САНИТАРЛЫҚ ҚАҒИДАҒА СЕЛҚОС ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ немесе халықтың декреттелген тобындағы адамдардың әлеуметтік жағдайы мен құқықтары бекітілген нормативтік-құқықтық актілермен қорғала ма? | Print |
09.03.2018 12:57

2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 24 ақпандағы №128 бұйрығымен «Міндетті медици­налық  қарап-тексеруді  өткізу қағи­даларын  бекіту  туралы»  санитарлық­  қағидалар  бекітілген.

Осы қағидалар талаптарына байланы­сты жұмысшылар мен маман­дар өз денсаулықтарын ден­саулық сақтау субъектісінде медициналық тексеріп-қараудан және сарап­тама орталығында толық зертханалық тексер­уден өту мерзімдері белгіленген.

Бекітілген қағиданың 1-ші ЖАЛПЫ­   ЕРЕЖЕЛЕРІНДЕ:

1.1 «Осы қағидаларды жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ ведомстволық қатыстығына және жекеменшік нысанына қарамастан ден­саулық сақтау субъектілері орындауға  міндетті» делінген.

Қағидалардың талаптарын орындауға міндетті болған облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты субъект басшылары және облыстық сараптама орталығы мамандары талаптарға назар аудармай отырғандығы түсініксіз. Қағиданың 2-параграфы 5-тармағында «Міндетті алдын­ ала медициналық тексеріп-қарауды медициналық ұйымның қыз­мет­кері жүзеге асырады»; 6-тармағында «Міндетті алдын ала медициналық тексеріп-қараудың деректері 025/е медициналық картасына енгі­зіледі»; 9-тармағында «Өндірістік кәсіпорындарда зиянды және қауіпті заттармен және өндірістік факторлармен  байланыста жұмыс істейтін­дерді  міндетті мерзімдік медициналық тексеріп-қарауларды жүргізу тәртібінде  кезеңдігі  жылына бір рет жүргізіледі» деп  анық  жазылған.

Енді осы баптарының орын­далуына тоқталатын болсақ, қағиданың 14-тармағы – ЖҰМЫС БЕРУ­ШІ­; 14.1.-тармақшасында жұмыс беруші өндірістік кәсіпорын басшысы «Әр жылы желтоқсан айынан кешік­тірмей Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына өндірістік кәсіпорында жұмыс жасаушы адамдардың Т.А.Ә көрсетіп, зиянды және қауіпті жұмыс орындарында жұмыс жасайтын және еңбек өтілін толық жазып  тапсырады» делінген.

Өндірістік  кәсіпорын басшысының сұранысы бойынша берілген тізімді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жауапты маманы сарап­тап, әрбір жұмысшының, маман­ның атқаратын қызметінің зияндылығына байланысты қандай дәрігерден міндетті мерзімдік медициналық тексеріп-қараудан өтетін­дігін және зертханалық тексеру түрлері туралы санитарлық-эпидемиологиялық сипаттама береді. Осы санитарлық-эпидемиологиялық сипат­тамаға негізделіп, емхана басшы­сы мен өндірістік кәсіпорын басшысы міндетті мерзімдік медициналық тексеріп-қарауды өткізуге келісімшарт жасайды. Қағиданың 14.2-тармақшасында: «міндетті мерзімдік медициналық тексеріп-қараудың төлемақысы жұмыс беруші есебінен жүргізіледі» делінген.

Міндетті мерзімдік медициналық тексеріп-қараудың төлемақысы жұмыс беруші тарапынан келісімшарт негізінде төленетін болғандықтан, міндетті мерзімдік медициналық тексеріп-қарау уақытылы және сапасы өте жоғары болуы керек.

Қағидада жазылғандай, емхана басшысы әр тоқсан сайын жүргі­зіл­ген медициналық тексеріп-қарау қорытындысы бойынша қорытынды акт жасап, қалалық, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармала­рына тапсырады. Соған негізделіп ауру адамдарды сауықтыру іс-шаралары бекітілуі тиіс, бірақ та бұл жұмыстар  толық  атқарылмайды.

