АЩЫ СУДЫҢ АҚЫРЫ | Print |
12.09.2019 11:50

Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

Мардымсыз ақша бала-шаға­сы­ның жұмырына жұқ болмады. Мемлекеттік қызметтегі әйелі табысын­ қомсынады да тұрады. Өзінің айлығымен салыстырады. Ер адамның ақшасы көп болу  керек дейді. Әй­теуір­ әкелгенін қанағат тұтпайды. Жыл сайын Жаңылдың табысы  кө­бейіп келеді.  Сылқым ке­ліншек Үкі­метке  дән риза. Ай са­йын­ 250 мың теңге алады. Ал Қасымнан әкесін­дей іскерлікті, пысықтықты іздейді. Бірақ, күйеуі бос. Жалқаулығы басым. Аптал азаматтың шаруаға ебі жоқ. Қара жұмысқа қарай тұра жүгіреді. Елдің арқа сүйер еркектеріндей іс бастауға шорқақ. Кәсіпке келгенде жолынан жаңылып, кібіртіктей береді.

Үш жылдан бері «Камаз»  жүк көлігін тізгіндеп,­ жұмысы алға жылжыды. Бұрын­ғыдай емес, айлығы шайлығына  жететін болды. Отбасы бюджеті­нің бүйірі  бұл­тиды. Сол екен, әйелі кінәлауын тоқтатты. Қасымға­ жүргізушілікке Алматыдан сұраныс көп түс­пейді. Көбіне шетелді­к компа­ниялар жұмысқа шақырады. Бір жылдан бері Қызылордада нәпақасын тауып жүр. Бірақ тұрмысы жөндел­генімен, ащы суға үйір­лігін  қоя  алмады­. Мұнда да шиша­лас достар­ы бар. Күн сайын дәмін татпаса, шаруасынан береке қашатын­дай көрінеді. Тәуелділік дегенді қойсаңшы... Жеңсік астай ұмтылады да тұрады. Үнемі ішу денсаулығына зардабын тигізе бастады­. Бауыры, бүйрегі ауырады. Алайда Қасымның күніне таңерт­ең, кешке тартып тұрмаса, басы ауырады. Шекесі тырысады. «Мұныңды қойсайшы»  деп, Жаңыл да шар­шады. Жолдасына бұрынғыдай ұрыспайды. Табысын алақанына әкеліп салғасын, не десін?! Ішпе дегенімен  күйеуі тыңдай ма? Айғайлағ­аннан пайда жоқ. Талай алдады да, қатты да айтты. Түзе­ліп, арақты  қойған Қасым жоқ.  Қайта Жаңылдың өзі дүкенге жүгіреді. Өзі әкеліп береді қазір. Алыста жүргесін Қасым үйін жылда­п көрмейді. Басшылық тарапы­нан демалыс бермесе, көлі­гін айдап жүре береді. Ащы су – оның күнделікті сусыны. Тәуел­ділік бойына сіңіп кеткен. Ұрт­тамаса тұра алмайды. Айлығына тиіспейін деп қоймаға ұрлыққа түседі. Жасырып  жанар-жа­ғар­май алып сатады. Қосымша табыс­, сусынына жетеді әйтеуір.

Бірде «Камазбен»  көшеде келе жатты. Күндегідей  шайтансуын ұрттап алған еді. Қомағайлық  жеңіп, кабинада тағы да жарты­лықтың көбісін жол үстінде сіміріп салды. Көшеде қылғытқаны өзіне сор боларын­ қайдан білсін?! Бұл жолы арақтың уыты бойына тез тарады­. Ашқарынға түскен ішімдік масайтып тастады. Бойы жеп-жеңіл. Денесі де сергек сияқты­ еді. Көшеде келе жатып, өрімдей екі қызды... Иә, екі қызды қағып кетті. Ауыр көліктің руліндегі жүргізуші ауыр қылмыс жасады. Бейкүнә бала­лардың бірі жол жиегінде қаза тапты.­ Бірі аурухана төсегінде үзілді.  Оқиға бойынша 38 жастағы жігіттің үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің  345-бабының 4-бөлі­гі­мен, 347-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қасым  тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды. Ол қатты өкінді. Періште қыздардың обалына қалғанын білгенде, өзегін өкініш өртейді. Қалай аңғармады екен? Қалай жаңылысқанын өзі білмейді. Алайда қылмыскерге кешірім жоқ. Қылмыстың өтеуі – жаза. Қолымен жасағанды мойнымен  көтереді. Басқа жолы да, себеб­і де жоқ.

(Кейіпкерлердің  есімі   өзгертіліп  алынды)

Құттыбике   САБЫРБАЙҚЫЗЫ