«ШЫНДЫҚТЫ АЙТПАЙЫН ДЕСЕҢ, ТЕАТР ҚҰРДЫМҒА КЕТЕДІ» | Print |
10.05.2018 11:48

Ақтөре ОРАЗАЛЫ,

Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының режиссері:


Режиссер болып туылу керек. Бұл – даңқты театр режиссері Вл.И.Немирович-Данченконың айтқаны. Тыңнан түрен салу, ойда озық идеяларды пісіру, тіпті қарапайым пьесаға сахнада жан бітіру үшін режиссер қыруар еңбек етеді. Яғни, режиссер – ұстаз, режиссер – әдебиетші, режиссер – суретші, режиссер – ұйымдастырушы.

Оған мамандықтың кәсіби заңдылықтары мен құпияларын білу қажеттігін тағы қосыңыз. Залға жиналған көрермен сахнадағы актерлердің өнерін тамашалайды. Ал қойылымның арғы түкпіріндегі терең ойды ұға алса, бұл – актермен қоса режиссердің жетістігі.

Бүгінде Сыр өңірінде өнер саласында айрықша жетістіктерге жетіп жүрген жастар жетерлік. Соның бірі – Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының режиссері Ақтөре Оразалы. Жас та болса жарқын идеяларымен, өміршең қойылымдарымен көптің көңілінен шығып жүр. Оның саф өнер турасында, өзі туралы пікірін білгіңіз келсе, сұхбатқа көз жүгіртіңіз.

- Ақтөре, режиссерлік бала күнгі  арманыңыз  ба  еді?

- Бала кезімнен актер болу­ды армандадым. Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі №70 Жанқожа батыр атындағы қазақ орта мектебін бітірдім. Мектепте жүрген жылдары актерлікке есім кеткен. Болашақта мықты актер болуды армандадым. Ауылдағ­ы Оқушылар үйінде драма үйірмесіне қатысып, актриса Ұлжан апайдан білім алып жүрдім. Сондай-ақ поэзияда бақ сынадым. Мектеп бітір­геннен кейін Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына тапсырдым. Арманым сахнада ойнау болған. Сөйтіп Оразхан Кенебаевтың шеберханасына тапсырдым. Бірақ ол кісі қабылдамай қойды, ол кезде көзілдірік киген болатынмын. Мүмкін, сол әсер етсе керек. Сонан кейін режиссер мамандығына ҚР Халық әртісі, профессор Маман Байсеркеевтің шеберханасына құжат тапсырдым. Емтихандарынан сүрінбей өтіп, оқуға түстім. Бес жылдай білім алдым. Бұрын мектепте сахнаның арғы жағындағы құпияны біле алмадық. Сахнада ойнау арманым болғандықтан, бірден жұлдыз болып кетемін деп ойла­дым. Алайда адам болып барып едік, бізді «жан-жануар» қылып жіберді (күліп). Ит, мысық болып кеттік. Бұл – бірінші курстағы сабақтар болатын, яғни актерлық өнердің әліппесі. Екі жыл  бойы сахнада сөйлемей жүрдік. Тек ғана мимикамен, этюд нұсқада жұмыс істедік. Бірінші жануарлар, екінші адамдар болып, бірақ сөйлемей. Екі жыл солай болды. Уақыт өте сахна тілі сабағында әртүрлі жаттығулар өтіп, үшінші курстан бастап сөйлей бастадық. 2016 жылы Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрына келдім. Сол кезде дипломдық спектакльге үлкен шығарма алу керек болды.­ Балалардың қойылымы емес, салмағы бар мәселе көтеретін. Қысқасы, режиссерлік шеберлігін көрсететін шығарма. Оған театрдың талабы, ұсынысы бо­йынша  балалар спектаклін қою қажет болды. Сая Қасымбектің «Наурыз аруы» атты қойылымын қойдым. Еңбегім театр­ға ұнаған болуы керек, жұмысқа шақырды. Академияны бітірген соң бірден  осында  тарттым. Мұндағы  алғаш­ қойған спектаклім – «Бір түп алма ағашы» драмасы. Халыққа ұнады. Бастамасы жаман болған жоқ. Содан бері қазір 7-8 қойылым қойдым. Театрдың не екенін түсініп, атмосферасын білдік. Академияда бәрін үйретіп жіберді. Теорияны практикамен ұш­тасты­рып  жүрген  жайымыз  бар.

- Бүгінгі көрермен сұранысын қана­ғаттандырып отырмын деп ойлайсыз ба? Сіздің ойыңызша, қазір көрермен нені көргісі келеді?

