МАХАТОВТЫҢ «МЫРЗАЛЫҒЫ» | Print |
03.05.2018 11:21

Қандай жағдайда да ар-ұяттан аттамай, ешкімге кек сақтамай, кешірімшіл бола білетін, халықтың қамын ойлап, ақиқатын айтатын, сөзімен емес, ісімен өнеге көрсететін әкім ғана халықтың алғысы мен үлкеннің батасын алатыны сөзсіз. Ал елдің жайын екінші орынға қоятын, өзгелерден қызғанып, өзі ғана жегісі келетін әкімге кім бой түзеп, арқа сүйейді дейсіз?

Шаруаның тізгінін ұстатып, «ел ағасы» деп саналған олар ертең ел есінде қай ісімен қалады деп ойлайсыз? Әрине, қай бағытта жұмыс істесе, сол ісімен көптің көкейінде қалмақ. Бұлай деуімізге өткен аптадағы Әдеп кеңесінде Арал қаласының әкімі Б.Махатов пен оның орынбасары  Р.Жанаевқа қатысты  қаралған тәртіптік  іс  себеп болды.

Сәуір айының басында Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығына Арал қаласы әкімі Б.Махатов пен оның орын­басары Р.Жанаевқа қатысты Арал аудандық прокуратурасынан заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныс түседі. Аталған ұсыныс негізінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және  сыбайлас  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасы қызметтік тергеп-тергеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде қала әкімі мен орынбасары жеке тұрғын үй үшін жер учаскесінде 4000-нан астам адам кезекте тұрса да, оны ескерм­ей, кей жеке және заңды тұл­ға­ларға  артықшылықтар  көрсеткені анықталған.

–  ҚР Жер кодексінің 43-бабы 3-тармағында «Жер учаскесіне құқық беру туралы­ өтінішті қараудың жалпы мер­зімі ол  түскен кезден бастап 2 айға дейін­гі  мерзімді құрайды» делінген. Алайда­ азамат Қайназаровтың  қо­сымша жер учаскесін сұраған өтініші Арал  қаласының  әкімдігіне 2014  жылғы 6 ақпанда тіркеліп, аталған өтініш 3 жыл мерзімге негізсіз қаралып, нәтижесінде әкімдіктің 2017 жылғы 21 ақ­пандағы шешімімен қанағаттандырылған. Осы тектес заңдылықты бұзушылықтар 37 қала тұрғыны өтініштерін қарау  барысында  орын  алғандығы  анық­тал­ып  отыр, -  деді департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы ба­қылау басқармасының басшысы Қуа­ныш  Әбілдаев.

Сондай-ақ  аталмыш  кодекстің 37-бабының 2-тармағына сәйкес, өз міндеттерін тиісінше орындаған уақытша өтеулі жер пайдаланушы шарт мер­зімінің аяқталуына 3 ай уақыт қал­ғанда, жазбаша түрде шарттың аяқталатындығы жөнінде хабардар ету керек. Алайда­ азаматша Рановаға табысталған уақытша өтеулі жер пайдалану құқы­ғының мерзімі 2014 жылдың 17 ақпанында аяқталуына қарамастан, жаңа мерзімге  құқық  табыстау  жөнінде  2017 жылдың 23 мамырында әкімдікке өтініш берілген. Қызығы сол, өтініш сол жылдың 5 маусымында қанағат­тандырылып, 1 жыл мерзімге негізсіз ұзартылған. Әрине, шалыс баспайтын адам жоқ. Қателік кетуі әбден мүмкін. Алайда осы тектес заңбұзушылықтар әкімдікпен 15 азаматтың шешімдерін ұзарту барысында да орын алған. Ал ең сорақысы – жер учаскесін заңсыз иеленіп  алып, онда құрылыс жұмыс­тарын жүргізген қала тұрғыны Төлемесовтің іс-әрекетіне әкімшіліктің еш­қан­дай шара қолданбауы. Себебі әкім­дікке аталған заңбұзушылық тура­лы­ шара көру үшін 2017 жылдың 30 маусымында хат жолданған. Өйткені ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 136-бабында «мемлекеттік жер учаскелерін заңсыз иеленіп алу үшін әкімшілік жауапкершілік қарал­ған» делінген. Дегенмен, қала әкімі құқық бұзушы Төлемесовке қозғалған әкімшілік істі 2 айдан астам уақыт бойы қарамаған. Бұл туралы Қ.Әбілдаев «Құқық бұзушыны әкімшілік жауап­тылыққа тарту мерзімін өткізіп, құқық­қа сыйымсыз  қолдау  көрсеткені анықталып  отыр»  деді.

Ал қала әкімінің орынбасары Р.Жана­ев  болса, жаңа мерзімге құқық табыстау жөніндегі жер комиссиясының  төрағасы  ретінде  жоғарыда  аталған қала тұрғындарына табысталған уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы мерзімінің аяқталуына қарамастан, заңға қайшы болса да, ұзартып беріп отырған.

Сонымен қатар қазіргі таңда Арал қаласында 4451 азамат жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұр. ҚР Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген жеке тұрғын үй құрылысы үшін  учаскелеріне құқықтар беру туралы­ қағидасының 3-тармағы 30-тармақшасында «Бөліп беруге арналған алаңдар болған кезде жалпы тізімдегі кезектілік сақтала отырып, өтініш беруш­іге алаңдар дайын болған күннен бастап 1 ай ішінде өтініш беру қажет­тілігі туралы хабарлама беріледі» делінге­н. Алайда бұл заңдылық та сақтал­маған. Әкімдікке түскен өтініш­тердің бірқатарына кезектілік сақталмай-ақ жер учаскелері берілген. Осындай­ заңбұзушылықтар жіберген басшыларға кеңес төрағасы да, оның мүшелері де жер мәселесінің өзекті екенін, осы үшін пара алып, сыбайлас жемқорлық қылмыстарына барып, сотталы­п жатқан жас басшылардың да бар екендігін ескертті. Ал өз кезегінде әкім мен оның орынбасары, кінәларын мойындап, кей қателіктерін түсіндіруге тырысты. Дегенмен, кеңес отыры­сына қатысқан атқарушы орган өкілі өз уәжін  айтты.

– Қозғалып отырған мәселе өте өткір. Себебі жердің кезегінде тұрған адамдардың саны өте көп. Оны баршаңыз білесіздер. Ал бұл жерде кезектен тыс беріліп  кеткен бұл әрекет мысалдарынан кейінгі 4000 адамның құқығы бұзылып отыр. Сол себепті мемлекеттік қызметші тарапынан, әсіресе елді мекен басшыларының тарапынан, мұндай қателіктің жіберілгендігі дұрыс емес. Жекеленген 15 тұлғаға артықшылық көрсетіліп тұр. Төлемесовті әкімшілік жауаптылықтан босатып отырғаны кешірі­летін мәселе деп ойламаймын. Себебі­  міндет жүктелген. Оны орындау керек. Сол үшін берілген екі ай жеткі­лікті  мерзім  болған деп  есептеймін. Сондықтан ҚР мемлекеттік қызмет туралы­ заңына сәйкес жауаптылық­тары қаралып, тиісті жазаларын алуы керек, - деді Қызылорда облыстық прокура­турасының басқарма аға про­куроры Ш.Есжанов.

Осыдан кейін Әдеп кеңесінің төрағасы А.Мұхимов тәртіптік теріс қылығы үшін екі азаматқа ҚР Мемлекеттік кызмет­  туралы заңының 50-бабының 1-тармағына сәйкес, қызметінен бо­сату немесе қызметіне толық сәйкес емес деген тәртіптік жазалардың соңғы нұсқасын дауысқа салды. Бұл ұсынысты­ кеңес мүшелері толығымен қолдап, бірауыздан қабылдады.

Мұнан кейін Қызылорда облысының  білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Е.Қарабалаев депар­тамент қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізген талдау жұмыстары туралы айтса,  Қызыл­орда облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Б.Ідірісов өз есебін  баяндады. Ол  соңғы кезде­ әдеп жөніндегі уәкіл туралы мемлекет­тік қызметшілердің жақсы хабардар болып­ жатқандығын, сондай-ақ 2017 жылы уәкіл кеңесіне 33 адам жүгінсе, бүгінде ағымдағы жылдың алғашқы тоқсан­ының қорытындысымен бұл көрсеткіш 63-ке жеткенін айтты. Сонымен­ қатар Қызылорда қаласы, Арал, Шиелі аудандарында пара алу дерегіні­ң өзге аудандармен салыстыр­ғанда жоғары екенін де жасырмады. Осыған орай, кеңес төрағасы БАҚ беттері­ мен интернет желілерінде ақпа­рат­тық  материалдар  жариялап  ғана қоймай, Арал ауданынан бастап Жаңақорғанға дейінгі аралықты аралап, мемлекеттік қызметшілермен кездесу ұйымдастыру  керектігін ескертті.

Кеңес отырысы барысында мемлекеттік органның қызметшілеріне үстем­ақы, материалдық жәрдемақы және сыйақы  беру кезінде құқықтары, ісса­па­р шығындары мен кепілдері сақ­талуы­на жүргізілген талдау қорытын­дысы туралы Қызылорда облысы бойын­ша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Ғ.Қалиев баяндама жа­сады­. Ол өз баяндамасында осы бағыт­та жүргізілген сауалнамаға 191 мемлекеттік қызметшінің қатысқандығын айтып, кей мемлекеттік мекемелерде жоғарыда аталған талаптардың сақ­талмайтындығын  хабарлады.

Ал облыстық мәслихаттың депутаты, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Р.Байназарова еңбек демалысына шығару кезінд­е мемлекеттік қызметшілердің құқықтары сақталуына жүргізілген талдау­ қорытындысын мәлімдеді. Рай­күл Мансұрқызының айтуынша, бұл сауал­нама қамтылған 25 мемлекеттік мекеменің 18-інде (Қызылорда облысы және Қармақшы ауданы әкімдігі, қар­жы, денсаулық сақтау, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, дене шынықтыру және спорт басқармалары, Қызылорда қалалық АХАЖ бөлімі, Қызылорда облы­сы соттар әкімшілігі және т.б.) мемлекеттік қызметшілер кестеге сай еңбек  демалысына  шықпаған.

Жансая  ЕЛУБАЙҚЫЗЫ