ПАЙДА ОЙЛАМА, АР ОЙЛА... | Print |
25.04.2019 11:26

Оқуға түскен жылы бір жігітпен дос болдым. 1-2 курс жақсы араласып  жүрдік. Сабақ үлгерімі өте жақсы­­ болатын. Соңғы 2-курста мүлдем көрінбей кетті. Бітірер сәтімізде сабақ­та төбе көрсетпей, диплом алуға келді. Тіпті, қызыл диплом алды. Қызық, 2 жыл білім алмай, қызыл диплом иегері атанды. «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңданың»  көрінісі ме бұл?! Қазір осындай жайттарды азайтам­ыз деп жүргенде, өзіміз көбейтіп жатырмыз ба? Қалай? Ел арасынан да «ақша  сөйлейтін заман  болды  ғой»,  «аузы  қисық  болса да, байдың бала­сы сөйлесін» дегенді жиі  естиміз.­

Оқуда жүргенде іс-тәжірибе ба­рысында жұмыс істеп, үйренудің орны­на пара беріп, «жауып» тастауға дайын тұратындар баршылық. Үйренбей-ақ, оқу бітірген соң жұмыс­қа­  тұрарда «әке-көкелері» дайын­дары да көп. Оқу орны түлектерді жұмыспен қамтуға, барлығын қарастыруға қауқарсыз. Мекемелер мықты кадрларды өздері іздемейді. Ақшасы барлар жұмыс берушінің «ставкасын» беріп, білсін-білмесін жақсы жұмыс­қа орналасады. Ал, басында білімі бар, қызыл дипломдылар­ көшеде жұмыссыз сандалып жүре­ді. Орташа есеппен алғанда жұмысқа орнала­су үшін ең төменгі төленетін құн 1000 доллар  екен. Егер қолда қаражат болмаса, жұмысқа тұруға ақша ұсыну үшін несиеге жүгінетіндер де бар. Ел ішінде «ендігі ақтаған шығарсың» деген­ әңгімелер айтылады. Неге пара беруден де, алудан да қорықпаймыз? Әлде жемқорлықтан қорлық көр­мейміз бе? Осының бәрі айналып келгенде, оқу орындары мен мекемелер арасында ешқандай байла­ныстың  жоқтығынан  туындайды.

«Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазар» демекші, пара алушы жеңіл ақшаның жолында қолынан келге­нін істеп бағады. Алайда заңсыз ақша табамын деп заң құрсауына ілініп жатқан шенділерді де көз көріп, құлақ естіп жүр. Көбіміз пара алудың екі бірдей қылмыс екенін ескермей жатамыз. Бұл жерде айыпталатын – пара беруші мен алушы. Оңай олжаның жолында опық жеп қалмау үшін пайда ойлама, ар ойла...

ТҰМАР ҚЫЗ