Қағида  талаптарына  байланысты облыстық, қалалық, аудандық  қоғамдық  денсаулық сақтау  басқармалары  басшысы мен жауапты маманының  міндеттері:

Қағиданың 10-тармағына сәйкес, а) емхана тарапынан тоқсан сайын берілетін қорытынды актіге мониторинг жасаулары тиіс; б) қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының маманы өндірістік кәсіпорында жұмыс істейтін жұмысшы мен мамандардың міндетті мерзімдік медициналық тексеріп-қараулармен толық  қамтылуына,  уақытылы өтуіне­  және  оның сапасына бақылау жүргізуге міндетті. Осы міндеттер қалалық басқарма мамандары тарапы­нан орындалмай отырғандықтан, өндірістік кәсіпорындарда еңбек ететін адамдар арасында бір­де-бір «кәсіптік ауру» мен «жұқпалы аурулар және ішек құрттардың қоздыр­ғыштары» анықталмаған. Ол турал­ы мәліметтер облыстық ден­саулық  сақтау  басқармасының  2015 жылғы 29 қаңтардағы №06-13/479 және облыстық тұтынушылар құқық­тарын қорғау департаметінің 2015 жылғы 6 қаңтардағы №5-5/31 жеке кәсіпкерге жазған шығыс хаттарында нақты көрсетілген. Өкінішке орай 2016 жылы Қазақстан Республикасында міндетті мерзімдік медициналық тексеріп-қарау кезінде 239 кә­сіптік аурулар мен улану тіркелген, соның ішінде Қарағанды облысында - 111, Шығыс Қазақстанда - 99, Жамбылда - 14, Ақтөбеде - 3, Оңтүс­тік  Қазақстанда - 2.

Жоғарыдағы көрсетілген мәлі­меттерде өзге облыстарда кәсіптік ауруларды анықтау бойынша білік­тілік деңгейі жоғары мамандар міндетті мерзімдік медициналық тексеріс жүргізген кезде «кәсіптік аурулар­ мен улануларды» анықтауға болат­ындығын  дәлелдеп  отыр.

Бекітілген  қағидалар  талаптарына­ байланысты медициналық  ұйымның  атқаратын   мін­деттері:

Қағиданың 13-тармағы 2-тар­мақшасында: «Субъект басшысы медици­налық тексеріп-қарау бойынша  өз бұйрығымен комиссия төрағасы­ және комиссия мүшелерін бекітеді» де­лінген.­

Дәрігерлік комиссия төрағасы болаты­н дәрігер ол үшін «Еңбек гигие­насы және кәсіби аурулар ұлттық орталығында» (Қарағанды қаласында) кәсіптік біліктілігін кәсіби аурулар диагностикасы бо­йынша 864 сағат жетілдіріп (оқу төлемақысы – 300 000 теңге), профпатолог-дәрігері сертификатын алуы қажет. Сол кезде профпатолог-дәрігер комиссия төрағасы құқына ие бола алады. Сондай-ақ, міндетті медициналық тексеріп-қарау жүргі­зетін комиссия мүшелері болған терап­евт, хирург, невропатолог, рент­генолог, акушер-гинеколог, офталь­молог, отоларинголог, зерт­хана дәрігерлері де жоғарыда атал­ған «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар­ орталығында» кәсіби ауруларды анықтау бойынша 108 сағат білік­тілігін жетілдіріп (30 000 теңге төлема­қы төлеп), сертификатын алулары тиіс. Сертификаты бар дәрігерлер ғана комиссия мүшесі болуға­  құқылы  болады.

Өндірістік кәсіпорындарда «қауіпті, зиянды өндірістік фак­торлармен» жұмыс істейтін жұмысшы мен мамандарға келісімшарт негізін­де міндетті мерзімдік медициналық тексеріп-қарауды жүргізген кезде, біліктілігін кәсіптік аурулар бойынша жетілдірмеген дәрігерлер қалайша «кәсіптік аурулар» мен «жұқпалы ауру мен ішек құрттар қоздыр­ғышын»  анықтай  алады?

Өкінішке орай облыстық ден­саулық  сақтау  басқармасының      2015 жыл­ғы 29 қаңтардағы деректері бойынша Қызылорда облысында         11 профпатолог дәрігері бар, 22 дәрі­гер білімін жетілдірген делінген. Осы дәрігерлерді оқытуға облыстық бюджеттен қаржы қаралған ба? Кәсіптік аурулар клиникасы бойынша жоғарыдағы дәрігерлер білік­тілігін жетілдіріп, сертификаттар алған­ болса, олардың біліктілік деңгей­лері қайда? «Еңбек гигиенасы­ және кәсіптік аурулар ұлттық орталығы» мәліметінде соңғы бес жылда облыс бойынша 5 дәрігер ғана білі­мін жетілдіріп, сертификат алған: 2015 жылы – 3, 2014 жылы – 1, 2015 жылы – 1 дәрігер, 2016-2017 жылдары­ жоқ. Демек, орындалмаған жұмысты орындалды деп ақпарат беруге үйренгенбіз.

