ШОЙЫН ЖОЛДАҒЫ АПАТ | Print |
21.06.2018 12:55

Қатердің қайдан келерін кім білген?! Ең қауіпсіз тасымал түрі саналатын пойыз да рельстен шығып, апатқа ұшырады. Жексенбі күні Астанадан Алматыға бет алған 800-ден аса жолаушысы бар №10 «Бәйтерек» пойызының 8 вагоны рельс­тен­ шығып, 3-еуі аударылған. Мәліметтерге сүйенсек, бұл вагондарда 152 жо­лаушы болған. Оның 14-і жарақат алса, 12 жастағы жасөспірім қаза тапқан. Бүгінде  ол  маң  оқшауланған.

– Ұйқыдан  тұрып, бәріміз отырғанбыз. Түскі асымызды іштік, балалар ойнап жүрген. Сол арада тежегіш бірден басылды. Шайқатылып бәрі құлай бастады. Соны­мен 1 минуттың  ішінде  дым  көрінбей  қалды, - дейді  оқыс оқиға жайында  пойыз жолаушысы  Әліби  Байжанов.

Қас қағымда болған  апаттың ақ-қарасы анықталу үстінде. Дегенмен, болжам әртүрлі. Теміржолға жауаптылар рельсте ешқандай ақау жоқтығын алға тартуда. Себебі соңғы рет 6 маусымда жасалған техникалық тексерісте ешқандай кінәрат табылмаған. Ал вагон жолсерігінің сөзінше, апат қос пойыздың қақтығысуынан болған.­ Әлеуметтік желілерге тарап кеткен­  бейнежазбада  ол:

– Шу жақтан жүк пойызы, ал Астана жақтан біз келе жаттық. 11-ші вагонға соғып, содан бәрі кетті. Мынаны ұрғаннан кейін шығып кетіп отыр ғой сонда? Қарасай енді ана сызықты. Құлап тұрған жоқ. Көріп тұрсыздар. Содан кейінгілері құ­лаған. Соққы болған жерден вагондар  құлай  бастаған, - дейді.

Бейнежазбада байқағанымыз, анау-мынауға бүлінбейтін темір вагондарға кәдімгідей зақым келген. Тіпті, вагонды арамен тіліп түскендей. Мән-жайды анықтау үшін арнайы комиссия құрыл­ған. Десе де, ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек бұл ақпараттарды  жоққа  шығарып отыр.

– Комиссияның басшылығы оқиға орнын­да жұмыс істеп жатыр. Эксперименттік шаралар жүргізілді. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдарында түрлі нұсқалар сөз болып жатыр. Осы орайда бүгінгі  эксперимент  барысында пойыз­дардың  жанама  соқтығысуы алдын ала расталмады. Қазіргі  кезде барлық себептер  зерделенуде, - деді ол.

Ал оқиғадан марқұм болған жас­өс­пірім  мен  зардап шеккендерге өтем­ақы  төлеуді ҚТЖ  мен  тиісті  министрлік бірлесіп  шешпек.

Айта кетейік, мұндай келеңсіз жайт осыдан 4 жыл бұрын  болған  еді. Онда «Алма­ты­-Атырау» бағытындағы жолаушылар  пойызы жолдан шығып кеткен-ді. Абырой болғанда ол кезде адам шығыны­ болмаған. Ал, бұл жолы кінәлі­лер­дің жазасы жеңіл болмасын құзырлы органдар қазірден айтып отыр.

Халық-хабар