КЕМЕРОВО ҚАСІРЕТІ САБАҚ БОЛУЫ ТИІС | Print |
29.03.2018 11:09

Алай-түлей өрт бола қалса, не өзге бір төтенше жағдай орын алса, «апат айтып келмейді» деп көбіне жылы жауып­  қоятынымыз  бар. Бәрі Алланың әмірімен, Құдайдың қалауымен боп жатыр деп өз-өзімізді соған сендіріп, жұбатып та жатамыз. Алайда кешег­і Кемеровода болған жағдай бәрімізді ойлантып тастағаны сөзсіз. Көкейімізге бейқам отыруға болмайтынын, «сақтансаң, сақтаймын», «сақтықта қорлық жоқ» деп кез келген жағдайға тас түйін дайын болу керектігін дәлелдеп берді.

Еске салсақ, 25 наурыз күні тапа-тал түсте «Зимняя вишня»­ сауда, ойын-сауық үйінде өрт шыққан болатын. Орталықтың төртінші қабатынан басталған қызыл жалын әп-сәтте тұтанып, орталық оттың құрсауында қалған еді. Соңғы мәліметтер бо­йынша, қаза тапқандар саны 64 адам­ға  жеткен. Тағы 50-ден астам адам  ауруханаға  жеткізілсе, із-түзсіз жоғалып кеткендері қаншама. Улы түтінге тұншығып өлгендер­дің арасында, әсіресе, балалардың көп екендігі айтылады. Тіпті, Трещевский ауылынан келген бүтін бір сыныптың оқушылары да болуы мүмкін деген ақпар тарап отыр. Ал соңғы деректерде қайғылы жағ­дайдан Павлодар  тұрғыны,  57 жастағы Марина Баранова да көз жұмған. Ол Ресей азамат­тығын алғанымен, Павлодарда жұбайымен тұ­рып, сонда жұмыс істеген. Ал бұл уақытта еңбек дема­лысына шыққан соң, Кемеровода  тұратын қызына қонаққа барған  екен.

Куәгерлердің айтуынша, төртінші қабаттан шыққан өрттен адамдар сыртқа­ шықпақ болғанда, күзетшілер басқа баспалдақтан түсулерін сұрап, өткізбеген көрінеді. Өрттен қашып, сыртқа шығуға ұмтылғандар бір-бірін таптап, енді біреулері терезеден секі­ріп түскен. Өйткені өрт бола қал­ған жағдайда жұмыс істеуі қажет қо­сымша есіктер бұл уақытта жабық бол­ған көрінеді. Бүгінгі таңда бір сәтте ресейліктерді есеңгіретіп тастағ­ан қай­ғылы­ оқиғаға қатысты 4 адам қамалды.

– Тергеушілер күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Куәгерлер мен зардап шеккенд­ер сұралуда. Сауда орталығының қожайыны мен жалға алғандар да тер­геу­ге  алынды. Қажетті құжаттар тәркі­ленді. Сот сараптамасы тағайындалып жатыр. 4 адам қамалды. Арасында өрт шыққан аумақты жалға алған кәсіпкер мен сауда үйіне қызмет ететін басқарушы компанияның  жетекшісі де бар, - деді  РФ Тергеу  комитетінің  ресми­ өкілі  Светлана Петренко.

Алдын ала болжам бойынша, тілсіз жау ғимараттың жоғарғы қабатындағы батутта кішкентай баланың сіріңкемен ойнауынан тұтанған делінуде. Ал кей­бір деректерде бұл жағдайды жақында ғана президент сайлауы өткен Ресейге әдейі жасалынған қастандық, яғни террорлық әрекет деп те айтылуда. Өйткені бала тәрбиесінде ұқыптылық танытанын орыстардың айдың-күннің аманында 41 бүлдіршінінен айырылып қалуы көңілге күдік ұялататыны рас. Әсіресе кинозалда қалған балалардың есікті аша алмай, телефон арқылы ата-аналарынан көмек сұрағаны түсініксіз. Магнит  есіктердің  не  себепті ашылмай­ қалғанын  орталықтың  басшысы На­деж­да Судденок сотта «мүмкін бұзылып қалған шығар» деп түсіндірген. Ал бес күн бұрын ғана тексерілген дабылды жүйе оқиға болардан 15 минут бұрын сөндіріліп тасталған екен. Сотта «Қор­ғау  орталығы» жекеменшік күзет ұйымын­ың қызметкері Сергей Антюшин үнемі себепсіз ойнаған дабылдан басшы­лық  мезі  болғаннан кейін өшіріп  тастағанын  айтады.

