«БИЫЛ ДА БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ЖЕМҚОРЛЫҚ КӨҢІЛ КӨНШІТЕР ЕМЕС» | Print |
27.07.2017 11:44

Берікбол  БАЙХОЖАЕВ,

ҚР  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының  орынбасары,

Әдеп  жөніндегі  Кеңес хатшылығының  меңгерушісі:

- Берікбол Ұзақ­ұлы, әңгімемізді Әдеп жөніндегі Кеңеспен атқарылып жатқан нақты жұмыстардан бастасақ.

- Әдеп жөніндегі Кеңес – бұрынғы Тәртіптік Кеңестің жалғасы. Былтырдан бастап Әдеп жөнін­дегі Кеңес деп атауы өзгерді. Әрине, бұл тұрғыда біз өткен жылы  5  отырыс, биыл  және 7 отырыс өткіз­дік. 24 мәселе қаралды. Оның 11-і мемлекеттік қызмет­шілер­дің тәртіптік істері болса, 6 мәселе­ бо­йынша мемлекет органдарының басшылары, аудан әкім­дерінің есебін тың­да­дық. Бір мәселеде әдеп жөніндегі уә­кіл­дің есебі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуекелдердің қорытындысы айтылса, 5-еуі – өзге де мәселелер. Биыл өткен жылмен салыстырғанда тәр­тіптік істер аз. Дегенмен, бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларын бұзушылықтарының профилактикасына мән берілу жөнінде тапсырма берілген. Жыл басынан бері бірнеше аудан әкімдерінің есебін тыңдадық. Бірінші кезекте Қазалы ауданы әкімдігі. Не себепті? Өйткені 2016 жылдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық деңгейі ең жоғары аудан – Қазалы. Осы түйткілге орай біз оларға бірқатар кемші­ліктерін айтып, жүйелі жұмыс жасау жөнінде ұсыныс бердік.

- Облыста қай салада сыбайлас жемқорлық көрсеткіші жоғары?

- Білім және құрылыс саласында. Облыстық білім басқармасы басшысының есебін тыңдаған болатынбыз. Өйткені, өкінішке қарай, өткен жылғы көрсеткіш бойынша біздегі білім саласы – республикада сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары сала. Өткен жылы білім саласында 9 қылмыс орын алған­. Оның ішінде бесеуі – бала­бақшада. Мектеп директорлары парамен ұсталған. Балаба­қшада көбінесе, мемлекет иелігіндегі қаржыны жымқыру, талан-таражға салу қылмысы орын алған. Биыл да білім саласындағы жемқорлық мәселесі көңіл көншітер емес. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша білім саласындағы қылмыстар саны өткен жылға қарағанда әлі де көп болып отыр. Бұл мәселе облыс әкімінің мәжілісінде де қаралды. Білім басқармасына қатаң тапсырма берілді. Осыған байланысты аталмыш басқармамен бірлесіп, біздің департамент барлық аудандарды аралап шықты. Мектеп директорлары, балабақша меңгеру­шілерімен кездесу өткізді. Осы түйінді мәселені олар жылдың басында жүргізуі керек-тін. Мәселен, мектеп директорлары былтыр техникалық қызметкерлерді жұмысқа алу үшін пара сұраған. Жаңақор­ған, Шиелі  аудандарындағы мектептерде осындай келеңсіздіктер орын алған. Айлық жалақысы 30 мың теңгеден аспайтын техникалық қызметкерлерді жұмысқа алу үшін 200 мың теңге, 250 мың теңге пара сұрау – өте әбес іс. Сондықтан біз білім басқарамасымен бірле­сіп, тиісті жұмыстарды қолға алдық. Техникалық қызметке­рді жұмысқа алу қоғамдық кеңестер, жергілікті қауым­дастықтарда қаралса деген­ ұсыны­стар көтерілді. Қарап отырсақ, мұндай  жұ­мыс­тарды облыстық білім басқармасы кеш қолға  алып отыр.

