ТІСТІҢ БҮЛІНГЕНІ – ІШТІҢ БҮЛІНГЕНІ | Print |
05.04.2018 11:22

Қазіргі күні балалар арасында жиі кезде­сетін аурулардың қатарынан тіс ауруы ойып орын алады. Осыдан бірер жыл бұрын республика бойынша балалардың 25 пайызының ғана тісі сау болған­. Бұл ақпарат М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде өткен ІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік форумда айтылды.

Қызылорда облыстық кеңес беру диаг­ностикалық орталығында стоматология саласында еңбек етіп келе жатқан маман Гүлнәр Сейсенбаеваның сөзіне сүйенсек, 2017 жылы 105 000 адам орталықтағы тіс дәрігерінің қабылдауынан өткен. Оның ішінде 1 жастан 14 жасқа дейінгі балалардың  саны – 80 000. Бұл науқастардың барлығы емді тегін алған. Қызылордалық балалар арасында аурудың жиі кездесетін түрі – кариес, пародонтоз. Мамандардың айтуынша, тіс кариесі – ең көп таралған аурулардың бірі. Бұл сырқатқа шалдыққан адамда қатты тіндерінің бұзылуынан тісінде қуыс пайда болады. Ал балаларда бұл тым ерте басталады, әсіресе, тұрақты азу тіс шыққаннан кейін тіс кариесінің «қонаққа» келгенін аңдамай қалуыңыз мүмкін. Кариес тұрақты тіске де, сүт тіске де зақым келтіреді. Тіс кариесі пайда болға­ннан кейін бактериялар ішке еніп, түрлі тәтті тағамдарды жеген соң қышқыл­ ферменттер бөліп шығарады. Ал мұның өз кезегінде тістің қатты тінін жұмсартып, оны бұзуына зор әсері тиеді. Аурудың баста­пқы кезеңінде тісте ақ дақ пайда бола­ды. Осы кезде дереу тіс дәрігеріне көрінбесеңіз, бұл процесс тоқтамастан, тіс қуысындағы жұмсақ тіндерге таралып, тістің эмалін босатып жіберуі мүмкін.

Ал пародонтоз кезінде тіс ткані желі­ніп, сына секілді ақау пайда болады да, тіс түбірлерінің ыстық-суыққа сезімталдығы артып, мазалай бастайды. Тіс мойы­ны түбірінің жалаңаштанып, қызыл иектің семи бастағанын байқасаңыз, пародон­тоздың  алдын  алуға  көшіңіз.

Облыстық кеңес беру диагностикалық орталығында мемлекеттік тапсырыс бойын­ша жұмыс істейтін стоматолог маманд­ары балаларға арнайы профилактикалық  шаралар  ұйымдастырып тұрады. Мәселен, тіс гигиенасының сақ­талуы, тісті қандай жіппен тазалау қажеттігіне дейін баса назар аударып, мектеп жасындағы балаларға түсіндіру жұмыс­тары жүргізіледі. Сондай-ақ, үнпарақтар таратылып, ауру туралы нақты мәліметтер­ беріледі. Мұнан бөлек жазғы маусымда балалардың тынығу лагерьлеріне өз өкіл­дерін жіберіп, ондағы балалардың арасынан тіс ауруы барын анықтап, емдейді.

- Қазіргі таңда біз мемлекеттік тапсы­рыс бойынша науқастарға қызмет көр­сетеміз. Алдағы уақытта физкабинет ашуды жоспарлап  отырмыз. Пародон­тозды емдейтін құрал-жабдықтар алдырып, сырқаттарға көрсетілетін қызмет сапасын  одан  әрі  жетілдіре  түспек ниет­те­міз, - дейді облыстық кеңес беру диагностикалық  орталығының  бас дәрігері­нің  орынбасары  Г.Сейсенбаева.

Тістің бүлінгені – іштің бүлінгені. «Ауру – астан» десек, күллі аурудың бастау­ы ауыз қуысынан дегенді де қоса айтамыз­. Себебі жақсы күтілмеген тістің соңы түрлі ауруларға, ал шала шайналып желінген тағам асқазанды бұзуға алып келеді. Мұнан соң дерттің бірінен кейін екіншісін «жамай» бере­тініміз анық. Сондықтан қазақ ежелден-ақ «атақсыз» деп атау берген тіс ауруына салғырт қарау кешірілмек емес.

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА