ПОЛИЦЕЙ ӨНДІРІС МАТЕРИАЛДАРЫН БҰРМАЛАҒАН | Print |
11.10.2018 11:08

Облыстық прокуратура әкімшілік істер бо­йынша қабылданған шешімдерді зерделеу барысында полиция қызметкерінің әкімшілік өндіріс материалдарын бұрмалау фактісін  анықтады.

Нақтырақ айтатын болсақ, жергілікті полиция қызметінің полицейі Д.Амангелдіұлы қызметтік автокөлікпен кезекшілікте жүрген кезін­де қаладағы дүкендердің бірінің тұсында тоқтап тұрған «Hyunday Accent» маркалы авто­көлігінің ішінде жүргізу­шісінің сыра ішіп отыр­ғанын байқаған.

Содан жүргізушіні медициналық куәландырудан өт­кізу үшін облыстық наркология орталығына алып барып, «жеңіл дәрежедегі» масаңдығы туралы қорытынды алған. Мұнысымен қоймай, әкімшілік құқықбұзу­шылық туралы іс бойынша дәлелдемелерді бұр­малау мақсатында жүр­гізушіге көпқабатты үйлердің арасын­а авто­көлікті өзі басқарып кіргізуін талап еткен.­ Айтылған талапты орындаған сәтте, полицей автокө­лікті тоқтатып, масаң күйде бас­қарғаны үшін әкімшілік құ­қық­бұзушылық  туралы хаттаманы   толтырған.

Облыстық прокуратурамен сот қаулысын зерделегеннен кейін ЖПҚ қызметкеріне қатысты материалдар алдымен СДТБТ-не Қылмыстық кодекстің 416-бабының 2-бөлігімен тіркеліп, сотқ­а дейінгі тергеп-тексеру жүргізу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қызылорда об­лысы бойынша депар­таментіне жолданған. Кейіннен сот үкімімен Д.Амангелдіұлына әкім­шілік құқықбұзушылық туралы іс бойынша дә­лелдемелерді бұрмала­ғаны үшін ҚР Қылмыстық  кодекстің 416-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған. Ал Қызылорда қаласының  мамандандырылған әкімшілік сотының қау­лысымен жүргізушінің әрекетінде құқықбұзушылықтың құрамы бол­мауы­на байланысты әкім­шілік іс қысқар­тылған.