 жылдан бастап қолма-қол жолақы төлемі 150 теңгені құрайды деген жаңалықтың жарғақ құлаққа тигені де жақында. Ендігі кезек газ бағасына тіреліп тұр. Аймаққа қарасты аудан орталық­тары мен қала маңындағы елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстарының жалғасып келе жатқанына бірнеше жыл болды. Бұл жұмыстардың барлығы «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының бойында қарастырылған бұрыптар арқылы жүзеге асырылуда. Бір өкініштісі, «енді аудандар мен ауылдық округтер көмір тасып, күл шығармайтын жағдайғ­а жетті» деп қуанып жүргенімізде «көгілдір отын бағасы қымбат­тайды»  деген  ақпарат  тарады.

Жыл басында бірқатар коммуналдық тарифтер арзандағанда аймақтағы газ бағасы өзгеріссіз қалған еді. Мұны ҚР Ұлттық экономика вице-министрі С.Жұман­ғарин:

- Атырау мен Қызылорда облыстарында газдың бағасы арзандамайды. Аталған өңірлерде газдың бағасы сол күйінде қалады. Қазіргі кезде Атырау облысында газдың тарифі ең төмен болып саналады. Ал Қызылорда облысында газдандыру бойынша барлық инвестициялық бағдарлама орындалды. Сондықтан тарифті төмендетуге резерв жоқ, - деп түсіндірген еді.

Есесіне келер жылы газ тұтыну бағасы­ 32 теңгеге дейін шарықтауы мүмкін. Себеп сол, 2020-2025 жылдар­ға арналған инвестициялық бағдарламаны іске асыру. «ҚазТрансГазАймақ» компаниясының өкілдері табиғи монополияларды реттеу комитетіне осындай өтініш жасаған. «Көгілдір отынның» тасымалдау ақысын 22,5 теңгеге көтеру арқылы аудандар мен облыс орталығына­ жоғары қысымды газ тартуды жоспарлап отырған көрінеді. Десек те, компанияның бұл уәжі мен ұсынысына жергі­лікті тұрғындар наразы. Осы мәселемен біздің редакцияға Құланбай Сарыұлы есімді қала тұрғыны хабарласып, газ бағасы­ның өсуі жөнсіз екенін жеткізді. Тіпті облыстық қоғамдық кеңесте де арнайы мәселе ретінде қаралды. Өз кезегі­нде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин:

- Газ тарифі өспейтіндігі туралы, керісінше, төмен түсіруге табиғи монополияларды реттеу департаментімен жұмыс істеліп жатқандығын айтқым келеді. Мен де облыс тұрғыны ретінде табиғи газдың шекті бағасының қымбаттауына қарсымын, - деп әлеуметтік желі арқылы өз ойын білдірді.

Мәселенің анық-қанығына көз жеткіз­у үшін ҚР ҰЭМ табиғи моно­полияларды реттеу комитетінің Қызыл­о­рда облысы бойынша департаментіне хат жолдап, жауап алдық.

- Біздің өңірде тұтынушылар үшін газды сату «ҚазТрансГаз Аймақ»  АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиа­лы­ (бұдан әрі – филиал) жүзеге асыра­ды­, оның түпкілікті бағасын Комитет реттейді. Сонымен қатар, тұтынушылар үшін газдың босату бағасы 3 құрылымды  құрайды:

- ҚР Энергетика министрлігі белгілеген көтерме тауарлы газ бағасы;

- газ таратушы жүйелер арқылы­ тауар­лық газды тасымалдау тарифі (қазіргі кезде депар­та­ментке  берілді);

- филиалдың үстеме ба­ғасы­, Комитет бағасын реттейді.

