ҚАРАСОРАНЫҢ СОРЫ (Болған оқиға ізімен) | Print |
16.05.2019 11:25

Көктем келгелі Бодықтың  шаруасы кө­бейді. Қолы қалт еткенде егістіктен табылады. Бау-бақшасын суарады, арамшөбін жұлады.  Не керек, күні бойы тыным таппайды. Жердің тілін тапқан жігіттің жолы болды. Төккен тер текке кетпеді. Бау-бақша табысын еселеді. Көкөністен мол өнім алды. Баласының еңбегіне  ата-анасы қатты сүйсінді. Несін айтасыз, Бодық бақшадан байыды. Жаңа үй көтеріп, ауласына сарай салды. Ауыл арасына қатынайтын жеңіл көлік алды. Енді ата-анасына қарайтын  келін керек. Ақшасы бар жігітті кім жек көрсін? Бодыққа жар болу – қыз-келіншектің  арманы.

Өткен жазда Бодық өзіне серіктес тапты. Екеуінің танысуы да қызық. Жаңыл ақшасын  шытырлатып санаған  жігітке  қарап тұрды. Сосын­ жанына келді.

–Тәйірі осы да ақша ма? - деді.

Жігіт әйелге жаратпай қарады.

– Бұл – менің адал еңбегім, жаз бойы  маңдай теріммен тапқан. Біреуден ұрлап алғаным жоқ! -  деді шыдай алмай.

– Мұнан да көп ақша табуға болады. Дос болсаң,  мол ақша  табудың жолдарын үйретемін.

– Осыған да қанағат! Қазіргі жағдайым жаман емес, - деген жігіт жөніне кетті.

Базарға келгелі Бодықты бейтаныс әйел төңіректейді. Алыстан көріп, өзі келіп амандасады. Қаптап­  картоп, сәбіз алады. Оны-мұны айтып,  әңгімеге тартады. Әйелдің  ақшасы көп. Бодық оның тырсиған қызыл әмиянын көрді. Ішінде 10 мың мен 20 мың теңгенің  мұрты бұзылмаған. Жолыққан сайын­  ол әмиянын  көрсетеді. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды»­ дегендей, жігіт ақша туралы  ойланатын болды. Жаңыл  мол ақшаның жолдарын айтып, серіктес болуға шақырды.  Бірде Бодық пияз алып тұрған танысынан  кәсібін  сұрады.

– Осы күнді көп күттім. Шырақ-ау, сонша бәлсінгенің не? Баяғыдан келіскеніңде пәшкі-пәшкі ақша  ұстайтын едің, - деді қуланып.

– Ештен кеш жақсы ғой. Көрейік! - деп Бодық желкесін қасыды.

Жаңыл жігітке тапсырма берді.  Бау-бақша жанынан жер дайын­дауды тапсырды. Әзір болғанда  егілеті­н көкөністі әкелетін болды. Шаруа  адамына  жерді  жырту қиын  ба? Техникасымен  жұмысын  екі-үш күнде бітірді. Ертеңіне­ қалаға келген  оған танысы  бір пакет­ дәнді ұстатып жіберді. Әзірге өнімнің тұқымы тегін екенін, кейін жиналаты­н  уақытта  есептесетінін айтты. Жігіт ойланған жоқ. Дәннен көк шөп қаптап шықты. Кәдімгі темекі сияқты. Ашқылтым  иісі  бар. Бодық  қалың шөптің  шығымы­на  риза.

Жаңыл досының егіс алқабына  бірнеше рет келіп кетті. Тыриған арық әйелді жігіттің ата-анасы ұнатпады. Жүріс-тұрысы көңілге күдік туғызатын сияқты. Баласының жұмысына  араласып билеп-төстеп алыпты.  Анасы оған Жаңылды­ң  жүрісінің сұйықтау екенін айтты. Баласы шешесінің  аңғалдығына  күлді. Ойының қате екенін, серіктесінің өзіне жамандық ойламайтынын  жеткізді.

Әне-міне дегенше егін  жинайтын уақыт келді. Жаңылдың темекі­ дегені қарасора болды. Ол Бодықтың нағыз сорына айналды. Ауыл адамдары  егіндіктегі  есірткіні көріп, құқық қорғау  орган­дарына хабарлапты. Осылай мол ақшаның  мақсатындағы жоспар­  жүзеге  аспады. Ізін жасырмақшы болып бой тасалаған әйел құрыққа  ілінді. Бодық та жазасыз қалған  жоқ. Сөз байласуы, келі­сім­ге  келгені үшін қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта  олар жазала­рын түзеу колониясында өтеуде. Қыл­мыск­ерлер ҚР Қылмыстық Кодекс­інің 262 және       259-баптары бойынша кінәлі деп танылып, 13 жылға бас бостандығынан  айырылды.­

 

(Кейіпкерлердің  есімдері өзгертіліп  алынды.)