Оның нақты дәлелін медициналық тексеріп-қараудың заң талап­тарына сай келмейтіндігін Қызыл­орда облысы прокуратурасының тексеріп анықтаған фактілері жарияланған 2017 жылғы 5 мамырдағы «Кызыл­ординские вести» газетіндегі «Незаконный платный медосмотр» мақа­ласын оқып көріп, байқауға болады.

Қағиданың 13.3-тармақшасында: «Субъект басшысы тоқсан сайын мерзімдік медициналық тексеріп-қараудың қорытындысы бойынша қорытынды акті жасап, Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті аумақтық бөлімшесіне жазбаша хабарлауы тиіс» деп жазылған.

Егер де тоқсан сайын міндетті мерзімдік медициналық тексеріп-қараудың қорытындысы бойынша жасалған қорытынды актіге талдау жасалса, жұмысшылар мен мамандар арасында «кәсіптік аурулар» мен «жұқпалы ауру және ішек құрт қоздырғышы» анықталған  болар  еді.

Өндірістік кәсіпорындарда зиянды аса қауіпті жағдайларда жұмыс істейтін адамдар арасында созыл­малы әлеуметтік аурулар мен кәсіп­тік және жұқпалы аурулар, ішек құрт­тары ауруларының алдын алу бойынша жүйелі, жоспарлы, уақытылы профилактикалық іс-шаралар жүр­гізу қажет. Сонымен қатар жұмысшылар мен мамандардың гигиеналық біліктілігін уақытылы жетіл­діріп отыру – өзекті мәселе.

2010 жылдан бері гигиеналық біліктілікті жетілдіруге арналған бағдар­лама Комитет мамандары тарапы­нан қағидадан алынып тас­талған. Сол себепті жұмысшы мен мамандардың денсаулығын қорғау бойынша нақты жүйелі профилак­тикалық іс-шаралар жүргізілмейді.

3. Халықтың декреттелген тобындағы адамдардың гигиеналық білік­тілігін жетілдіру бойынша «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 148-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылы 24 маусымдағы №449 бұйрығымен «Халықтың декреттелген тобындағы адамдарды гигиеналық оқыту қағидаларын және гигиеналық оқу бағдарламаларын бекіту туралы» қағидалары  бекітілді.

Қағиданың  жалпы ережесінің 1.1-тармағында: «Осы қағидаларды меншік нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғалар орындауға мін­детті», 1.4-тармағында «Халықтың декреттелген тобын гигиеналық оқыту  инфекциялық  аурулардың  алдын­ алуға, нысандарды күтіп-ұстауға, пайдалануға және орналастыруға байланысты қойылатын санитар­лық-эпидемиологиялық талаптар­ды білім жетілдіруші адамдар­дың кәсіптеріне сәйкес жеке және қоғамдық гигиенаны сақтауға оқыту» деп көрсетілген.

Жоғарыдағы санитарлық қағи­далар талаптарындағы негізгі мақсатына келсек, әрбір жұмыс беруші жеке кәсіпкер мен заңды тұлға Кодек­стің 90-бабының 4-тармағы            7-тармақшасында «Дара кәсіпкер мен заңды тұлға өздері жүзеге асыратын қызметіне сәйкес декреттелген топ өкілдерін гигиеналық оқуды қамтамасыз етуге міндетті» деп нақты жазыл­ғандай, жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға «өз қарауындағы жұмыс істейтін декреттелген топ өкілдерін гигиеналық оқытуға міндетті» болса, онда гигиеналық оқытудың төлем­ақысын жұмыс беруші төлеуге тиісті емес пе? Бұл талаптарды орындау бойынша қадағалаушы орган тарапынан жұмыс берушіге нақты нұс­қаулар берілмеген. Егер де әлеумет­тік нысандарда еңбек ететін мамандар уақытылы гигиеналық оқу курсынан өткен кезде, кәсіптік аурулар және жұқпалы аурулардың пайда болу  жолдары мен олардан сақтану профилактикасын, нысан тазалығын, құрал-жабдықтарды таза ұстау, тазартып жуу, зарарсыздандыру әдісін білуімен қатар арнайы киімдерді пайдалану, медициналық тек­сер­іп-қараудан өтудің қажеттігін, гигие­налық біліктілігін жетілдіру және жеке бас гигиенасы мен қоғамдық гигиена, нормативтік-құқықтық акті талаптарынан хабардар болады.

