ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚЫЛМЫС КӨБЕЙІП ТҰР | Print |
12.04.2018 12:19

Соңғы кездері облысымызда криминогенді жағдайлар жиі орын алып кетті. Адамдардың  бұзақылық  жасап, төбелесуі, болмашы мәселе үшін қақтығысып, жаға жыртысуы қалыпты жағдайға айналып бара­ды. Тіпті кейде 1990-2000 жылдардың басындағы «ра­йон» болып жиі төбелесетіндерден «асып түсіп, басып озамыз деп жүр ме?» деген де ой келеді. Алайда қазір –  құқық қорғау қызметкерлерінің барынша күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқан уақыты. Таң атқаннан күн батқанға дейін «форма» кигендер қала тәртібін бақылап жүр.

Әр жерде­ орнатылған камералар, құқық қорғау қызметкерлеріне берілген  су жаңа автокөліктер, оның үстіне соңғы кездері прокуратураның бастамасымен  салын­ған «Полиция» бекеттері, бәрі-бәрі об­лыстағы тәртіпті сақтап, қылмыс санын азайту үшін жасалы­нған. Алайда қанша  жағдай жасалынға­нымен, қоға­мымыз күн өткен сайын­ қауіпті болып барады. «Халық көп шоғыр­ланатын орындарда құқық­бұзушы­лық­тардың алдын­ алу мақсатында жұмыс істейді»  деп  салынған полиция бекеттері­нің  маңында да атыс-шабыс болып жатады. Оны өткенде ғана орын алған атыс оқиғасы дәлелдеп тұр. (Тәртіп сақшыларының қыра­ғылы­ғын осыдан-ақ бағамдай беріңіз). Тіпті, статистикалық деректер де құқықбұзушылықтан гөрі қылмыстың көп екенін дәлелдейді.

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы­  есепке алу комитеті сай­ты­ мәліметтеріне назар салсақ, өткен жылы облысымыз бойынша тіркелген 8333 (2016 жылы – 9367, оның 8662-сі – қылмыс) құқықбұзушылықтың 7248-і – қылмыс (оған Байқоңырды қоспай­сыз, онда  өз  алдын­а  486  құқықбұзушылық тіркелген) болған. Тіркелген 8333 құқық­бұзушылықтың  2434-і әйел­дерге, 61-і жасөс­пірімдерге, 35-і мектеп оқушы­ларына, 10-ы колле­дж студенттеріне және т.б. қарсы жасалынса, барлық қылмыстың 25-іне құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тікелей  қатысы  болған.  Яғни 25 қылмыс бізді қорғайды, тәр­тібімізді сақтайды деген қыз­меткерлердің қатысуымен бо­лып­  тұр. Олардың ішінде төтенше жағдай департаменті (1), прокуратура (1), сот (1), ұлттық қауіпсіздік (3) қызметкерлері де бар. Ал бір ішкі істер департаменті қызметкерімен жаса­лын­ған қылмыс байқаусызда адам өлімімен  аяқталған.

Жоғарыда аталған барлық көрсеткіштің тең жартысынан астамы, яғни 5659-ы Қызыл­орда қаласына тиесілі. Бұл қылмыстың әлі де болса облыс орта­лығында өршіп тұрғанын көр­сетеді. Сондай-ақ қылмыстың өршуі Қазалы (603), Шиелі (456), Жаңақорған (374) аудандарында сейілмей тұр. Осылардың ішінде адам өлтіру фактіле­рі облыс бойынша 28-ге жетсе, соның 21-і қалада болған екен. Бұл Қызылорда қаласында өткізілетін профилактикалық шара­лар­дың әлі де бол­са­ әлсіз екенін аңғар­та­тындай.