ЕСЕПСІЗ САЛЫНҒАН НЫСАН НЕГЕ ЕСІК АШТЫ? | Print |
08.11.2018 12:06

Осыдан екі жыл бұрын қала күніне орай ел игілігіне берілген солтүстік сапаржай әлі күнге қаңырап бос тұр. Тіпті, нысанның лентасын облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың өзі қиғаны есімізде. Ол аз десеңіз, «Жалағаш-Аққұм» бағытына қатынайтын автобустың алғашқы рейсіне сәт сапар тілеп, шығарып салдық. Сол уақытта бұған қуанған қарашаның қарасы қалың еді. Қазір ше?

Алғашында «бұған дейін әр орталықтан (базар, теміржол вокзалы) жолаушы тасымалдаған автобустар бір орталыққа біріктіріліп, солтүстік бағытқа қатынайтындар әлгі нысаннан жолға шығады»­ деп жоспарланған. Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Төретам, Қазалы, Арал ауданының жолаушылары жылы да жайлы жерден сапарға аттанатынына сенімді болдық. Сондай-ақ, тұрғын­дарға ыңғайлы болуы үшін арнайы қалаішілік қоғамдық көліктердің де бағыт­ын өзгертті. 20 шаршы метрді құрайтын сапаржайда күту залы, медициналық пункт, диспетчерлік, механикалық, ана мен бала бөлмелері қарастырылғанын көзбен көрдік. Айта кетейік­, аталмыш нысанның құрылысын «Романов и К» ЖШС өз есебінен жүргізген. Біз осы мәселені былтыр да көтергенбіз. Сонда Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшы­сының бұрынғы орынбасары Ерлан Жаңаба­ев: «Тасымалдаушылар авто­бекетке барған тиімсіз дейді. Себебі халық ол жерге бармайды. Қазіргі таңда­ біз мұны бұқараға түсіндіріп жатырмыз. Келген тасымалдаушыларды реттеп, әзірше аралық аялдама ескі базар жақтан ашылды. Автобустар сол жақтан қатынап жатыр. Алдағы уақытта сол­түстік ауданға қатынайтын автобус­тарды жаңа сапаржайға көшіретін боламы­з» деген болатын. Оның айтқанына да жылдан асып жығылды.

Жақында аталмыш түйткіл төңіре­гінде қайта мәселе көтердік. Өйткені Қармақшы, Төретам, Қазалы, Аралға баратын жолаушылар жазда күннің астын­да, күзде желдің өтінде тұруға мәжбүр. Міне, қылышын сүйретіп қыс та келіп қалды. Бұған үн қосқан әлеуметтік желідегі ағайында есеп болмады.

– Мен де осында (фейсбук әлеуметтік  желісі. – ред.) бірнеше рет жаз­ғанмын. Бірақ нәтиже жоқ. Арал, Қазалы, Қармақшы (Төретам), аудандарына қатынайтын ауданаралық үлкен сыйым­дылықтардағы автобустар теміржол вокзалынан жүреді. Ол жерде жолау­шыларға бірде-бір жағдай жасалмаған. Билет бағасы шарықтап тұрса да, әжетхана, жайлы асхана, жолаушыларға арналған күту орны қарастырылмаған. Қашан барсаңыз да, қолына түскенін астына төсеген қарабайыр халық, құдды бір көше кезбелеріне ұқсайды. Құдай-ау, біз жаһандануға жармасқан, дамудың даңғыл жолына түскен елміз ғой, - дейді Қармақшы ауданының тұрғыны Әзиз Дүкенбай.

Әнеукүні бұған байланысты аталмыш басқарма өкілдері: «Қызылорда қаласының «Шымбай» көшесі 96 мекенжайда «Романов и К» ЖШС-нің сапарж­айы ашылған болатын. Жалағаш, Сырдария аудандарынан келетін автобустар осы сапаржайға келетін болып­ жоспарланған. Бірақ, аталған аудандардан келетін жолаушылар «Ескі базар» аумағынан түсіп қалып, автобустар сапаржайға бос келіп, қайтар жолда сапаржайдан «Ескі базар» аумағына бос барып жүрді. «Ескі базарға» елді мекен тұрғындары негізінен қажетті тұрмыстық заттар алу үшін келетін болғандықтан, сапаржайға шамамен 300-400 теңгемен такси жалдап барады. Одан әрі қарай Жалағашқа жолақысы 400 теңгені құрайтын автобустармен барады. Барлығы 700-800 теңгені құрайды. Осындай жағдайда жолаушылар өзіне тиімді жағын қарап, «Ескі базар» аумағынан 600-700 теңгемен үйіне дейін жеткізе­тін таксилерге кетті. Бұл өз кезегінде, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген тасым­алдаушылардың  автобустарының бос жүруінен шығындары көбейіп, жүргізушілер өз наразылықтарын білдіре бастады. Басқарманың қалалық коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, жергілікті полиция қызметі өкілдерінен құрылған арнайы жұмыс тобымен Жалағаш, Сырдария аудандарынан келетін автобус жүргізушілеріне сапаржайға бару туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жолаушы тасымалдау қызметін көрсетушілердің автобустарының барлығы жекеменшік бол­ған­дықтан (банк несиесі арқылы автобус алғандар да бар) шығынға жұмыс істемейді.  Жолаушылардың  сапаржай­ға  бармауына байланысты бүгінгі таңда қала әкімдігі «Ескі базар» аумағынан автобустар үшін арнайы жер учаскесін бөліп отыр. Жалағаш, Сырдария аудандарынан келетін автобустар осы тұрақтан жүруде. Сонымен қатар, Қармақшы, Төретам, Қазалы, Аралға автобустар теміржол вокзалы жанындағы «Салтанат» ЖШС-не қарасты сапаржайдың жолаушыларға қызмет көрсету пункті арқылы жүруде. Аталған аялдама Қармақшы, Төретам, Қазалы, Аралға баратын жолаушылардың өтініштері бо­йынша ұйымдастырылған. Бұл жолаушылардың көлік түрін таңдауға (пойыз­ға билет болмаған жағдайда автобусты таңдау мүмкіндігі болады) қолайлы. Автобусқа билет алған жолаушылар жақы­н тұрған теміржол вокзалына барып­, автобустың белгіленген жүру уақытына қарай келуіне болады. Жолау­шылар үшін арнайы ғимарат салуға жер учаскесіне байланысты мүмкіндік жоқ. Сондықтан тасымалдаушылардың табыст­ары жолаушыларға байланысты болады» деп жауап берді.

«Қырсыққанда қымыран іриді» дегенд­ей, ендеше сапаржайды іске қосудағы негізгі мақсат не? Халық қашанғы­ тентіреп жүруі тиіс? Әлде жауапт­ылар нысанның есігін есепсіз ашқан  ба?

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