СОЛ ЖАҒАЛАУДАН АНА ОБРАЗЫН КӨРГІМ КЕЛЕДІ | Print |
11.10.2018 11:11

 

Аманкелді  КЕНЕНБАЕВ,

суретші,  мүсінші:

 

Шеберханаға мен барғанда ол кісі картинасын әурелеп жатқан еді. Санаулы күндерден соң өтетін “Сырдария” атты жеке көрмесіне қызу дайындық жүргізуде. Онда біршама картиналары жинақталған кітабының да тұсауы кесілмек. Мен болсам, осындай қысылтаяң уақытта суретшінің әр  секунды санаулы екенін біле тұра, “бірнеше минутқа ғана мазалаймын” деп алып, сағаттан аса сөйлетуге келгендеймін. Өйткені, табалдырықтан “Ассалаумағалейкүм!” деп амандасқаннан бастап төрге дейін де әңгімеміздің жараса кеткенін сездім.

Сұхбат барысында құлағым суретшіде болғанымен, көзім айналадағы картиналарға, бюст-мүсіндерге қайта-қайта түсіп кете берді. Мұны бағанадан бері бажайлап отырған мүсінші ағамыз әңгімеден соң маған жұмыстарын таныстырды. Расын айтайын, кейбір картиналарын түк те түсінбедім. Тырыстым. Болмады. “Автор көрерменнің деңгейіне түсуге міндетті емес” деген ой кейіннен барып санамда жаңғырып қала берді...

- Суретші – күндіз-түні өз қиялымен  күресетін  адам. Бұл – менің  ойым. Енді мұны сіздің көзқарасыңызбен толықтырсақ...­

- Менің ойымша, әлемдегі барлық бала суретші болып туылады. Тек, біреуінде ол қасиет аз, біреуінде көп болады дегендей. Бірі дамытады, екіншісі мүлдем елемейді. Суретші күрескер болуы мүмкін, суретші тыныш­тықты қалауы да ықтимал. Суретш­і  ең  бірінші адам болуы керек­. Жалпы алғанда, кез келген өнер  иесі ең алдымен адамгершілігімен даралануы тиіс. Ал, сіз бен мендегі, ол мен сіздегі пікір қайшылығы өте  орынды.

- Осы шетелде сурет, мүсін өнерін жоғары бағалайды деп жатамыз ғой. Сонда шын өнерді қабылдауға біздің түйсігіміз  жетпей  ме? Әлде...

- Біздің халықта өнерді бағалау, тіпті өте жоғары дәрежеде бағалау деген бұрынғы заманнан бері бар. Бірақ, қазіргі уақыт абдырап тұрған шақ. Өнер ешқашан өз құндылығын жоймайды, жоғалтпайды. Өз сарынымен, өз күшімен ылдилап жүріп келе жатыр. Шетелде құндылық деп бағалау сан ғасыр бұрын басталып кетті. Мәселен, бір картинаны қазір сатып алса, 2 жылдан соң екі есе бағад­а сатуға болатынын және оны өзгелердің алатынын біледі. Арнайы жинайтын коллекционерлер, ұйымдар, музейлер бар. Аукциондар ұйымда­стырылып  тұрады. Ұрланған кар­тинаның  құнын  өсіреді. Жалпы, жұртшылыққа  қызық.

- Өткен  көрмелеріңіз  туралы  айта кетсеңіз.

- Биыл Алматы қаласындағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде “Сұлутөбе” атты жеке көрмем өтті. Биылғы жылдың шымыл­дығын түріп, ең алғаш болып аштым десем де болады. бір ай бойы алматылықтар  тамашалады, өз  бағасын беріп жатты. Негізі, ол жерде көрме өткізу – кез келген қазақстандық суретшінің арманы. Жалпы, Алмат­ы қаласында бұған дейін де көрме өткізіп жүрміз ғой. 2016 жылы Астана қаласында бүкіләлемдік суретш­ілер  биенналесі өтті. Ол  жер­де­ өз  жұмыстарыңды  таныстырасың. Осы жылы тағы да Астана қаласында бүкіләлемдік фестиваль ұйымдас­тырылды. Шақырған  соң, ол жерден де  табылдым.