Естеріңізде болса, екі жыл бұрын Алматыдағы Almaty Towers бизнес орталы­ғында осындай өрт болған болатын­. Алты адамның өмірін жал­маған өрт кезінде де бас сауғалағандар жабық тұрған есіктен шыға алмай, тірідей өртеніп кеткен еді. Осы жағдайдан кейін де өрт қауіпсіздігі үшін арнай­ы жүргізілетін тексерулер сол бұрынғысынша, жоспарлы жүрде жаса­лыны­п  келді. Енді  Кемероводағы қайғылы  қасірет  бізге сабақ болғандай. Өйткені, ҚР Премьер-министрі Б.Сағын­таев барлық қазақстандық сау­да  орталығын  тексеруді  тапсырды.­

–  Бұдан сабақ алуымыз қажет. Бұл проблема қазір әлеуметтік желілерде талқыланып жатыр, блогерлер өз ерік­терімен ойын-сауық орталықтарына барып, тексеріп, апат есіктерінің ашық тұрғанына көз жеткізіп жатыр. Осы себепті ІІМ, өртке қарсы қызмет әкімдіктермен бірге сауда орталық­тарын тексеріп, қажетті шараларды қабылдауы  қажет,- деді.

Негізінен жылына бір рет жүргі­зі­летін жоспарлы тексеру бір ай бұрын кәсіпкерлерге хабарланып барып жасалы­нады. Бұл уақытта кей кем­шіліктерін түзеп үлгеретін олар жыл 12 ай жөндеу көрмеген кей құралдарын сол мезетке тап-тұйнақтай даярлап қоятыны жасырын емес. Енді қайғылы­ жағдайдан кейін мұндай тексерулер жоспарсыз да болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар коми­теті­нің төрағасы Владимир Беккер­ айтты.

– Төтенше жағдай комитеті ұсыныс­ әзірлеп  жатыр. Бұл құжат қабылданып жатса, өрт сөндірушілер тексеруді жоспар­сыз жүргізетін болады. Ал, қазір бақылау жүргізу тек жоспарға сай,- деді В.Беккер.

Сондай-ақ премьер­-министр тапсыр­масынан кейін қаламыздағы «Жібек жолы» сауда,­ ойын-сауық орталы­ғы мен «Ағжан»  сауда  орталығы  тексерілді.

Айта кету керек, қайғылы жағдайдан соң Кемеровоның орталық алаңын­да жаппай митинг өтті. Әкім­шілік алдына жиналған 4 мыңға жуық халық губернатор Аман Төлеевтің отстав­каға  кетуін талап еткен. Алайда митинг кезінде губернатордың өзі емес, вице-губернатор Сергей Цивилев шығып, болған жағдай үшін тұр­ғындардан тізерлеп тұрып кешірім сұрады. Ал халық алдына қала мэрі Илья Сердюк шығып, басу айтқанымен, тұрғындар оның да қызметтен кетуін талап етіп, сөзін тыңдаудан бас тартқан. Халық қаза тапқан тұрғындардың толық тізімін көрсетуді талап еткен. Жағдаймен танысу үшін ел президенті Владимир Путиннің өзі келді. Ол сауда орталығында болған өртке қызметкерлердің салғырттығы мен жауапс­ыздығы себеп болуы мүмкін екенін айтып, кінәлілер қатаң жаза­ланатынын  ескерткен.

Ж.ЖҮНІСОВА