- Бүгінгі  таңда  көрерменнің театрға деген сұранысы жақсы. Қанша қойылым қойдым. Үлкен буындарға. Жоғары­ сұра­нысқа ие болды. Жоспарға сәй­кес ай сайын­ спектакль жүріп отырады. Зымырап уақыт өтіп жатыр. Ал адамдардың жұмыс­тан қолы тимейді. Театрға келуге­ мүмкіндігі жоқ. Күйбің тірлік. Көрермен  комедия  жанрын ұнатады. Драмалық немесе  тарихи қойылымдардан гөрі комедия өтімдірек. Себебі, халық мұнда демалуға келеді. Қазір бір жылдың өзінде 3 комедия қойылды. Күзден бастап.­ Маусым басталғалы. Келушілер, шүкір, аз  емес.

- Өзіңіз режиссер ретінде спектакль арқылы  не  айтқыңыз  келеді?

- Спектакльдің негізгі миссиясы – қазіргі қоғамның дертін көрсетіп, мәселелерді жеткізу. Бүгінде технологияның дамуы адамға әсер етіп жатыр. Телефон­ға шұқшиып, бас алмай қалатынымыз тағы бар. Сол сияқты өзекті мәселелер. Тіпті теледидардан көрсетілетін кей бағдарламаларға жұртшылықтың көңілі толмайтындығын да байқап отырамыз. Арзан дүние өтімдірек, өйткені. Сол нәрселерді қозғауға тырысамыз. Алдағы уақытта тексіздік тақырыбын көтергіміз келеді. Шарананы қоқысқа тастау, бір атаның балаларының бір-біріне біл­местікпен үйленіп қоюы секілді мәселелер...

- Кейде шығармашылық шабыт келмей қояды. Бірақ спектакль қойылуы тиіс. Осындай жағдайдан қалай шығасыз?

- Бұл мәселе театрдың жұмыс жоспарына да байланысты. Негізі жылына 3 спектакль деп қабылданады. Осы жылды алар болсақ, кеше ғана «Пай-пай жас жұбайлар-ай» болды. Одан кейін «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуды» қой­дық. Енді менің жұмыс жоспарым күзге қарай шегеріліп тұр. Қазір менің жұмыс жасауыма мүмкіндік аз болып отыр. Жұмыс болмағаннан кейін адамда тоқыр­ау болады. Шығармашылық жұмысым жүрмегеннен кейін актерлермен жұмыс істемеген себепті ізденіс те болмайды. Тек жоспармен шектеліп қалған соң, мүмкіндіктер қарастырылмай тасада қалып отыр. Мен бір пьесаны алып, өзім жұмыс істей беремін іштей. Ал оның ары қарай дамуы артис­терге байланысты. Себебі, оны сахнаға алып шығып, жан беретін – солар. Спектакль жақсы шығуы үшін 50 пайыз­ еңбек актерлерге байланысты болса, қалған елу пайызы – режиссердің қолында.

- Шабытты қайдан аласыз?

- Ол құпия болып қалсын. Көп нәрсеге байланысты. Жеке өмірге, театр­дағы аураға. Себеп көп. Тіпті ауа райы да әсер етуі мүмкін.

- Қойылымыңыз сахнада көрсетіліп жатқанда, мына жақтан (сахна сыртынан) жасырын қарап тұрасыздар ма?

- Иә, әрине. Қызық ғой! Оның өзі адамға шабыт береді. Келген көрермендердің эмоциясын байқау арқылы әрі қарайғы жұмысым белгілі болады. Қиялыма қанат бітеді. Келесі қойылымды қоюға асығамын.

- Спектакль барысында залда орындықтар бос қалып немесе қойылымға аз адам жиналғаны сізге қалай әсер етеді?

- Ондай жағдай көп болады. Ол үйреншікті жайт. Кері әсер етеді деген тұжырым жоқ. Көрермен аз болғанымен, актерлердің ойыны керемет болса,­ сол жеңіп кетеді. Өйткені сенің жасаған­ дүниең – тірі, өмір сүріп жатыр. Соның өзі жетістік. Ертеңгі көрермені бар.

- Сіз үшін кімнің бағасы маңызды?

- Әрине, халықтың. Өйткені бұл маңдай тердің, еңбектің барлығы халық үшін. Мына дүниені жасап, мен байып кетейін демеймін.

- Ал өз-өзіңізге берер бағаңыз?

- Өзімнің өзіме берер бағам – төмен. Әлі де жұмыс істеу керек. Ізденіс керек. Адамның өзіне көңіл толуы қиын нәрсе.