- Шетелдегі  көрмелеріңіз  ше?

- Қазір әртүрлі пікірлер айтыла береді ғой, бірақ сол Кеңес үкіметі кезінде өнерге деген қамқорлық жақсы­  болды. Шетелдік көрмелерге картинаның өтуі қиын еді. Ол уақытта­ көркемдік кеңес жұмыс істейтін. Менің жұмыстарым алғаш рет 1986 жылы Чехословакияда өтті. 1989 жылы Ресейдің Мәскеу қаласында жұмыстарым өнерсүйер қауымға таныстырылды. 2007 жылы “Қазақмыс” корпорациясынан хабарла­сып, конкурсқа шығарма­ларымды қоюға рұқсат сұрады. Оған 36 суретшінің жұмысы ұсынылып жатыр­ екен. Барлығы бір-бірінен асып түсетін атақты суретшілер. Содан­ не керек, менің жұмысым ұнап, “Қазақстанның жаңа өнері” атауымен  Англияның  Лондон  қаласында өткен өнер шарасына аттанып кеттік. 8 күн бойы еліміздің жаңа өнерін әрі бірнеше өнерін паш еттік. 2010 жылы Мұстафа Шоқайдың тастұғ­ырын Францияның Париж қаласына орнату мәртебесіне ие болдым­. Польша, Жапония, АҚШ секілді елдерде де көрмелерім өтті. Бірақ, АҚШ-қа өзім барған жоқпын, картиналарымды электронды нұс­қада жібердім. Көрме үш бөлікке бөлініп көрермен назарына ұсы­нылды. Қорытындысында маған “Алтын қыран” деген медаль берілді. 2016 жылы ғой деймін, тағы да сол АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында конкурс  өтті. Оған да  қатысып  көр­ген едім. Нәтижесінде кезекті рет  алтын  медаль  бұйырды.

- Ең ұзақ салған картинаңыз қандай­?

- Әрине, оны тап басып айту қиын. Уақытын нақты айта алмаймын.  Мысалы, тарихи картиналарды салуға ұзақ уақыт кетуі мүмкін. Ондағы ат әбзелдерін, артындағы оқиғаларды анықтап көрсету керек болады. Менің шығармашылығым, менің картиналарым сезімге құра­лады. Кейде бір сәтте ғана, кейде бірнеше  күн.

Ал, мүсін өнерінде бұл басқаша. Көбіне шығармашылыққа деп алған жеке мүсін не бюст болмаған соң, осынша уақыт деу дұрыс емес. Барлығы дерлік мемлекеттік тапсырыс болғандықтан,  оны  белгілі бір уақытта  аяқтауға  мәжбүрміз.

- Бір сұхбатыңызда “Ақын Әбділда Тәжібаевтың рухынан ұялдық” депсіз. Жалпы, Ақордадан бөлінген қаржының  ауылға  жетпей қалатыны бізде бар жайт  ғой. Тағы қандай тастұғыр не ескерт­кіш иесінен ұялуға мәжбүр бол­дың­ыз. Жалпы, ескерткіш жа­сау­дағы­  қиындықтар  туралы  білгіміз  келіп  тұр.

