Жоспарсыз тексерулер басталып кетті | Print |
12.04.2018 12:14

Жылына қаншама өрт болып, соның салдарынан қаншама адам ажал құшып жатады. Көбіне өрт адам факторының әсерінен, яғни өрт қауіпсіздігі талап­тарын толық сақтамағандықтан болатыны жасырын емес. Жақында ғана Кемеровода болған  қайғылы оқиға да  осының  дәлелі. Төтенше жағдай  туралы  алдын ала дабыл  беретін  құрылғының сол күні өшіріліп тасталуы – адами фактордың айтарлықтай азабы бар екенін көрсетіп тұр. Сондай-ақ қосымша есіктердің сол сәтте жабық тұруы да жүзден аса бүл­діршіндерді бақилық етті.

Осы оқиғадан кейін әлем­нің ақпарат құралдары бұл жағдайдың қайта қайталанбасы үшін адам көп шоғырланатын барлық орындар­ды тексеру қажеттігін жарыса жазды. Бұл іске араласқан еліміздің Премьер-министрі Б.Сағынтаев та жауапты мамандарға еліміздегі барлық ойын-сауық орталықтарына жоспарсыз тексерулер ұйымдастыруға тапсырма берген еді. Осыған байланысты біз де Төтенше­  жағдайлар  департаментінен  жылына  қанша нысан  тексеруден  өтетінін  сұрап білген  едік.

– 2017 жыл көлемінде өрт қауіпсіздігі саласы бойын­ша 1 556 нысан тексеріліп (2016 ж. - 1566), 0,6%-ға азайды. Оның ішінде, ерекше тәртіп бойынша 900 нысан,­ жоспардан  тыс  656 нысан  (бақылау  бағытында 621, прокуратура органдарының тапсырмасы бойынша 28, арыз  бойынша 7 нысан) тексерілді. Тексерулер барысында 3 887 тармақты құрайтын өрт қауіпсіздігі талапта­рының бұзушылығы анықталды,- дейді Қызылор­да  облысы Төтенше  жағдайлар  департаменті бастығы­ның  орынбасары  А.Төлешов.

2018 жылдың есепті кезеңінде 232 нысан тексері­ліпті. Оның 160-сы ерекше тәртіп бойынша, ал қалған­ 72-сі жоспардан тыс тексерілген. Тексерулер барысында­ 732 тармақты құрайтын өрт қауіпсіздігі талаптары­ның бұзушылығы анықталса, өрт қауiп­сiз­дiгi талаптарын бұзған 164 жеке және заңды тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғалып, 649 мың 350 теңге айыпп­ұл  салынған. Ал 2017 жылы салынған айып­пұлдардың жалпы сомасы 20 млн 057 мың 960 теңгеге дейін жеткен. Төтенше жағдайлар департаменті маманы­ның сөзіне сенсек, мұндай айып­пұлдарды, әсіресе, білім беру мекемелері төлейтін көрінеді. Өйткені оларға жылына­  екі  рет  тексерулер   жүргізіледі  екен.

Айта кетейік, 2018 жылдың І  жартыжылдығында ерекше тәртіп негізін­де 614 нысан, ІІ жартыжылдығында 401 нысан тексерілетін болады­. Олардың басым көпшілігін жоғары тәуекел дәрежесіне жат­қызылған (адам көп жиналатын орындар, базарлар, орта мектептер мен балабақшалар) нысандар құрайды­. Қазірдің өзінде бұл тек­серістер басталып кетті. Жақында ғана департ­амент қызметкерлері «Жібек жолы» ойын-сауық орталығын (блогерлердің тексерісінен бөлек) тексеріп, арнайы оқу-жаттығу өткізді.