Осыған байланысты, тауарлық газды­ тасымалдау қызметі тарифінің қолданыстағы мерзімінің аяқталуына байланысты филиал 2020-2025 жылдарға тариф­тің шекті деңгейін бекітуге және оны 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізуге байланысты департаментке өтінім жасады. Субъектінің жобалық тарифі – бір мың текше метрі үшін қосымша құн салығынсыз 22610,22 теңге. «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы филиалының дәлелдері және тауарлық газды тасымалдау қызметі тарифінің өсуіне келіспейтіндігін білдірткен жария тыңдауда қатысушылардың ұсыныс-пікірлері толығ­ымен тыңдалды. Айтылған барлық ұсыныстар мен пікірлерді ескере отырып, тауарлық газды тасымалдау қызметіне тарифті бекіту туралы шешім ағымдағы жылдың 22 қарашасында қабылданады.

Айта кету керек, бұл – тек жоба, уәкіле­тті орган, яғни департамент барлық негіздеуші құжаттарды талдауда. Сонымен қатар, айтылған пікірлерді ескере отырып, тарифті бекіту туралы шешім 2019 жылдың 22 қарашасында қабылданады және тауарлық газды тасыма­лдау  қызметіне  тарифтің негіз­сіз өсуіне жол берілмейді. Тағы да айт­қанның артықтығы жоқ, департамент тауарлық­ газдың құрамына кіретін бір ғана бөлігіне жауапты. Департамент тауарлық­ газды тасымалдау қызметі тарифі­нің өсуіне жол бермейді, - деп жауап жолдады департамент басшысы Г.Өтегенов­а.

Табиғи монополиялар саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өтінімдерді қарау кезінде қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен айқынды­лығын қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың 23 қазанында департамент жария тыңдау өткізді. Оған тұтынушылар, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, Қоғамдық кеңестің, Үкіметтік емес ұйым­дардың, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, мемлекеттік органдардың өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның мәлімдеуінше, 2019 жылғы 31 желтоқсанда 2015-2019 жылдарға арналғ­ан «ҚазТрансГаз Аймақ»  АҚ  Қызылорда өндірістік филиалының газ тарату жүйелері арқылы тауарлық газды тасымалдауға бұрын бекітілген шекті тариф мерзімі аяқталады. «Табиғи монополиялар туралы» ҚР Заңының талапт­арына сәйкес, табиғи моно­полиялар субъектісі реттеліп көрсетіле­тін қызметтерді осы Заңға сәйкес бекітілген тариф бойынша көрсетуге мін­детті. Сол себепті «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы биыл шілде айында табиғи монополия­ларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне  2020-2025  жылдарға арналған газ  тарату­ жүйелері  арқылы  тауарлық  газды тасыма­лдау  қызметтерінің тарифтерін бекіту­  туралы  өтініш  жасаған.

Жаңа тарифтік жоба 747 миллионнан астам теңгеге жаңа инвестициялық бағдарламаны іске асыруды көздейді. Инвестициялық бағдарлама аясында Қызылорда облысы, Қазалы ауданы Ғани Мұратбаев кентінің кварталішілік газ желілерін салу, Қызылорда қаласында жоғары қысымды газ құбырын салу, ауыстыру сияқты жұмыстарды қамтитын  көрінеді.

Бұрын қолданыстағы лимиттік тариф­ аясында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы Қызылорда облысындағы 2015-2019 жылдары қарыз қаражатынан шамамен 22 млрд теңге көлемінде инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырған. Нәтижесінде  Қызылорда облысындағы 5 елді мекен, Арал, Әйтеке би, Жаңақорған, Шиелі кенті мен Байқоңыр қаласы  газдандырылды.  Қазіргі уақыт­та­ соның есебінен абоненттер саны 132,5  мың  адамға  артқан.

Естеріңізде болса, 2018 жылдың жаз айында да газ бағасының көтерілуі туралы­ мәселе туындап, облыс бойынша тауарлы газдың шекті бағасын өзгеріссіз қалдыру туралы Ұлттық Экономика министрлігіне хат жолданды. Дегенмен, араға көп уақыт салмай-ақ, газ бағасы шарықтап шыға келді. Бұл жолғы жағдай да сол «оқиғаның» желісіне ұқсап кетпесе деген селкеудің бары рас.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН