ТАҢ СӘРІДЕГІ ТРАГЕДИЯ | Print |
05.12.2019 14:40

«Құмкөл-Қызылорда» авто­жолы­ның 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт­ алған «Neoplan» маркалы автобус­ аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қа­йысты­рғаны  анық.

Аталған оқиғаға байла­нысты бүрсігүні өңірлік комму­никациялар қызметінің баспас­өз алаңында тиісті сала басшыларының қаты­суымен шұғыл брифинг өтті. Төтеншеліктерге ең ал­ғашқы қоңырау түн белуарын­ан асқанда 04 сағат 25 минутта түскен.

– Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдары шығып, 05 сағат 50 минутта жетіп, авариялық құтқару жұмыстарын жүргізді. Апат орнында анық­талған 36 жолаушының 7-еуі сол жерде, 1 адам жедел жәрдем қызметімен ауруханаға жеткізу кезінде қайтыс болды. Қызылорда қаласына жедел медиц­иналық  автокөліктермен барлығы 21 адам жеткізілді. Оқиға орнына 69 қызметкер, 22 бірлік техника жұмылдырылды, - деді облыстық Төтенше­  жағдайлар департаментінің бастығы  Омар  Бержанов.

Бүгінде ауруханаға жеткізілген науқас­тар бақылауға алынып, тиісті ем-дом шаралары  жүргізілуде.

– Облыстық  көпбейінді  ауруханаға әкелінген 17 науқастың 6-ауы жан­сақтау, 2-еуі травматология, 4-еуі нейрохирургия бөлімінде жатыр. Ал 5-еуі  қайтарылған. Сондай-ақ, қалалық ауруханаға  жеткізілгендерің 2-еуі жансақтау бөлімінде, 2-еуі травма­тология бөлімінде жатыр, -  деді облыстық­ денсаулық сақтау басқар­масы басшысының орынбасары Олжас Искаков.

Құзырлы орган өкілі аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын  хабарлады.

– Қазіргі таңда автобус ішінде болға­н 36 адамның барлығы Шымкент және Түркістан облысының азамат­тары екендігі анықталды. Алдын ала болжам бойынша оқиғаның орын алуына асфальттың жоғары қабатының тайғақ болуы және күн райының күрт өзгеруі себеп болған. Соның салдарынан автобус жүргізушісі рульге ие бола алмағ­ан. Бүгінде ҚР Қылмыстық кодексі­нің 345-бабына сәйкес тергеп-тексеру жұмыстары басталды,- деді облыстық полиция департаменті бастығ­ының бірінші орынбасары Шамшидин  Әмитов.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­ та жол апатынан қаза тап­қан­дардың туыстарына көңіл айтты. Ол өзінің Тwitter-дегі парақшасында: «Қызылорда облысында автобус апатына­н қаза тапқан адамдардың туыста­рының қайғыларына ортақ­тасып, көңіл айтамын. Зардап шек­кендердің отбасыларына қажетті көмек көрсетіледі. Жол қауіпсіздігі тиісті ведомстволар мен әкімдіктердің ерекше назарында болуы тиіс» деп хабарл­ама  қалдырған.

Облыс әкімі Қ.Ысқақов та аталған жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен азаматтардың жағдайын білу үшін облыстық көпбейінді аурухана мен қалалық ауруханаға барды.

- Біздің тарапымыздан қажетті көмек көрсетілетін болады. Емдеу шарала­ры толықтай жасалады. Күш-жігерлеріңізді  айығуға  жұмсаңыздар. Тез  сауығып, отбасыларыңызға аман-есен  оралуларыңызға тілектеспіз, - деді  аймақ  басшысы.

Айта кетейік, Қызылорда облысы аумағында жалпы ұзындығы 1 мың  16 шақырымды құрайтын республи­калық маңыздағы жолдар бар. Оның 246 шақырымы бірінші санатқа, 566 шақырымы екінші санатқа, қал­ған бөлігі үшінші санатқа жатады. Ал қайғылы жағдай орын алған жол ««Қазавтожол» ҰК» АҚ теңгеріміне кірмейді  екен.

Апта басында Арал ауданының аумағында да автобус аударылды. Оқиға «Шымкент – Самара» тас­жолында  болған.

– Арал ауданының Сазды аумағында Ресейден Тәжікстанға бағыт алып бара жатқан Тәжікстан азаматтары бар жолаушылар автобусы басып озып, алдыңғы бөлігімен «DAF» жүк көлігінің артына соққан. Автобуста 74 адам  (2 жүргізуші, 1 механик, 71 жолаушы) болған. Қайтыс болғандар жоқ. Жүр­гізуші мен механикке медициналық көмек көрсетілуде. Жол-көлік оқиғасы орнында 13 полиция қызметкері, ТЖД  6  қызметкері, «Жедел жәрдем» бригадасының 6 қызметкері, барлығы 7 бірлік автотехника жұмылдырылды. Полиция қызметкерлерінің, құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің жедел және жұмылдырылған әрекеттерінің нәтижесінде жол-көлік оқиғасына түскен Тәжікстан азаматтарына қажетті жедел көмек көрсетілді. Аталға факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлігі бо­йынша сотқа дейінгі тергеу басталды, - деп хабарлайды облыстық поли­ци­я департам­ентінің   баспасөз  қызметі.

Тиісті сала басшылары күн райының қолайсыздығына байланысты облыс­ тұрғындарына ұялы телефонға хабарламалар жіберіліп жатқанын айтты­. Олар «112» желісінен түскен хабарл­амаға баса назар аударуға шақырды.

Құқық-ақпарат