ШЫНЫ ЗАУЫТЫ ШЫНЫМЕН ІСКЕ ҚОСЫЛА МА? | Print |
08.11.2018 12:10

Басталмай жатып басы даудан арылмаған Қызылорда қаласындағы  шыны  зауытының «тағдыры» төңірегінде сан түрлі болжамдар бар. Бұқараның көкейінде «айтулы жобаның болашағы қандай болмақ?» деген сауал  жүр. Мұның ақ-қарасын анықтау – уақыт енші­сіндегі дүние. Десе де, сиырқ­ұйымшақтанып кет­кен­ жобаның нақты қашан іске қосылатыны әлі де белгісіз сыңай­лы.  Әу баста бұрынғы ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісінен соң құрылысы біраз кешеу­ілдеді. Бірнеше лауазымды тұлғалар жауапқа тартылып, қылмыстық істің ұзаққа созылғаны да ел назарында. Сонымен қатар, былтыр ақпан айында ондағы жұмысшылар 4 айдан бері жалақысын ала алмай жүргендігін айтып, шағым­данғаны да есімізде. Не керек, шыны зауытының қашан шындап­ өндіріске көшетінін көпшілік айырудан қалды.

Оған шенеуніктердің әр жерде айт­қан мәлімдемелері сеп болып отыр. Мәселен, өткен жылы премьер-министрдің орын­басары Ерболат Досаев «Қы­зылордадағы шыны зауыты биыл­ғы қазан айында (2017 жыл. – ред.) өз жұмысын бастайды» деп сүйінші сұраған. Ал былтыр бас қалада өткен баспа­сөз брифингінде аймақ бас­шысы Қырымбек Көшербаев: «Ағымдағы жылы күзде, бәл­кім, қазанда немесе қараша айын­да шыны зауытын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұқаралық ақпарат құрал­да­рынан оқыған шығарсыздар, бас мердігерге қатысты қыл­мыстық іс қозғалса да, аталған кәсіпорында негізгі құрал-жабдық­тардың бәрі бар. Меніңш­е, «Бәйтерек» ұлттық холдингі, инвестициялық қор, Қазақстанның даму банкі және инвестор бірлесіп, ол зауытты қазанда, ары кетсе қараша айынд­а іске қосамыз. Себебі ондай өндіріс облысқа ғана емес, ел экономикасына да ауадай  қажет», - деді.

Дегенмен, облыс әкімі былтыр­, яғни 18 қазан күні зауыт­  алғашқы өнімін Астананың 20 жылдық мерекесі қарсаңында шығаратынын айтқан. Өткенде ғана бас шаһардың мерей­лі  мерекесін  думандатып атап өттік. Әйтсе де, әдеттегідей  мақтаулы  жобаның  жемісі «желінбей»  қалды.

Енді міне, кеше ғана Астана қаласында өткен баспасөз брифинг­інде аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы «Өңірде гаджеттерге арналған ультра-әйнек шығарылады. Жобаның құны – 150 млн доллар. Мен арнайы зауыттың директорын шақырдым. Шыны зауытының ашылуына байланысты күдік болды. Бірақ Қызыл­ордада шыны зауыты болады. Қазіргі таңда зауыттағы құрылы­с-мон­таж­дау жұмысы 90%-ке бітті. Зауытқа 100%-ке құрал-жабдықтар жеткізілді. Менің ойымша, мұндағы өндіріс 32 жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істей алады. Сондай технология бар. Зауытты іске қосу үшін ауа темпера­туа­расы +20 градус болуы­ керек­. Құдай қаласа, біз сәуір-мамыр  айында  (алдағы  жылы. – авт.) өндірісті іске қосамыз. Бұл зауыт өз сала­сында Орталық­ Азияда монополист болады»  деп атап өтті.

Бәрін айт та, бірін айт, айлар­ алмасып, жылдар жылжып жатыр­. Ал, шыны зауытының келешегі күн өткен сайын сағым­дай бұлдырап барады.

Асан  ДӘУЛЕТ