«ТАҒЗЫМ АЛАҢЫ»: ҚҰРМЕТ пен ҚАТЕЛІК | Print |
03.05.2018 11:10

Көрмейін  десем,  көзім  бар...

Тарихи деректерге сүйенсек, 1941-1945 жыл­дары Ұлы Отан соғысына Қызылорда  облысынан 150 мыңға жуық азамат аттан­ған екен. Олардың 30 мыңнан астамы елге оралмаған. Облыс орта­лығында ҰОС мен Ауған соғысы, Семей атом полигоны, Чернобыль апа­ты­ның құрбандарының рухы­на арнап «Тағзым алаңы» ашылған. Алайда онда орналасқан  ескерткіш тақталарда қателер өріп жүр. Соны  санамаласақ...

Айталық, «Тағзым алаңында» «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленген майдангерлердің құрметіне қойылған арнайы мемо­риалды тақта бар. Солардың бірі – Николай Самороков. 1910 жылы Перовск (Қы­зылорда)  қаласында  дүние­ге келген. 1940 жылы Чкалов  қалалық  әскери  комиссариатына шақырылып, әскери-авиациялық учи­лищеге оқуға жіберіледі. Николай  Самороков жүз­ден астам  жауынгерлік  ұшу жасаған. Ол екі жүзден астам­  неміс  солдаттары мен офицерлерін, паровоздарды, вагондарды, төрт зенит зеңбірегін, көптеген соғыс техникаларын жойып жі­берген. Ұрыс даласында көрсеткен ерлігі мен жан­қиярлығы үшін КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 24 қазандағы  Жарлығымен  ұшқыш-штурмовик, гвардия аға лейтенанты Николай Николаевич Самороковке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Дегенмен, «Тағзым алаңында» оның құрметіне қойылған мемориалдық тақтада тегі «Чамороков» деп көрсетілген. Бұл – бірінші  қателік.

Екіншіден, КСРО Жо­ғарғы Кеңесінің 1939 жылғы Жарлығымен Батыр атағын алғандарға кеудеге тағатын «Алтын медаль» қоса бе­рілетін болған. Оның авторы – архитектор Мирон Мержанов. Бұл атақты ең бірінші болып 11 ұшқыш иеленіпті. Қызылорда об­лысынан 20 Кеңес Одағының батыры, 1 «Даңқ» орденінің толық кавалері шыққан.

Әуелгі әңгімемізге оралсақ. Әлгі мемориалдық тақтал­арда ардагерлердің атақ-даңқын айшықтайтын кескін дұрыс салынбаған. Кейбірінде «Қызыл жұл­дыз» ордені ғана бейнеле­ніпті. Атап айтқанда, Геннадий  Шляпинге жаужүрек батырлығына орай "Ерлігі үшін", "Сталинградты қорғағаны  үшін", «Кеңес Одағының Батыры» атағы беріл­ген. Алайда оның аты-жөні жазылған тақтада неліктен «Қызыл жұлдыз» ордені тұрғаны түсініксіз? Аты-жөнін атамауды өтінген қала тұрғынының сөзінше, мемориалдық тақталардың құрылысы жүрдім-бардым жасалған тәрізді. Өйткені, Кеңес Одағының Батыры атанған майдангерге берілетін төсбелгінің сипаты: ен­сіз жұқа тақтайшаға ілінген бес жұлдыз болуы қажет. Ал «Даңқ» орденінің үш дәрежесімен марапат­талғандар Кеңес Одағының Батыр атағына теңестірілген. Олай деуімізге де себеп бар. Айталық, Иван Журба, Яков Михайлюк, Ерденбек Ниетқалиев, Жақыпбек Маханбетов, Тәйімбет Кө­мекбаевқа арналған мемориалдық тақталардың сапа­сы­ тым төмен. Айқыш-ұй­қыш. Кейбір тақталардағы жазу мүлдем көрінбейді (суретте).­ Сондай-ақ, Чернобыль апатының құрбан­дарына арнап тұрғызылған ескерт­кіштің сыры ұшып, сыны кеткен.

Оны аз десе­ңіз, «Тағзым алаңының» маңы той кортеджінде жүре­тін автокөліктердің тұрағына әл­деқаш­ан айналып үлгерген. Мұның өзі біреулер үшін ұсақ-түйек нәрсе болы­п көрінер. Әйтсе де, оқ пен оттың ортасында қан кешкен арыстардың рухына көр­сеткен  құрме­тіміз  қай­да?

Асан  ДӘУЛЕТ