- Айта кетейін, негізі конкурс бюст-мүсінге ғана ұйымдастырылған еді. Ескерткіш деп атайын десек, болмайын деп тұр. Оның үстіне бюсттің ғана қаражаты қаралған. Алматыдан арнайы тас алдырып, ескерткіш секілді етіп, еңсесін көтеріп, биіктетіп қойдық. Қазір Ә.Тәжібаев атындағы орталық кітапхананың алдында тұр. Қысқасы, кішкене бюст ол жерге жараспас еді. Әбділда алып ақын ғой. Жалпы, мүсін өнерінде көптеген қиындықтар болып тұрады. Біткен іске  сыншы көп. Авторлық жұмысымның  бірі – теміржол вокзалында тұрған Жанқожа батырдың ескерт­кіші. Комиссияға ұсынылған өзгеше, лайықты шығармалар өтпеді. Комиссияның шешімі солай болды. Ақпан айында басталған жұмыс маусым айынд­а тапсырыс берушілерге ұнамай қалып, жұмысты жалғастыруға біз кірістік. Ал, ескерткіш қыркүйек айында ашылуы керек. Негізі, мұн­дай ескерткіштер ең кемі 6-7 ай жасалу­ы керек. 5 метрлік сұлбасын жасау үшін бізге 15 күн ғана уақыт берді. Тапсырыс беруші – Қазалы ауданы әкімдігі. Сол 15 күнде 3 дүр­кін адам келіп жұмысымызбен танысты­. Яғни, ол айтарлықтай қиындық еді. Өзіміз уақытты үнемдеп пайдаланып жатқанымызда, олар қызық көріп, қайта-қайта мазалайды бізді. Міне, осы секілді.

Одан қалды сол жақтан небір білгіш ақсақалдар пайда болды. Олар мем­лекеттік комиссияға біздің үстімізден арыз жазды. Сондағы жазғаны “Атамызды еңкейтті, атамыз ешқашанда иіл­меген” деген секілді. Болмаған соң мен Жанқожаның шырақшы немересімен жолықтым. Сонда сол кісі “Осылар-ақ қоймайды екен, атаммен бірге жауға шапқан сияқты. Өзің біл” деді. Жалпы,­ Жанқожа өте қарапайым, шағын адам болған екен. Бірақ, ескерткішке олай қоюға да болмайды. Оның үстіне оған жанындағылар айтады екен. “Сіз жауға қарсы  шыққанда, ашуланғанда зора­йып­  кетесіз” деп. Міне, осыны ескеріп, ескерткішті жасадық. Сондай қиын­шылықтар бар. Оның да болғаны дұрыс. Жұмысқа сын да, мақтау да айтылады. Тек, автор  өз ісіне жауап бере алуы керек,­ қорғап  шығуы  тиіс.

- Әлгі Қазақстандағы мүсіндердің барлығы­  бір-біріне  ұқсас  болуы  осыдан ғой  сонда?

- Иә, мүсіншілердің ойы шектеле­тіні рас. Бұл тұрғыда біз Жанқожаны өзгеше етіп жасадық деп айта аламын. Соның өзінде де шектеулердің болғанын айтып кеттім ғой. Батырлар көп, біз өз ұғымымыз арқылы батыр Жан­қожаны шығардық деп ойлаймын.

- Кімнің мүсінін жасағыңыз келеді?

- Жақсы сұрақ екен. Рас, жүрек қалауың немесе өзің қатты берілетін жұмыстар болып тұрады. Мысалы, менің бір эскиздік жұмысым бар еді, Бегім ана деген. Оның алдында “Сыр ана” деген конкурс болды. Сыр анамыз үшін 6 эскиздік жұмыс тапсырдым. Білесіз бе, бұл дегеніңіз алты дүркін ойлану, қаншама сағатты жоғалту, маңда­й тер, есіл еңбек ғой. Содан не керек, қорытындысында өзге біреу конкур­стан жеңімпаз болып, “Сыр ана” монументін тұрғызды. Темірден жасады­ да, әкеліп қоя салды. Ол – өнер емес.

- Сонда “Сыр ана”  монументі әуелде­  мүсін  ретінде  жасалуы тиіс екен  ғой...

