«СЫР АНА» «СЫЙ» КҮТЕДІ | Print |
27.07.2017 11:56

 

Жоба   сметалық құны  –  336,7  млн  теңге.

 

Тарихи  даталар  дәйім дүйім жұрттың назарында. Сондай мерекелік мезіретте міндетті түрде әлеуметтік нысандар немес­е тарихи-мәдени, сәулет өнері ескерткіштері пайдалануға беріліп келеді. Оны жергілікті билік барынша әспеттеп, салтанатты түрде лентасын қияды. Сол думандатып ашылған дүниелер халықтың игілігіне қаншалықты  жарап тұр? Біздің басылымның №27 нөмірінде (20.07.2017 ж.) «Солтүстік» сапаржайының қазіргі жай-күйі туралы қаузағанбыз. Ендігісі – Қызылорда қаласының 195 жылдығына орай бой көтерген «Сыр Ана» стелласы. Алдымен нысанның құрылысы туралы қысқаша  мәлімет.  Бұл  жобаның сметалық құны 336,7 млн теңген­і құрайды.  Биіктігі – 39 метр. Елбасы «Сыр – Алаштың анасы» деп бағалаған өңір­дегі аталмыш монументтің сәуле­ті  тым  өзгеше.

– Ескерткіштің  сәулеттік  пішіні  биік­теген сайын өз діңгегіне айнала оралып, қазақ әйелінің сұлулығын паш ететін әйел мүсінін сомдайды. Сыр өңірінің ерекшеліктерін айқында­йтын бұл кешеннің басына сәукеле киген, мың бұралған қыпша бел әйел-ананың образын иелену мағынасы да осында. Ал әйел-ананың самал желмен тербетілген етегі Сырдарияның бұйра толқындарын бейнелейді, - делінген Қызылорда облысы әкім­дігінің ресми сайты сол уақытта таратқан хабарламада.­

Ең қызығы сол, бұл ақпараттан соң екі­ұдай пікірде қалдық. Әдетте, сәукелені әйел-ана  емес, ұзатылып бара жатқан қыз киетін. Оның өзіндік мағынасын ойлы оқырман өзі анықтар. Ал стелланың ашылу салтанатында сол кездегі облыс әкімі Болатбек Қуандықов:

– Өмір жібі – Сыр-Ананың қолында. Жаңа өмірге қадам басқан жас жұбайлар Сырдарияға келіп, тілек тілеуді дәстүрге айналдырған. Бұл үрдіс ұзақ жылдардан бері жалғасын­ тауып келеді. «Сыр-Ана» кешені де алдағы уақытта қызылордалықтар мен қала қонақтарының көптеп келіп, тағзым етер орнына айналады деп сенемін,- деді.

2012 жылдан бері осы маңда мерекелік шаралар тым аз өтті. Ұмытпасақ, монументтің ашылу салтанатында үлкен концерт болды. Одан кейінгісі есімізде жоқ. Қазіргі күні еш кәдеге аспай тұр. Күні кеше осы аумаққа бар­дық­. Сырдарияның жағалауында орналас­қан соң,  серуендеуге шығады жұрт. Әйтсе де, көз қызығатын көрнекіліктер жоқ. Әу баста стелла­ның төбесіне шығып, Қызылорданы жоғарыдан тамашалауға мүмкіндік бар-тын. Бүгінде есігі тарс жабылған. Тіпті, көптен ешкім  бақылауға алмағанға ұқсайды. Себебі стелланың әйнектері шаңнан көрінбейді. Оны қоршап тұрған жарық шамдары сынып, бірі жанса, екіншісі істен шыққан. Тізе бүгетін орындықтарды да шөп басып кетіпті. Сонымен қатар «Сыр Ана» кешенінің алдындағы алаңқай да балаларға қауіп төндіріп тұр. Ашық алаңда орналасқан жарық бағаналарының түбі ашық-шашық. Іші толған тоқ сымдары. Алда-жалда бүлдіршін сол сымға қол тигізсе, не болмақ?

Қорыта айтқанда, бюджеттен  миллиондап қаржы бөлінген нысан негізгі миссиясын­ толық атқармай отыр. Өйткені бұқараны сонда­  тартатын  тағылымды  шаралар  өткен  емес. Бар  дүниені ұқсата  алмай  отырған  жергі­лікті  билік  осы  мәселені назарға  алса  деген ниет  бар  бізде...

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