Декреттелген топтағы адамдардың гигиеналық біліктілігін жетіл­діруге жататын кәсіптер тізбесі бекітілген қағидада көрсетілген. Аталмыш қағиданың 3.1-тармақшасында: «Халықтың декреттелген тобын гигиеналық оқыту және емтихан жүргізу жұмысқа тұру кезінде және одан әрі жылына бір рет кезеңділігімен жүргізіледі»; 3.2.-тармақшасында: «Халықтың декреттелген тобының адамдарын гигиеналық оқыту қызметі «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» 2014 жылы 16 мамырдағы ҚР Заңына сәйкес хабарлама жасау тәртібінде жеке немесе заңды тұлғалар жүзеге асырады». 3.3-тармақшасында: «Гигие­налық оқытуды және  емтихан жүр­гізуге тартылатын адамның (жауапты тұлға) санитарлық-эпидемиологиялық бейнеде арнайы медициналық  білімі  болады­» делінген.­

Облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау депар­таменті директоры Қазақстан Республикасының 2007 жылғы «Ли­цен­зиялау туралы» Заңының талаптарына бойсұнбай, санитарлық-гигиеналық білімі жоқ, медицина институтының санитария гигиена факультетін бітірмеген, санитарлық дәрігер болып жұмыс істемеген, біліктілігін санитарлық дәрігер бойынша әр бес жылда мамандығын жетілдірмеген, санат дәрежесі жоқ жеке кәсіпкерлерге 2009 жылдан бастап «Мемлекеттік лицензия» беріп отырған. 2015 жылы облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті Қазақстан Республикасы «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» 2014 жылы 16 мамырдағы №202-V-ҚРЗ» Заңына сәйкес хабарлама жасау тәртібіне назар аудармай, заң талабына сәйкес келмейтін «Мемлекеттік лицензиялары» бар жеке кәсіпкерлерге гигиеналық оқыту жүргізуге хабарлама жасау тәртібін бекітіп беріп отыр­ғанын аталмыш департамент өзінің 06.04.2016 жылғы №04-04/1663 шығыс хатымен мойындап отыр. Онда: «...кәсіпкерлер С.Басқараева және Т.Беделбаевтың білімдері санитариялық-гигиеналық мамандығы болмағанмен, Заң күшіне енгенге дейін мемлекет­тік лицензия алғандықтан автоматты түрде мемлекеттік реестрге енгізілді» делінген. Бұл не деген батылдық, заң талаптарына бойсұнбаушылық?

Қорыта айтқанда, бүгінгі күнгі қолдан­ыстағы санитарлық қағидалар талаптарының заңбұзушылық жағ­дайын  анықтау  үшін  сұрайтыным:

1. Облыстық тұтынушылар құқық­тарын қорғау департаменті мамандары­ тарапынан 2009 жылдан жеке кәсіп­керлерге гигиеналық оқу жүргізу үшін берілген мемлекеттік лицензиялардың  заңдылығын  анықтау;

2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 24 маусымдағы №449 бұйрығымен бекітілген «Халықтың декреттелген тобындағы адамдарды гигиеналық оқыту қағидаларын және гигиеналық оқу бағдарламаларын бекіту туралы» қағидалар талаптарының орындалуына қадағалау жұмыстарының жүргізілмей отырғандығын заң аясында тексеріп, қағидалар талаптарына жауап бермей­тін гигиеналық оқу жүргізуге жағдай­ жасап  отырғандығын  анықтау;

3. Бүгінгі өркениетті қоғамға өз ісін жетік білетін, рухани таза, саяси қыра­ғы, адам тағдырына жаны ашитын, нормативтік-құқықтық актілерді оқы­ған, оның талаптарынан хабары бар, ұлтжанды басшылар мен лауа­зымды тұлғалар  қажет  емес  пе?

4. Билік басында отырған басшылар және жұмыс беруші жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар тарапынан санита­рлық қағидалардың талаптарын орындау бойынша беріп отырған жалған­  ақпараттарды  анықтап, оларға­ заң  аясында  тыйым салу.

Жоғарыдағы бекітілген норматив­тік-құқықтық актілердің талаптарына бойсұнып, қағидалар талаптарын орындау бойынша қазіргі уақытта өріс алып отырған заңбұзушылық әрекеттерді жою арқылы Қазақстан Республикасы Заңы және нормативтік-құқықтық актілер талаптарына сәйкес өмір сүріп, жұмыс істеген кезде ғана біз өз тәуелсіздігімізді сақтаймыз, азаматтық құқығымызды қорғай аламыз.

Бір сөзбен айтқанда, санитарлық қағидаға селқос қарауға болмайды.

Сабет  ДӘРІБАЕВ,

ССРО  және  Қазақстан Республикасы  Денсаулық сақтау  жүйесінің  үздігі,

Қызылорда   қаласы

(Соңы. Басы өткен санда.)