СЕНІМНІҢ ШЫНДЫҒЫ мен «СҰМДЫҒЫ» | Print |
01.08.2019 14:30

Бүгінде намаз оқымасаң – кәпірсің, жеті күлше пісірсең – күнәһарсың, теледидар қарасаң да, есті әуендерді тыңдасаң да, жақсы фильмдерді көрсең де – харам іс қылған  боласың.  Туған  күн  тойласаң да, Наурыз  мейрамын атап өтсең де, ата-баба аруағына  Құран  оқып, бағыштасаң  да,  алақан жайып  бет  сипасаң   да – Алланың ақ жолынан адасқан болып шыға келесің! Тіпті сырқаттанып ауырған балаларды емдеуге және емдетуге болмайды, Құдай оларды қорғайды…

Міне, бүгінгі деструктивті діни ағым өкілдерінің санасы да, сыртқы сиқы да осындай екендігі көпке мәлім. Мұны сенімнің «сұмдығы» демеске лажың жоқ.

Дәл осындай сенімде жүрген адамдардың балаларында да балалық шақ болмайды. Бесіктен белі шықпай жатып, қыздарының басына қара орамалды орайды, балалары барлығынан қағылған, құрбыларымен  ойнап-күлмейді.  Мектепке баруын  баратын  шығар, бірақ  ән  айтпайды, сурет   салмайды.  Бұлар – радикалды көзқарастың  нақ  өзі. Қысқасы, олар  өздерін қоршаған  ортадан оқшаулайды.

 

ПСИХОЛОГ   ПІКІРІ

Қоғам қысқа балақты, қауға сақалды,­ қара киімді адамдардан қорқа бастады­. Олардың жанында жүрмек түгілі, жүзіне қараудың өзі үрейлі. Бұл соқыр сенімнің нәтижесі секілді. Олар өздерінің соқыр сенімде екенін білмейді немесе мойындағысы  келмейді.

Психолог Лимана Қойшиева «деструктивті діни ұйымдар адам санасына кәдімгі  психологиялық әсер ету тәсіл­дерін  қолданады»  дейді.

- Біріншіден, қиын жағдайда жүрген адамға ыңғайлы әрі жағымды орта керек.­ Бұл ұйымда оны бірден ұйымдастырылып (тегін тамақ, жататын орын, сіздің келге­ніңізге қуанышты болатын «жаңа отбасы»), барлығы сізге жымиып, бір-бірінің амандығын сұрайды. Бұның барлығы кез келген адамға жағымды болып көрінеді және қайтадан сол жерге келіп, көбінесе көп уақытқа қалуға ынтасын тудырады.

Екіншіден, жаңадан келген адамды өзін топпен ассоциациялауға, яғни оны жақсы көретін осы «керемет адамдардың» мүшесі ретінде сезінуге итермелеу керек. Әртүрлі ұйымдарда түрлі амалдар бар (тренингтер, бірігіп ән салу, топтық құлшылық ету, өздерінің мейрамдары, өздерінің ерекше тілі және т.б.), жаңадан  келген адамның миына идеологиялық ақпаратты құйып, сол ақпаратты ешқанд­ай сұрақсыз және критикалық ескерту­лерсіз жаттауын қатаң қадағалап отырады. Яғни, адамның критикалық ойлауы мен ерік қалдықтарын түгелімен жоюға тырысады. Адамды топ оны «өз мүшесі» етіп қабылдауға ынтал­андырады.

Үшіншіден, жатталған материал практикада сәтті қолданғанда адамды мадақтау  және «жоғары деңгейдегі» топ  мүшелеріне жақындату арқылы қолдайд­ы.  Адамға оның  іс-әрекетін  басқа­ біреулердің қолдауы өзін керемет сезінуін туғызады, сонымен қатар осы сезімде­р үшін ол өзінің «ұстаздарына» алғысы­н білдіреді, - дейді психолог Лиман­а  Қойшие­ва.

Соқыр сенімнің жетегіне ерген кез келген адам жамағаттан, қоғамнан, отбасы­нан оқшауланып, өзінікін ғана дұрыс, қалғандарының көзқарастары бұрыс деген қасаң қағиданы ұстанады. Бір отбасында немесе бір мешітте болған­ жамағаттың бір сенімде бол­ғанына  не  жетсін?!

 

СЕНІМ   ҮМІТТЕН   БАСТАЛАДЫ

Көбіміз кейде мән бере қоймайтын сенім деген қасиет құлаққа жай ғана естіле­ салатын әрі «менмұндалап» ай­ғайлап тұратын жарнама емес. Сенім – адамға жігер беретін, болашаққа ұмтылдыратын үміттен басталатын құбылыс. Адамның алдына қойған мақсатының айқын болуы, дүниетанымының өмір­мен байланыстылығы берік сенімнен туады. Бұл адамның нақты іс-әрекеті мен тәжірибесіне байланысты. Адам баласына жақсылық та, жамандық та әкелетін, бақыт пен қайғы-қасірет те беретін, бізді адамшылыққа, не қаныпезерлікке жетелейтін де сенім екен­дігін білуіміз керек. Ол – адам алғаш жаратылғаннан осы бүгінге дейін бар болмысымызды билеп алған ұғым. Оның дұрысы мен терісі, шындығы мен ақылға сыйымсызы бар. Бұл арада күнбе-күнгі өз арамызда бола беретін, тіршіліктегі бір-біріне сену, илану деген­ де бар. Біз сөз етіп отырған мәселе­ адамдардың діни сеніміне және діни санасына байланысты болмақ.

