СОТ 24 САҒАТ СОТ БОЛУЫ КЕРЕК | | Print | |
28.03.2019 11:15 |
Шолпан МАЛИКОВА, Қызылорда облыстық сотының судьясы:
- «Кез келген елдің қауіпсіздігінің деңгейі ондағы қылмыстық істердің мөлшерімен өлшенеді» дейді. Бұған сіздің жеке көзқарасыңыз қандай? Осы тақырыпқа байланысты бірнеше сұрақ қойып өтейін, 2017-2018 жылдары Қызылорда облысында қанша қылмыстық іс тіркелген? 2019 жылдың екі айында ше?
- Қызылорда облыстық сотында еңбек етіп келе жатқаныма 3 жылдай болыпты. Оған дейін Маңғыстау облысы, Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында 11 жыл жұмыс істедім. Бүгінгі күні дәм-тұз бұйырып, өзімнің өскен өңіріме қызмет жасап жатырмын. 2019 жылдың 2 айында облыста 278 қылмыстық іс тіркелген. Былтыр бұл көрсеткіш 1752-ні құраса, алдыңғы жылы 2018 іс белгілі болған. - Әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізудің қанша түрі бар? Іс жүргізудің кезеңдері (стадиялары) төңірегінде жұртшылыққа толығырақ ақпарат беріп өтсеңіз. - Қазіргі сот жүйесі бұрынғымен салыстырғанда айырмашылығы жер мен көктей. Соның бір мысалы, әкімшілік іс деген бұрын бір хаттама, бір протоколдан жасақталған екі бет қағаз болатын. 2001 жылы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекс қабылданды. Сосын 2005 жылдан бастап республиканың әр облысында мамандандырылған әкімшілік соттар ашылды. Бұл – заманның талабы. Статистикалық мәліметтерге қарасақ, жылдан-жылға, күннен-күнге қылмыстық істер азайып келеді. Мәселен, өз үйіңізде пісірілген немесе дайындалған заттарды есіктің алдына шығып сата салмайсыз ғой? Мұндай әрекет белгіленбеген жерде сауда-саттық жасау болып есептеледі. Міндетті түрде әкімшілік бекіткен жерге апарып кәсібіңізді жүргізесіз. Бұрындары кейбір кісілер бақшада еккен қызанақ, қиярын сатып отыратын жағдайлар кездесетін. Бүгінде ол әкімшілік жауаптылыққа әкеліп отыр. Яғни, әрбір әрекет заңмен реттелген. Әкімшілік заңнама бойынша кез келген істің өндірісі хаттама жасақтаудан басталады. Уәкілетті орган қарайды, көзбен көру немесе бейнежазба құралдарының көмегімен көру, өзге адамдардан келген шағымдар бойынша әкімшілік өндірістік іс қозғалады. Хаттама жасақталған кезде азаматтар міндетті түрде онымен танысып, қол қоюы керек. Егер сыртынан жасақтап немесе оған ешқандай түсініктеме білдіру мүмкіндігі болмаса, хаттамаға шағым түсіруге құқылы. Сотқа арнайы өндіріс арқылы шағым беруге болады. 2015 жылдан бастап күшіне енген жаңа Кодекс бойынша арнайы тарау бар. Хаттама жасақтаушы лауазымды тұлғаның әрекетіне және хаттамасына шағым келуі. Бұл – әкімшілік іс жүргізудің екінші түрі. Бір кезеңі бірінші саты соттарында қаралса, одан кейін 10 тәулік ішінде осы Қызылорда облыстық сотының азаматтық істері жөніндегі сот алқасына шағымдана алады, іс қайта қаралуы мүмкін. Үшінші кезеңі – кассациялық өндіріс. Астана Жоғарғы соты кассациялық сот есебінде істерді қайта қарайды. Осылайша істің соңғы нүктесі қойылады. - Қазақстан Республикасы судьяларының VІ съезінде, сондай-ақ Елбасы өз Жолдауында сот жүйесінің жұмысына жаңа технологияларды ендіру туралы тапсырма берген болатын. Осы мақсатта біздің өңірде нақты қандай жұмыстар атқарылып жатыр? «Виртуалды соттардың» тиімділігі неде? - «Виртуалды соты» пилоттық жобасы толықтай іске қосылды. Облыс бойынша мамандандырылған әкімшілік соттар, 100 пайыз десе де болады, «виртуалды сотпен» қаралып жатыр. Мұның қарапайым адам үшін қолжетімділігі зор. Мысалы, адам өзінің сот ісіне қатысуы керек. Конституция бойынша оның өз ісіне қатысуға құқығы бар. Міндетті түрде сотқа қатысу құқығын пайдаланғысы келген адамдар басқа қалада болса да, қолындағы смартфонынан-ақ арнайы бағдарлама бойынша көріп, қатысып, уәждерін айта алады. Сонымен қатар, мамандандырылған әкімшілік соттарда көп істер электронды қаралып жатыр. Бұрын шетелдік мигранттарға қатысты істерде оларды әкеліп соттардың ғимаратында күтіп отыратын. Адамдар көп болса, далада ұстап отыратын жағдайлар кездескен. Қазір ішкі істер органының ғимаратында отырып-ақ электронды түрде тыңдап, қатыса алады. Бұл арқылы мемлекетке келетін шығындарды азайтуға болады. - Жоғары Сот төрағасы Ж.