- Ал ауыл шаруашылық са­ласында нендей өзгерістер бар?

- Соңғы маусым айында Шиелі ауданының ауыл шаруа­шылық бөлімі басшысының тәртіптік мәселесі қаралды. Субсидияға байланысты. Мы­салы,­ заңдылығы бойынша субсидия төленуі үшін 50 бастан асқан аналық бас сиыры бар болуы керек. Ал осы заңдылықтар бойынша прокуратура тексерген кезде субсидия алған шаруашылықтардың көбісінде мал басы 50 басқа жетпеген. Яғни, 10 миллион теңгеден астам қаржы заңсыз берілген. Осыны қайтару мә­се­лесі көтерілуде. Субсидия берген кезде құжаттардың шына­йылығын аудандық ауыл шаруа­шылығы бөлімі қарауы қажет. Сол себепті Шиелі ау­дандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысына “қыз­метіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту” түріндегі тәр­тіптік  жазаны  қолдану  жөнін­де  ұсыныс  берілді.

- Сонда  10  миллион теңге бір  шаруашылық  қайтаруы  тиіс  қаражат па?

- Бұл жерде 8-9 шаруашылық бар. Кө­бісінің қар­жы сомасы 1 миллион теңгеден асады.

- Сыбайлас жем­қор­лыққа қар­сы 2015-2025 жылдарға арналған стратегия бойынша облыс көле­мі­нде қандай шаралар ұйым­дастырылып  жатыр?

- Еліміздің сыбайлас жем­қорлыққа қарсы саясатын түсіндіру бағытында бірқатар шаралар атқарылып жатыр. Сыбайлас жемқорлықтың алдын­  алу бойынша, жалпы керект­і статистикалық мәлі­меттерді  атап  отырмыз.  Өткен жылы Қызылордаға Агенттік төрағасының орынбасары келді. Облыста  үлкен  жиналыс өткізді. Сол жолы соңғы кезде ұсталған басшылардың бейнеролигі көрсетілді. Онда жоғары­ басшы лауазымдағы қызметкерлердің қылмыстық әрекеттері туралы айтылған. Осы  бейнежазбаны  көпшілік  жинал­ған жерлерде, көптеген кездесулерде көрсеттік. Мақсат – Қазақстан азаматта­рының заң алдында бірдей екендігін, заңды бұзғанның жазадан құтылмайтындығын  түсіндіру.

Биыл Агенттікпен сыбайлас жемқорлықтың алдың алу бағытында республика бойынша бірнеше жобалар іске асырылуда. Оның бірі «Парасыз болашаққа бірге» атты акция аясында мобильдік топ құрылды. Мобильдік топтың мақсаты – тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен кездесу өткізіп, еліміз­дің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатын, жемқорлық құқықбұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілікті түсін­діру. 2017 жылдың 6 айын­да мобильді топ жалпы  саны 10 398 адамды қамтыған 82 кездесулер мен 38 қоғамдық қабылдаулар өткізді. Сондай-ақ, «Есіктен есікке» жобасы. Бұл жарнама арқылы жемқорлыққа деген жауапкершілік жүгінің зор екенін көрсету. Осы ретте 1424 сенім теле­фоны  жарнамаланады. Сыбайлас жемқорлық әрекетін көр­ген адам осы байланыс нөмірі­не кез келген уақытта тегін қоңырау  шалуға мүмкіндігі бар.  Және  хабарласқан  азамат туралы ақпарат құпия сақталады. Қоғамдық қабылдаулар мен семинарлар, тұрғындармен кездесулер – осының барлығы сыбайлас жемқор­лықтың  алдын  алу, оған қарсы тұруға байланысты іс-әрекеттер тізбегі. Сингапур елінің құрушысы, сол елдің атасы Ли Куан Ю «Жоғарыда отырған басшылар сыбайлас жемқорлықтың барын білмейтін болса, онда олар оны жасырып отыр» дейді. Сондықтан әрбір басшы сыбайлас жемқорлықты өздері анықтап, оларды жою бағытында жұмыстар жасауы керек.  Білесіздер, Сингапур елі – қазіргі таңда өте жақсы дамыған, сыбайлас  жемқорлық көрсеткіші өте төмен елдердің бірі.