- Иә, Сырдария өзенінің жалпы ұзындығы  бойынша алдық ғой деймін сонда биіктігін. Қазіргісі қанша екенін, кімдер істегенін де білмеймін. Сондағы “Сыр анаға” көптеген күшім кетті. Әлгінде сөзімді Бегім ана деп бастадым ғой. Соны жалғастырайын. Жолдас жігіт екеуміз осы мүсінге де біраз күшімізді жұмсадық. Ол мемлекеттік комиссиядан өтті. Барлығы дайын болып, енді ғана істейін деп жатқанда аяқсыз қалды. Сөйтсек, мұны бастаған жеке кәсіпкер екен  де, мемлекеттен ешқандай  қара­жат­ бөлінбеген екен. Жалпы, Бегім ананың­ өмірі ескерткіш жасауға тап­тырмас образ еді. Сондықтан асқан құлшыныспен бастағанбыз. Жоба бойынш­а сұлбасын қаламыздың көп­теген жерлеріне қойып та көргенмін. Қызығы мынау, кейіннен Қазалы ауданын­да Бегім анаға ескерткіш қойылды­. Өкініштісі, ол кезінде мемле­кеттік комиссиядан да, облыстық комис­сиядан да өтпей қалған жұмыс болатын­. Қазір ол Бегім ана ма, басқа ма, мен білмеймін. Сыр – Алаштың анасы ғой, сондықтан осы тақырыпта тамаша туынды жасауға дайынмын. Ол образды сол жағалауға орналастыру керек­. Екі рет сүрініп қалған тақы­рыбымды айтып отырмын. Мүмкін, үшінші  рет орындалып  қалар...

- Біздің газетке берген пікіріңізде “Бізде  мүсіншілердің  ойы  шектеледі” деп едіңіз.  Соны  бір  тарқатып  айтсаңыз.

- Негізінде мен біреуге бәле жап­қаннан гөрі, авторға жауапкершілікті артқым келеді. Егер жақсы туынды тудыр­а алса, авторға ешкім кедергі келті­ре алмайды. Автор өз туындысын қолдауы, қорғауы  керек.

Орайы келгенде айта кетейін, бұдан біраз уақыт бұрын фейсбукте “Сыр бойы батырлары” атты Жаркен Исмағұловпен бірігіп жасаған ескерткішімді біреу сынап жатыр екен. Мен түсінбеген жерін түсіндіріп, шығу тегін толық айты­п шықтым. Бұл атауды (Сыр бойы батырлары – ред.) Кемалбек Сағым­баев ағамыз қойып берді. Негізі, Арқаның батырлары, Сырдың батырлары деп бөлуге болмайды. Жалпылама “Қазақ батырлары” деуге болар ма еді. Әр мүсін не картина біздің баламыз секілді. Оның өмір сүргенін қалаймыз, сондықтан салғыласпаймыз. Ата-ана балас­ын үшін бәріне барады ғой, сол секілді уақытында мен де ештеңе демед­ім. Сол кездегі әкім Серікбай Нұрғисаев: “Менен барлығы қаланың әр жерінен батыр бабамызға орын беріңіз деп жер сұрайды. Сыр батырлары деп пе, үлкен монумент жасайық”, - деді. Сөзінде тұрып 98 миллион теңге­ бөлді. Ол Ш.Есенов көшесіне, Сырдария жағалауында қойылуы тиіс  еді. Тұғыры 10-15 метр, ескерткіш те 15 метр биіктікте болуы керек-ті. Бұл 2004 жыл болатын. Ауыс-түйіс болып, жаңад­ан келген әкім “маған 15 метр­лік ескерткіштің керегі жоқ” деді ме, әйтеуір қаражатты “кескілей” бастады. Бірінші 50 миллионға қыс­қартты­. Біз де ескерткішті 10 метр қыламыз деп шешіп, жұмысты бастап жатқанбыз. Кейіннен 30 миллионға, содан соң 25 миллионға бір-ақ түсір­ді. Әкімге керек емес ескерткіш, бізге де керек емес болар. Енді ол мону­мент  емес, қуыршақ  болды ғой. Әкімге болған жайтты айттым. Сөйтсем оған олай ешкім айтпайды екен. Соңында біз 32 миллионға жасап­ шықтық. Ол енді баяғы Ш.Есено­в көшесіне жарамайды. Орталы­қ алаңға да қойып көрді, болмады­. Қыстыгүні қырауда сан қиындықты бастан өткеріп жасап едік, ақырында  жаздың ыстық күнін­де қалалық саябақтың алдына қойды.

