СӨМКЕ САЛМАҒЫНЫҢ АҚЫРЫ – СКОЛИОЗ | Print |
05.12.2019 15:25

Бүгінгі бастауыш сыныптың балалары мектепке өздері бара  алмайды.

Өйткені иығындағы жүктері тым ауыр. Осыдан 8-9 жыл бұрын бұл мәселе жиі көтеріліп, министрлікт­ің назарына  ұсынылғанда­: «Кітаптар бірнеше бөлімге бөлініп шығып, әр кітаптың саны

200-300 грамнан ғана болады»­ деген еді министрлік  өкілдері. Кітап бөлінгенмен, салмақ  азайған  жоқ.

Өткен жолы Алматы қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау­ департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова мектеп сөмкесінің салмағы қалыптан тыс болса сколиоз, остеохондроз сияқт­ы ауруларға әкеп соғатынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір Алматы қаласындағы 254 мектепте 266769 оқушы оқиды. Сонымен қатар, 28 арнайы интернатта 7593 оқушы білім алып жатыр. Мемлекеттік мектептерде бала саны тым көп болғандықтан, орын жетіспеуші­лігі 30 пайызға жетті. «Бірінші сынып оқушыларының сөмкесі нормадан 2-3 есе ауыр. Ал 5-6 сынып оқушыларының сөмкесі қалыпты көрсеткіштен 3-4 есе ауыр. Жалпы­ 5-сынып оқушылары үшін сөмке­нің салмағы 2,5 келіден аспауы тиіс. Ал қазір оқушылар 6-9 келі сөмке арқалауға мәжбүр. Бірінші сынып оқушыларының сөмкесі 1,5-2 келіден аспауы тиіс. Ал шын мәнінде балалар 4-4,5 келі сөмке көтеріп жүр», - деді департамент басшысы.

Нұр-Сұлтандағы жағдай да дәл осындай.

Білім және ғылым министрлігі оқу кестесіне бекіткен 10 кітап «Назарбаев зияткерлік мектебі­нің» бағдарламасы негізінде жарық көр­ген. Бір күнде 5 сабақ болса, әр кітаптың салмағымен бірдей дәп­терлері де болады. Оған мектептің ішінде жүретін аяқкиім мен қо­сымша оқу құралдарын, дене шынықтыруға арналған киімдерін қосқанда 8-9 килограмға дейін жете­ді. «Назарбаев зияткерлік мектептерінде» балалар таңертең келіп, кешке бір-ақ қайтып, үй тапсырмасын да мектепте орындайтын жүйе негізінде білім алады. Ол мектептің жүйесін қарапайым білім ошақтарымен салыстырып, қабылдаудың қателігі орта мектеп­тің оқушыларына салқынын тигізуде. Дәл қазір осы мәселеге бастауыш сыныпта баласы бар кез келген ата-ана алаңдайды.

Ресейлік мамандар бұл мәселені әлдеқашан қолға алған. Яғни, онда сөмкедегі заттың салмағы оқушы салмағының оннан бір бөлігі болуы шарт. Балаңыз 25 келі тартса, сөмкесінің салмағы да 2,5 келіден аспауы керек. Ал төменгі сынып оқушыларының сөмкелері 1200 грамның шамасы болады екен. Ал бізде арнайы бекітіл­ген стандарт жоқ. Тек министр­лік өкілдерінің ара-тұра «Бастауыш сынып балалары сөм­кесінің салмағы 1,5-2,5 килограмнан аспауы керек» деген уәждерін ғана есітіп келеміз.

Америкадағы Педиатрлар акаде­миясының зерттеу жұмыс­тарына сәйкес, мектеп сөмкесі салмағының көрсеткіштері 1-сынып – 1,2 келіге дейін, 2-сынып – 1,6 келіге дейін, 3-сынып – 2,3 келіге дейін, 4-сынып 2,6 келіге дейін болып, 9-11-сынып оқушыларының өзі 4 келіге дейін ғана салмақты көтеруге болады екен. Ал бізде 1-сыныптың баласының өзі америкалық жоғары сынып оқушыларынан екі есе салмақты арқалап, арқа омыртқасын қисайтып, жасына жетпей ауруға шалдығып жатыр.

Бүкірейген ұрпақтың болашағы білім саласына жауаптылардың басын­ ауыртпай ма?

Гүлжан  РАХМАН,

журналист