- Сингапур елі деп айтып қалды­ңыз, бұл – 2008 жылғы мәлімет. Сингапур – Азия елдеріндегі сыбайлас жемқорлық көрсеткіші ең төмен ел. Қазіргі уақытта қалай? Осы елдердің жемқорлыққа байланысты жұмыстары біздің мемлекеттің тәжірибесінде қаншалықты қолданы­лып  жүр?

- Соңғы  сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл  туралы заңға 6 мемлекеттің озық тәжірибелері енгізілді. Олардың сарапшылары қатысты. Мәселен, сыбайлас жемқорлық жағдайлары  туралы хабарлаған адамдар жайлы құпия ақпараттарды қатаң сақтау, сыбайлас жемқорлықты өздері анықтау мәселесі, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу – осыларды Сингапур елінің тәжірибесі деп айтуға болады. Сондай-ақ, АҚШ-тың мемлекеттік қызметшілерге сыйлық алуға тыйым салатын нормаларды көздейтін тәжірибелері енгізілді. Мысалы, бізде мемлекеттік қызметшілерге сыйлық алуға болмайды. Сыйлықтың көлемі 2 АЕК-тен (4538 теңге)  асып  кетсе, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу, 50 еселенген айыппұл салу сияқты жазаға тартылады.

- Бұл елдерде сыбайлас жемқорлық төмен болуының  сыры  неде?

- Трансперенси Интернэшнл деген Халықаралық зерттеу ұйымы бар. Бұл ұйым әр елдегі сыбайлас жемқо­рлықты қабылдау индек­сіне байланысты рейтинг­  жүргізеді.

- Биылғы көрсеткішке тоқталсаңыз.

- Өткен жылғы деректер бойынша  біздің  еліміз  131-орында тұр. Осы жылы 102-орынға түстік деген ақпарат бар. Салыстырып қарасақ, біз ең жақсы көр­сеткішке қол жеткізіп отырмыз. Жемқор­лыққа мүлдем төз­беушілік  көзқарасы жоғары ондықтың бірінші орнында Дания, содан кейін Жаңа Зеландия, Финляндия, Швеция, Швейцария, Норвегия, Сингапур сияқты елдер­ бар. Сингапур осы алғаш­қы ондықтан үнемі көрінеді. Тәуелсіздік алған жылдарында ол ел де сы­байлас жемқорлық жайлаған мемлекет-тұғын. Алайда соңғы 30 жылда  олар  үлкен жетістікке  жетіп  отыр.

- Сингапур елі бұл жетіс­тікке қандай жұмыстары ар­қылы­   жетті?

- Оларда ашықтық, жариялылық бірінші кезекте тұрады. Екіншіден, сот жүйесінің тәуелсіздігі, бюрократтық рәсімдерді азайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуекелдерді  анықтау. Одан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға кеңінен көңіл бөліп жатыр. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің жалақыларының жоғары, сыбайлас жем­қорлыққа қатысты жазаның қатаң болуы едәуір әсерін тигізе­ді. Әрине, ол елді бізбен салыстыруға келмейді. Ол шағын­ мемлекет болғаннан кейін барлық жерде камерамен бақылау күшті. Біздің елі­міз, Құдайға шүкір, кең байтақ. Ал біздегі барлық жерге бейнекамера орнатсақ, үлкен шығын болар еді. Дегенмен, осындай оң тәжірибелерді қолға алып отырмыз. Жемісін береді деп ойлаймын.

- Ашықтық, жариялылыққа байланысты қазір қоғамда әртүрлі пікірлер бар. Осыған сіздің  көзқарасыңыз  қандай?