Біздің елімізде діни сенім бостандығы  қамтамасыз  етілген, яғни Құдайға сенуге  немесе  сенбеуге де азамат­тардың құқығы бар. Біле білсек, ол құқық – адал жолмен жүру немесе ешкімге діни көз­қарасына байланысты қоғамға, от­басына және өзгелерге кедергі келтірмеу деген сөз. Демек, кез келген азамат діни көзқарасына байланысты ойына келгенін жасауға құқы жоқ. Өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген бол­май­ды. Ол дегеніміз – хаос.

 

ДІНИ  САНАСЫ  ДҰРЫС

ҚАЛЫПТАСҚАН  АДАМ…

Дін ғалымдары үнемі дәстүрлі дін­нің құндылықтарымен қатар, әлемді алаңдатып отырған радикализм сынды мәселенің және жалған діни ағымдардың қоғам үшін кері әсерін үнемі айтып­ келеді. Осы ретте сананың діни тұрғыдан радикалдану қаупі азаматтың өзіне де, өзгелерге де зиянды екені белгілі.

Дұрыс діни сана қалыптастыру – қоғам дамуының негізгі көрсеткіштерінен, яғни қоғамдық ізгілікті жоғары қою.

Діни санасы дұрыс қалыптасқан тұлға отанды сүюді, өмір сүріп отырған ортаңды қастерлеуді, мемлекет заңдарын ұстануды, үлкенді құрметтеуді, кішіге ізетті болуды біледі. Тіпті мұндай тұлға ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген кемел азамат болары да сөзсіз. Бүгінде кейбір азаматтарымыз деструктивті көзқарастарын өзгелерге тықпалап, келіспеген жағдайда кінәлап, айып­ты  санайды. Бұл оның діни санасының дұрыс қалыптаспағанын білдіреді. Егер адамның діни санасы дұрыс қалыптасса – онда ол өзге адамдардың да діни сеніміне  құрметпен қарайды және олардың  еркіндігін бағалай да біледі.

 

ДЕМОКРАТИЯ  –  ШЕКСІЗ   ЕРКІНДІК   ЕМЕС

Қазақстан Республикасы – демок­ратиялық, құқықтық мемлекет. Бұл – Қазақстан қоғамы үшін құндылық. Себеб­і, демократия – шексіз еркіндік емес, өзге адамдардың да құқығын құрметтеуде  жатыр. Демек, дұрыс  діни сана  осыдан  бастау  алса  керек.

Сенімі дұрыс қалыптасқан азаматтың діни санасы да дұрыс қалыптасады. Ал сенімі жалған немесе теріс бағытта­ болса, онда сөзсіз сананың радикал­дануы немесе фанатизмге бой алдыра  бастайды.

Фанатизм – ойлаған нәрсесінің ақ-қарасын ажыратпай, тек өзінің таным деңгейінің жеткені мен көңіліне жаққанын діннің өлшемдеріне салмай, құлай сеніп, «айтқаным айтқан» деп белгілі бір көзқараста қатып қалуды фанатизм дейді  мамандар­.

Шынымен де фанатизм ашулану мен түрлі сезімдерге негізделген. Өзінікі негізсіз болса да айтқанынан қайтпау, өз қалауынан шықпау деген мағынаны да береді.

Фанаттық көзқарасқа  бой  алдыр­ған­ адам ақыл мен зердеден алыс, сарапт­ау мен қорытудан мақұрым қалады.­ Сондық­тан да фанатиктер ақыл  мен  ойдан  аулақ  болғаны секіл­ді, адамгер­шілік қасиеттерден де жұрдай  келеді.

Ал радикализм – қоғамда дәстүрлі қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгертуге  бағытталған саяси-әлеуметтік идеялар мен әрекеттер болып табы­латын идеология деп топшылайды  мамандар.­

Радикалды ұстанымдарға негізделген ағымдардың өкілдері қалыптасқан жағдай олардың ұстанымына сай келмеген жағдайда «оны өзгерту керек» деп шешім айтады. Демек, бұл – радикалдық  көзқарас.

Айтылған мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын табу үшін мемлекет пен азаматтар дәстүрлі рухани құндылықтарды, мәдениетті, салт-дәстүрді, ұлттық дүниетанымды жаңғырт­а отырып­, радикализмнің кез келген түрлері мен бой көрсетулеріне қарсы біртұтас шеп құру – уақыттың талабы.

Қай уақытта болмасын ұлттық құндылықтарымызға қайшы келетін, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімге, мемлекеттің тұтастығына кері әсер ететін, елдігіміздің шырқын бұзатын діни радикализмнен сақ болу – әрбіріміздің  борышымыз.

Тұрар  ТҮГЕЛҰЛЫ,

дінтанушы