Асанов сот жүйесін дамытуда ұсынған жеті жобаның бірі – «Мінсіз судья» бағыты. Айтыңызшы, сіздіңше, «Мінсіз судьяның» «келбеті», оған қойылатын басты талаптар қандай болуы тиіс? - Жеті талап негізінде «Мінсіз судья» жобасы жүзеге асып жатыр. Мінсіздік туралы айтар болсақ, әр сот өзін жақсы жағынан көрсетуге тырысады. Барлық жағынан қамтылған. Біреу оған мін таға алмайтын болуы тиіс. Сот 24 сағат сот болуы керек. «Тура биде туған жоқ» дейді ғой қазақта. Судья болу үшін талаптар күшейтілген. Мәселен, 30 жаста, ойлау, жаза білу қабілеті жоғары болуы қажет. Эссе арқылы да сынайды. Ол да осы «мінсіз судьяға» қатысты. Судыратып сылдыр сөзді айтқанымен, көп адамдардың жазу деңгейі төмен. Адам ойлай алады, айта алады, бірақ соны қағазға түсірген кезде қиындыққа ұшырап жатады. Сондықтан Жоғары сот төрағасы «мінсіз судья» талабы негізінде әр судьяның өзімен интерактивті түрде сөйлесіп, эссе есебінде өз ойын жазғызып, оның ішінде қандай грамматикалық, стилистикалық қате бар, соның барлығын тексеру арқылы кадр сапасын арттыруды ұсынды. - Судьяның мінезінде қандай адамгершілік қасиеттер болуға міндетті деп ойлайсыз? - Міндетті түрде адамды тыңдай білуі қажет. Біз өз жұмысымызды сот процесі арқылы жүзеге асырамыз. Сол кезде адамды тыңдай білуіміз керек. Әріптестерімізде көбіне осы қасиет жетіспей жатады. Өйткені, біреулер айтатын сөзін неше күн ойланып келеді, егер сөзін үзіп тастап немесе тыңдамай қойсақ, адамның берекесі кетіп, не айтып не қойғанын білмей асып-сасып қалуы мүмкін. Кейін үйіне барған соң тағы да ойланып, неге мынаны айтпадым деп өзін-өзі жазғырады. Бұл жағдай арыз-шағымдардың көбеюіне ықпалын жасайды. - «Отбасылық сот» пилоттық жобасы аясында жұмыс істеген кезде қандай да бір мәселелердің беті ашылды ма, мәселен, неке бұзу көрсеткіштері, алимент өндіру деген секілді... - «Отбасылық соттың» мақсаты – ажырасуды азайту, балалардың құқығын қорғау, әкені тәрбиелеу. Кеңес заманнан бері әйелдікінің барлығы дұрыс деген тәрбиемен келе жатырмыз. Олар көп шағымданып, арыз жазады ажырасуға, сосын баласына алимент алады деген сияқты. Оның барлығы дұрыс ғой, бірақ кейде бүйте берсек, біз қауқарсыз, бір ғана анасының тәрбиесінде өскен, жұмсақ ұрпақтар қалыптастырамыз. Мұның әсіресе, ер балаларға қатысы зор. Тіпті киім кию талғамына дейін әсер етеді. Үйінде әкесі болса, ер балалар ондайды жасамас еді. Асқар тауына қарап бой түзер еді. Облыста неке бұзу көрсеткіші былтыр көбейген. Алимент төлеуден қашып құтылғысы келетін немесе тағы бір әйел алып, некеге тұрмаса да, тағы бала дүниеге әкелетін жағдайлар кездеседі. Екінші әйелімен бірігіп, амал ойлап, бұрынғы балаларына төлейтін алиментті азайту мақсатында жұмыс істейді. Тұрып жатқан әйелімен бірге алимент мөлшерін азайту туралы ізденеді. Заң бойынша өтірікке жол жоқ. Десе де, бірге тұрып жатқан әйеліне де алиментке шешім шығарып қойған. Осылайша ол ер кісі бұрынғы әйелінің де, қазіргі бірге тұрып жатқан әйелінің де балаларына алимент төлейді. Қазір қалыптасқан практика бойынша біз алименттің мөлшерін төмендетуге жол бермей жатырмыз. Өйткені, әр баланың өз орны, өзіндік қажеттіліктері болады. Әке-шешесінің айырылысқанына баланың кінәсі жоқ, сол себепті оларға зияны тимеуі керек. Басқа өркениетті елдерде бұл қалыпқа келтірілген дүние. - Маңғыстауда біршама жыл жұмыс істеп келдіңіз. Ол жақтағы жұмыс істеу жүйесі мен Қызылорданың айырмашылығы бар ма? - Маңғыстауда жер қашық. Түбекте орналасқан. Бұйығы деп те айта алмаймын, бес шет мемлекетпен шектесіп жатыр. Оларда жұмыс тәсілі бөлек. Сосын қарайтын істің мән-жайлары да өте өзгеше. Кеденге, шекара бұзуға, миграцияға қатысты істер көп. Ал қызылорданың адамдары қарапайым болғанымен, ойын ашық айта алады. - Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА |