ОҚУШЫ БІЛІМІН ЖЕТІЛДІРМЕЙ, СЫНЫПТА СМАРТФОН ҚУАТТАСА... | Print |
05.04.2018 11:23

Дәл қазір балаға білім мен смартфон тең берілсе, қайсысын тез қағып алатынын сіз де, біз де жақсы білеміз. Өйткені, оны көз көріп жүр. Смартфонның сал­дарынан  көздің  көруі нашар­ла­са да, одан көз тарту әлі сиреген жоқ. Бұл тұтастай Қазақстан мектептерінде бар ахуал. Мұнымен күрес қалай жүргізілмек? Сана-сезімін сабақ сайын дамытуға тиіс оқушылар саусақпен смартфон шұқылап отыра берсе, білімнің көкжиегін бағындыра ма? “Иә” деп сенімді айта алмаймыз. Аталмыш мәселе әлі күнге түбегейлі өз шешімін тапқан  жоқ. Десе де, Қазақстанның бірқатар облыстарында оқушыларға смартфондарды ұстауға тыйым салу мәселесі қарастырылып жатқан көрінеді. Бұл туралы­ “ҚазАқпарат” ХАА-ға ҚР БҒМ Балалардың  құқықтарын қорғау комитеті  хабарлады.

“Бірқатар өңірлерде (Алматы қаласында, Алматы, Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қы­зыл­орда, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында) мектеп оқушыларына тек қарапайым ұялы телефондарды қолдану туралы мәселе қарас­тырылуда. Мұндай шешім оқушылардың  ата-аналарымен келісіл­геннен кейін қабыл­данды”,- дейді комитет мамандары.

Айта кетейік, ҚР “Білім тура­лы” Заңы аясында оқушылар мектептің ішкі тәртіп ережеле­рін сақтауға міндетті. Ережелерде олардың бұзушылықтары үшін қабылданатын шаралар көрсе­тілген және әрбір жағдай ата-аналардың (заңды өкілдерінің) қатысуымен жеке педагогикалық кеңестерде қаралып отырады. Егер мәселе толық шешімін тап­қан жағдайда білім беру ұйымдарында планшеттерді және смартфондарды қолдану жайы мектептердің ішкі тәртіп ере­желерімен реттелмек. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасымен ішкі тәртіп қағидаларын әзірлеп, бекіту жергілікті атқарушы органдардың және сол білім беру ұйымдарының құзыретіне жататындығы  айтылған.

Ел ішінде “оқушыларға мектепте тек сапалы білім берілсе жеткілікті. Смартфонды мек­тепке кіргенде сөндіріп қойып, шығарда қосса да болады. Сабақ барысында смартфон қолданса, ойы бөлініп, сабаққа зейіні де болмайды” деген пікірді ұста­натындар өте көп. Тиісінше, мектепте оқушыға смартфон берілг­енін дұрыс санап, жақсы жағынан,  яғни   сабаққа  қатысты пайдаланғанын  құптайтындар да табылады. Біздіңше, бұл саны бар болса да, сапасы жоқ ком­пьютерлерді  алмастырудың тиімді  жолы  секілді.

Оқушы мектепте білімін жетіл­дірмей, сыныпта смартфонын қуаттап отырса қалай болар екен? Әрине, мұны қолдап, қолпаш­тайтындардың саны аз шығар.­ Шикіліктің де шегі болуы­ керек. Қит етсе, бар кінәні мұғалімге ысыра салатындар жетеді бізде. Былайынша қарағанда бұл алдымен басшылық, содан соң ата-ананың жұмысынан аспайтын нәрсе. Мемлекеттен міндет­ті тыйым, отбасынан орынды тәртіп алған оқушылар мектеп ережесіне кедергі келтіреді деу қиын. Ал, біз қашан да барлығын мұғалімнің мойнына жүк­тейміз де жүреміз...