ДИРЕКТОРДЫҢ «ДИРЕКТОРЫ» | Print |
25.04.2019 11:50

Жұбайым екеуміз жабылып жұмыс іздедік. Бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз қалмады. «Бос орындар жәрмеңкесінің» нешеуіне қатыстық. Түк нәтиже болмады. Одан қалды, апта сайын «Кому? Что?» газетін парақтаймыз. Жұбайымның мамандығы – мұғалім. Сөйтіп, жүріп біраз уақытты өткі­зіп алдық. Қарыз қысып, жағаға жармасты. Несін айтайық, ақшадан тарығып кеттік. Ара-тұра қолдан келген майда-шүйде шаруа­ларды істейміз. Күнделікті тапқан бес-он тиыннан береке бола ма? «Қиналып жүріп арық қазсаң, жүгіріп жүріп су ішесің» деп өз-өзімізді жұбатып қоямыз. Не болса да, тұрақты жұмысқа ор­на­ласудың қамына кірістік.

Бір күні интернеттен Enbek.kz дейтін портал тауып­ алдық. Жарықтық, жұбайым маған: «Интернетте бос жұмыс орындары тұр екен ғой. Неменеге әр мекеменің есігін тоздырып жүр­міз. Көрсетілген  мекенжайға түйіндеме жібере салсақ, болмай ма? Өздері мамандығым сәйкес келсе, шақыратын шығар...», - деді, құдды қазір бір директор қоңырау шалып, «тез жұмысқа кел» дейтінд­ей. Айналдырған жарты сағатта порталға тіркеліп, бірнеше мектеп пен балабақшаға түйіндеме жол­дад­ық. Бір шаруаны бітір­гендей боп, қатқан нанды қызыл шайға батырып ал­дырып отырмыз. Үстелдің бір шетінде – несие қағаз­дары. Бір шолып өттім. Несиен­ің кезекті төлем күні де жақындапты. Тағы да біреу­ден  қарыз  сұрап, жабу  керек­. Жағдай  осы  енді...

Туыстығымыз алыстау ағайымыз бар-тын. Бір ба­сына жететін беделі бар. Тамыр­-таныстары да тәуір қызметте істейді. Өткенде өтініш айтып кеткенбіз. «Осындайда-осындай, келі­ніңізге жұмыс іздеп жүрміз» деп. Айттық. «Жұмыс болса, болды, болмаса, тәуекел» дегенб­із. «Жазған құлда шаршау жоқ». Бүгінде біреудің мәселесін біреу тыңдай ма? Ол кісінің қолынан келмесе, өкпелейтін де ретіміз жоқ екені белгілі дүние ғой.

Кенет телефон безілдеп сала берді. Ағамыз екен. Тұтқаны көтергенім сол еді, сөзге  келместен:

– Інім, маған жолығып кетші, - деді де, қоя салды.

Өмірімде бұлай қуанбаған шығармын. Өйткені о кісі маға­н қатысты маңызды мәселе болғанда ғана қоңы­рау шалатын. Жұбайыма «Ағам хабарласты. Саған жұмыстың  реті шығып тұр­ған сияқты» дедім де, асығыс-үсігіс киініп, үйден шығып кеттім. Ағама асығып барамын. Әншейінде бір-бірімен жарысып жүрген қоғамдық көлік те өгіз аяңмен келеді. Межелі жерге жарты сағатта жеттім-ау! Ағама жолықтым. Ол менің өтінішім орындалатынын айтты. Бірақ «құрғақ қасық ауыз жыртады» деген мәтелді есіме салды. Арғы жағы түсінікті ғой. Бір директордың нөмірін берді де:

– Інім, шаруа былай. «Ставка» – 500 мың теңге. Мына нөмірге хабарлас. Менің інім екеніңді айт. Қалған­ын өзі түсіндіреді, - деді де, құлағыма сыбырлап:

– Кабинетінде  ақша  тура­лы әңгіме қозғама, - деп қа­таң  ескертті.

Келістік! Шаруа шешілді! Екеуміз екі жаққа кеттік. Бірақ «табақтай 500 мың теңген­і қайдан табамын?» деп ойланыңқырап қалдым. Тәуекел! Әдеттегідей тағы да «қиналып  жүріп арық қаз­саң, жүгіріп жүріп су ішесің» деп өз-өзімді жұбаттым. Екі­ұда­й күймен үйге келдік. Бәйбі­шем есіктен кірер-кір­местен  «жұмысқа тұрам ба?» деді.

– Иә...

– Рас па?

– Рас... Бірақ 500 мың теңге  сұрап  тұр, - дедім.

Айтқаным сол-ақ еді, жаңа ғана күндей күлімдеп тұрған келіншегім бұлттай бұртиып шыға келді. Қысқасы, 500 мыңды іздеуге кіріс­тік. Әрі ойланып, бері ойланып несие аламыз деп шешім шығардық.

Келесі күні  кредит ал­дық. Жарықтық, банк те «ақ­көңіл» екен. Біз – сұрадық. Ол – берді. Тек кейін оның бәрін өтейтінің өкінішті. Ақша –алақанда. Директорға хабарластық. Шаруамыздың ұзын-ырғасын баяндадық. «Маған жолығып кет» деп қысқа қа­йыр­ды. Алып-ұшып бардық. Таксимен...

– Enbek.kz дейтін портал­ға бос орынды ұсынамыз. Жұбайың түйіндемесін жі­берсін. Қалғанын көрер­міз, - деп жылы шыраймен шы­ғарып  салды.

Біз «Әй, сол «көрерміз­дің» астарында біраз шаруа бар ғой» деп топшыладық. Көп  ұзамай жоспар бойынша Enbek.kz дейтін порталға айтылғ­ан жұмыс жарияланды. Түйіндеме жібердік.

Кешкілік  бейтаныс нө­мір қоңырау шалды. Сөйтсем, әлгі директор:

– Інім, мен директормын. Бірақ, менің де директорым бар. Оларға ескерттім. Сенің «орамалыңды» онымен бөлі­семін. Тездет, - деді де тұтқаны  тастай  салды.

«Құдай-ау, біз бұ кісіні әжептәуір директор деп жүрсек, бұның да директоры бар  екен-ау!» дейміз.

«Бір істі қолға алдық ғой. Соңына дейін жеткізейік» деп «орамалымызды» екіге бөліп  жатқаным сол еді, істеп жүрген тірлігімнен ұялып, ұйқымнан шошып ояндым...

Абырой болғанда мұның бәрі түсім екен.

 

Асан  ДӘУЛЕТ