Менің ойымша, жоба нақты бел­гіленуі  керек. Ол әкім ауыса ма, бас­қа  ауыса  ма, өзгермеуі керек. Бір-бірі­нің жұмысын жалғастырмайтыны анық олардың. Мысалы, монумент деген сөзге жауап беретін ерекшеліктер болады­. Өлшемі, орналасуы, т.б. Оны әкімдер жақсы білуі тиіс. Бір-бірі­нің жұмысына көңілдері толмай, жаңалық әкелгісі келетіндерін айтамын.

- Түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқайд­ың  мүсін-ескерткішін жасауда белсенділік  танытқаныңызды  байқадық. Қалың  қазақ тайлы-таяғына дейін  тегіс білетін тұлғаны ұқсату оңай болмаған  шығар.

- Мұстафа Шоқайдың бюстін жаса­у  туралы  конкурс  жарияланғанда  мен “әкем ғой ” деп бәсекелестікті күшейту үшін, қыздыру үшін қатыс­қан болатынмын. Сонда көптеген өнер иелері, журналистер менің жұмысыма жақсы баға берді. Бірақ, комиссия мүшелерінің пікірі екіге жарылды. Жалпы, комиссиядағылардың бір-бірін мойындамайтын, өзара қарсылығы бар адамдар екенін сезген де едім. Тіпті, олардың бірі маған тиісе бастады. Мен Мұстафа Шоқайдың тақия киген нұсқасын жасаған едім. Ол болса, “ол кісі мүлдем тақия киме­ген” деп қиғылықты салады. Менде фотосы  болатын, оның үстіне туыс­ты­ғы бар, бес саусағымдай біле­мін ғой. Қысқасы, комиссия отырысы­ 6 рет өтті. Идеям дұрыс, бірақ, шаршай бастаған соң басқаша жасағаным дұрыс шығар деп жүрген­мін. Қанша уақытым кетті, қоя саламын ба деген де ой болды. Бір күні түнгі сағат 2-лер­дің кезінде ұйқыға кеттім. 20 минут ұйықтадым ба біл­меймін, түс көріп жатыр екенмін. Франция. Париж. Қымбат мейрам­хана. Бүкіл өнер иелері  бар. Солармен емін-еркін араласып, сұхбат құрып  жүрмін. Содан артымнан қара киім киген біреу келіп “Тұр, жұмысыңды істе!” дегендей болды. Мен мұны атам екен деп қабылдадым. Ұйқым қанып қалыпты. Эскизім мені күтіп тұр. Бірден жалғастырып, таң атқанша аяқтадым. Сол жұмысым барлық комиссиялардан өтті. Бірақ, Мұстафа Шоқайға мемлекет тарапынан  ешқандай қаржылай қолдау бол­ған жоқ. Демеушілік көмек көрсе­тілді. Сондықтан авторымын деп арнайы­ жазған жоқпын. Аман-есен Парижге орнатып қайттық. Онда 24  күн  болдық. М.Шоқай атындағы француз-қазақ қоғамының басшысы Яшар Дініш, М.Шоқай қорының төрағасы Базарбай Атабаев, одан өзге Тұрғанбай Маханов, Мұрат Бақтиярұлы, т.б. секілді кісілердің еңбегі көп сіңді.

- Аға, шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан   Рыскелді   ЖАХМАН