- Менің ойымша, ашықтық, жариялылық болуы қажет. Мәселен, біз меритократия (әділеттілік) қағидалары бойынша кеңінен шаралар атқардық. Конкурстардың әділ түрде өтуі басты назарға алынған. Байқаушы ретінде ҮЕҰ,  партия өкілдері белсен­ді қатысуы  қажет. Керек  бол­са­, БАҚ өкілдері де қатыс­қаны жөн. Бізге  бұқаралық  ақпарат құралдары өкілдері­нің белсенділігі қажет. Биыл өткен жылға қарағанда артты. Дегенмен,­ аса көп емес. БАҚ өкілдері әлі де белсенділігін арттырғаны абзал.

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптас­тыруға байланысты облыс бо­йынша  семинарлар, кездесулер көп өткізіледі. Оның маңызы белгілі. Нәтиже  қандай?

- Нәтижесін біз бағала­маймыз. Оны әлеуметтік са­уал­нама жүргізу арқылы тә­уел­сіз  ұйымдар  бағалайды.

- Жемқорлықты  анықтауға көмектесетін тұлғаларға мемлекет тарапынан қанша қаражат  бөлінеді?

- Үкіметтің қаулысымен сыбайлас  жемқорлықты  анықтауға жәрдемдесетін азамат­тарға сыйақы беру көзделген. Былтыр 24 мил­лион  теңге  қаралса, биыл  27 миллион теңге бөлініп отыр. Мұны азаматт­ардың жемқ­орлыққа бейжай қарамайтындығының нәтижесі дер едім.

- Қазір мемлекеттік қызметшілердің қоғамдағы мәртебесі қандай? Және оны көтеру үшін қандай ұсыныс айтар едіңіз?

- Мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін көтеру керек­. Бізде тек сыбайлас жемқор­лықпен күрес ғана емес, жастарды мемлекеттік қызметке тарту мәселесі қолға алынып жатыр. Мемлекеттік қызметшілерге қызығушылық қазіргі таңда азайды. Өйткені мемлекеттік қызметке келетін азаматтардың саны бір жыл­дары күрт төмендеген. Әйтсе де кейінгі жылдары көбейіп келе жатқаны қуантады. Осы орайда үздік мемлекеттік қызметшілерді марапаттап, оларды БАҚ-та насихаттаса дей­мін. Өйткені қарапайым халық мемлекеттік қызметші­лердің қандай қызмет жасап жатқанын білмейді. Бәрінің көзқарасы сол, мемқызметкерлер  тиісті  артықшылықтар алып, жемқорлық әрекеттер жасайды дейді. Ал қаншама азаматтар өзінің қызметін адал атқарып жүр.

- Сыбайлас жемқорлық мәселелері туындамас үшін  мемқыз­меткерде  қандай  адами қасиет  болуы  қажет?

- Әрине, бірінші кезекте адал, таза болуы керек. Әділ шешім қабылдауы керек. Менің ойымша, параның өзінің адамгершілікке кері әсері бар. Мәселен, пара беруш­і  адамның  тұрмыстық қиындығы болуы мүм­кін. Ол соған қарамастан несиег­е  болса да қаражат табуға­ тырысады. Ал пара сұралмаса, сол ақшаны ол отбасының  керек-жарағына жаратар  ма  еді? Сол жағынан  алып  қарау  керек. Дінде де адал  еңбекпен нан табу­ға үндейді емес пе?

- Осы қасиеттер сіздің бойыңыздан қаншалықты табылады?

- Мен өзімді мақтағандай болатын шығармын. Бірақ мен өз қызметімде адал болуға, адамгершіліктен таймауға тырысамын. Бағаны жұртшылық айтар.

- Өтірік айтасыз ба?

- Өтірік айтпауға ты­рысамын. Әзілдеп айтуым мүмкін. Немесе отбасымда, екі адамның арасында ұрыс-керіс болмау үшін. Ал қызметімде қашанда шындықтың  жағындамын.

- Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Жазира  БАҒЛАН