- Театр сыншылары тарапынан қандай  сын  естідіңіздер?

- Қазір ондай жағдайлар жоқтың қасы. Себебі, театр сыншысы жоқ. Бұл нәрсе сырттан болуы керек. Қазір театр жанашырлары деген әдемі тіркес бар. Бірақ ол тек сөз жүзінде ғана. Әр театр өзінше тірлік қылып жатыр тырмысып. Тек қазақ өнері үшін жұмыс істейтін жүйе керек. Театр сыншыларынан құрал­ған Көркемдік кеңес сияқты, мәселен. Жалпы, қазақ мәдениеті үшін Көркемдік кеңес керек деп ойлаймын, армандаймын. Қазір теледидар деген нәрсені сындырып тастағым келеді. Оны көргім келмейді. Жаңалықтарды, мәселе көтеретін, халықтың сөзін сөй­леп, көкейдегісін айтатын бағдарламалар аз. Алайда қазір көкжәшіктен арзан­ дүниелер көп көретін болдық. Бір ғана «Қалаулымның» өзі не тұрады!? Түрік­тің, үндінің, филиппиннің сағызша созы­латын сериалдары адамды жан-жақты дамытып, мәдениетін үстей түседі деп айту қиын. Әсте қиын. Ол кинолар қазақтың менталитетіне сай емес.  Жұрт жүйкесін жұқартып отырып көреді  сол  сериалдарды.

- Біздің театрға жарнама керек пе?

- Міндетті түрде. Театрдың атасы К.Станиславский  «Театр  киімілгіштен басталады»  деген  кезінде.  Ол – сол заманның сөзі. Одан бері  бір  ғасыр  өтті. Сол кезде театрға деген қызығушылық күшті болатын. Ха­лық келетін қойылым көруге. Ал қазіргі күні театр киімілгіштен  емес, жарнамадан  басталады. Жарнама  жағы  бізде барынш­а жасалып жатыр. Әлеуметтік желіден болсын. Әлемжеліден театрды  жарнамалағанымызбен, нәтиже жоқ. Көшеде  жарнама ілуге рұқсат етілме­ген. Сол мәселе қазір қиындық ту­дыру­да.  Қаланың  орталық  көше­леріне  ілуге немесе лэд-экрандардан көрсетуге­  мүмкіндік  жоқ.  Ал жекелері қымбат.

- Соңғы оқыған кітабыңыз қандай?

- Дулат Исабековтың повестерін оқып жатырмын. Оның алдында Оралхан Бөкейді оқыдым. Әлемдік классиктерден көбіне пьесалар, аудармаларды іздеп оқимын. Марк Камолеттидің бір оқиға желісі керемет аудармасын оқыдым. Бұйырса, келер жылы соны қойып  қалуым  мүмкін.

- Адамдағы қандай қасиетті жек көресіз?

- Өсек, жағымпаздық, екіжүзділік. Бірақ көзіміз көріп жүр. Жоқ емес бар.

- Сіз жүрген ортада да бар.

- Міндетті түрде. Қазір есікті ашсаңыз­, жүреді. Өзгелер туралы айтқан­ сөз мейлі жақсы, мейлі жаман болсын, басқа бірінен қайта айналып өзімді  тауып  жатады.

- Ондай  қасиет өзіңізде жоқ па?

- Бетім, жүзім таза қазіргі жағдайда. Барлық шындықты айтуға тырысамын. Бірақ ашық айтылған ақиқат ешкімге ұнай бермейді. Тіпті сынның өзін қабылдай алмай, амандық сұрасуға жарамай қалып жататын кісілер де бар. Шындықты айтпайын, үндемейін десең, театр құрдымға кетеді. Өнер бол­ған жерде сын айтылуы заңды нәрсе. Сын арқылы өсеміз. Бірақ қазір сын айтсаң, қабылдамайды жұрт. Үлкені болсын, кішісі болсын – гений, Халық әртісі.

- Сөзіңізді дәл осы қалпында газетке баса берейік пе? Тағы да ренжімей ме сізге?

- Айтып отырғаным шындық ғой. Шындық ащы келеді негізі. Адам бол­ғаннан  кейін  дамығың  келеді.

- Сізді қуантатын нәрсе не?

- Театр саласына, қоғамға тамшыдай болса да үлесімді қосып жүргенім. Жұртшылықтың ыстық ықыласы, берген батасы мен үшін бақыт дер едім.

- Әңгімеңізге рақмет! Шабытыңыз шалқи түссін!

Әңгімелескен  Жазира  БАҒЛАН