УӘДЕЛЕР ОРЫНДАЛУЫМЕН ҚҰНДЫ | Print |
10.01.2019 12:02

Өткен жылы облыс про­куроры Х.Дәуешов бірқатар БАҚ өкілдерінің басын қосып, галстуксыз кездесу өткізген болатын. Қашанда қара халықтың қамы үшін тер төгетін тілшілер қауымын шақыра отырып, ел-жұрттың көкейіндегі маңызды деген мәселелерді ортаға салуымызды сұраған-ды. Басқасы басқа, білдей қадағалау органы басшысының бұқараның жайын ойлағаны, әрине, қуантқан болатын. Бар білгенімізді «мынадай мәселелер бар» деп айтқан да едік. Арада бір­неше ай өткеннен кейін «басқосу тек айтылған жерде қалып қоймады ма екен?» деген ниет­пен біз көтерген мәсе­лелердің орындалуы қалай, қаншалықты деңгейде ше­ші­ліп жатыр деп қайта хат жолдап, сұрастырдық.

Басқосудағы басты мәселе облыс аумағындағы аяқсыз қалған нысандар болған-ды. Себебі құрылысы уақытша тоқтап тұрған ғимараттардың қауіпті екені бесенеден белгілі. Естеріңізде болса, Шалқиядағы жантүршігерлік оқиға осындай қаңырап қал­ған нысанның ішінде болып еді. Сондай жағдайлардың алдын алу мақсатында облыстық прокуратура құрылысы аяқталмаған 85 ғимаратты анықтапты. Бұл қала бойынша. Соған сәйкес қала әкім­дігіне де тиісті шараларды қолдану керектігі ескертіліпті.

– Жергілікті атқарушы органдармен қолда­нылған шаралардың нәтижесінде 85 ғимараттың 41-інің құрылысы аяқталған болса, 44 нысан иелерімен келіссөз жұмыстары жал­ғасуда,- деп жазылған облыс прокурорының  бізге  жолдаған  хатында.

Халидолла Зейноллаұлымен мектеп асханасын да талқылағанбыз. Ондағы қымбат баға тілшілер тарапынан наразы­лық тудырғаны рас. Баласы сабаққ­а баратын ата-ана оған күнделікті кем дегенде 100 теңге беріп жіберуге мәжбүр. Өйткені одан төмен болса, асханад­ан су ішіп, тәтті жеу бала үшін арман болады. Себебі мұндағы тағамдар қымбат. Бәлкім, тендерге итеріп салат­ындар табылар. Алайда облыс әкімдігінің  асханасындағы арзаншылық неге мектеп қабырғаларында жоқ деген ой біздікі. Әрі шұжық (сосиска) қосылған бәліштер сату қаншалықты бала денсаулығына пайдалы екенін түсіне  алмадық. Облыс прокуроры бұл турасында:

– 2018  жылғы  оқу  жылынан  бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі қазақстандық оқушыларды сапалы тағаммен қамта­масыз  етудің  бірыңғай  стандарттарын енгізді. Қазақ тағамтану академия­сының Ұлттық салауатты тағамтану орталығ­ы ұсынған 4 апталық ас мәзіріне көшу үшін қосымша қаржыны қажет етеді, - депті.

Алайда баға туралы ешқандай ақпара­т айтылмаған. Бұл кездесудегі мектеп асханаларындағы қымбатшылық мәселесі айтылған күйі қалғанын көрсететіндей.

Мұнан бөлек Байқоңыр қаласына тұрақты тұрмақ болып рұқсатнама алу үшін Төретам кенті мен Ақай ауылындағы  тұрғын  үйлерде  формальді  тіркеу фактілері бары да сөз болған-ды. Бұл мәселе бойынша қадағалау органы бірқатар  жұмыстар  атқарған.  Мәселен, осындай заңбұзушылыққа барған 12  тұрғын  үй  тексерулердің нәтижесін­де  анықталыпты.

– Мысалы, 21.11.2018 жылы Қармақшы ауданы, Төретам кенті мен Ақай ауылдық округінде ҚР ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы Өкілдігінің көші-қон полициясы бөлімімен аталған елді мекенд­ерде нақты тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеген 12 тұрғын үй анықталып­, тұрғын үй иелері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушы­лық туралы Кодексінің 493-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылд­ы,- делінген хатта.

Иә, қадағалау органы құқықтық сала­да зор өкілетікке ие. Ол барлық өзге құқық қорғау органдарының қызмет­ін  үйлестіре алады. Сондықтан да мәселесі шешілмеген қарашаның қашанда одан көмек сұрауы – заңдылық. Ал ел азаматтарын қорғап, құқықтық тәртіпті орнатуда еңбек ететін прокуратура бұл мәселелерді әлі де түбегейлі шешеді деген үміттеміз. Мектеп асханал­арындағы баға тұрақтылығы мен қаңыраған құрылыстар осыдан кейін де елеусіз қалмайды деп сенеміз­.

Жансая   ЖҮНІСОВА